2024 жылғы 1 қаңтардан бастап төлқұжат пен жеке куәлікті алған кезде азаматтарды міндетті саусақ ізін тіркеу енгізіледі
Саусақ ізін тіркеу-бұл саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу. Елімізде міндетті саусақ ізін тіркеу 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады.
Саусақ ізін тіркеудің мақсаты-адамның мүдделерін қорғау, оның заңды құқықтарын, денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
12 жасқа дейінгі балалардан басқа, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің саусақ іздері тіркеуге алынады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалардың саусақ іздері ерікті негізде тіркеледі.
Саусақ іздерін алу ХҚКО-ларда жеке куәліктерді, құжаттарды, шетелдіктің тұруға ықтиярхаттарын және азаматтығы жоқ адамның куәліктерін ресімдеу кезінде жүргізілетін болады.
Міндетті саусақ ізін тіркеуден өтуден бас тартқаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 443-1-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қазақстан Республикасы азаматтарының міндетті саусақ ізін тіркеуден өтуден бас тартуы екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың міндетті саусақ ізін тіркеуден өтуден бас тартуы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарып жіберуге әкеп соғады. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың міндетті геномдық тіркеуден өтуден бас тартуы бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Саусақ ізін тіркеудің артықшылықтары айқын. Біріншіден, саусақ ізін тіркеу заңсыз құжаттар жасалуда қауіпсіздік жүйесін жақсартады. Екіншіден, құжаттар жоғалған кезде оларды қалпына келтіру рәсімінде әлдеқайда жылдам болады. Үшіншіден, заманауи смартфондар арқылы мемлекеттік қызметтерді қашықтықтан алуды одан әрі дамыту мүмкіндігі пайда болады.
Саусақ іздері тіркеуден өткен Қазақстан азаматтарының дактилоскопиялық ақпараты иесіздендірілетін болады, яғни деректер базасында саусақ іздерінің цифрлық моделі мен бірегей идентификатор ғана қамтылатын болады, онда ТАӘ мен ЖСН дербес деректері болмайды.
Жүйенің құрылымы мен архитектурасының арқасында оларды иесіздендіру автоматты түрде жүреді. Қазіргі уақытта уәкілетті орган жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптары сәйкестігіне сынақтар жүргізуде.
[xfvalue_img]