Жамбылда тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен пәтер аламын деп 15 миллион теңгеге алданды
Жамбыл облысының он бір тұрғыны полицияға алаяқтық дерегі бойынша арызбен жүгінді. Жәбірленушілердің айтуынша, 2023 жылғы наурыз бен шілде айы аралығында ақшалай сыйақысы үшін танысы мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер сатып алуға көмектесуге уәде берген, бірақ берген уәделерін орындамаған.
Азаматтар күдіктіге сеніп тапсырған ең төменгі ақша көлемі - 800 мың теңге болса, ал ең жоғарғы ақша көлемі - 3 миллион теңге болған. Жалпы шығын көлемі шамамен 15 миллион теңгені құрайды.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде осындай қылмысы үшін бұрын сотты болған облыс орталығының 43 жастағы әйел тұрғынын анықтап, ұстады.
Күдікті өзінің кінәсін толық мойындады, қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сондай-ақ, өңір аумағында осындай қылмыстарға қатыстылығы анықталатын болады.
Жамбыл облысының Полиция департаменті ескертеді: алаяқтардың құрбаны болмау үшін қолданыстағы заңнамадан айналып өту жолдарын іздемей, оның талаптарын орындау керек. Барлық қызметтерді мемлекеттік органдардан алу қажет. Заңды рәсімдерді айналып өту екі тарап үшін де қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
[xfvalue_img]