Полиция полковнигі Тұртаевтың жауынгерлік тәжірибесі
Ауған соғысы кезінде интернационалдық борышын өтеген 20-дан астам солтүстікқазақстандық әскерден кейін ішкі істер органдарына қызметке келді. Солардың бірі – полиция аға сержантынан полиция полковнигіне дейін жеткен Жайнақ Тұртаев.
Ол аққан қан мен нағыз отты өз көзімен көрген. Ауған жерінде Жайнақ Тұртаев авторота бөлімшесінің командирі қызметін атқарып, әуеайлағына жанармай жеткізіп отырған. Автоколонналар дұшмандардың бірінші кезектегі нысаналарының бірі болды. Сондықтан гранатометтің оғынан «камаздардың» тез жанып кетуі оған жақсы таныс. Жасалған шабуылдарға бірнеше мәрте тойтарыс беруге тура келген. Осындай шайқастардың бірінде Тұртаев жараланған офицерді құтқарды. Кейін осы ерлігі еленіп «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
1982 жылы әскер қатарынан келген соң жас жігіт коммунистік жастар одағының жолдамасымен милицияға қызметке орналасты. Еңбек жолын аудан орталығы Пресновка селосында кезекшінің көмекшісі болып бастаған. Кейін уақытша ұстау изоляторында, патрульдік-бекеттік қызметте жұмыс істеді, медициналық айықтырғышты басқарды, ал соңғы бес жылда Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болды. Ауғанстандағы жауынгерлік тәжірибесі құқықтық тәртіпті сақтаудағы қызметін шыңдай түсті.
«Адамның өміріндегі көріп-білгені, тәжірибесі қай кезде болсын қажет әрі маңызды. Ең бастысы – оны қолдана білу, - дейді Жайнақ Тұртаев. – Тоқсаныншы жылдары бейнебақылау жүйесі болмаған кезде құқық бұзушылар қылмыс орнынан қашып, жүгіріп жасырынатын. Бұл ретте дене дайындығы да жақсы болуы қажет. Қызмет атқарған уақытта бұның да көмегі тиді. Тау-тастың арасында болған шайқтастарда кеңестік әскерге әр түрлі мемлекеттерден келген бауырластарыммен бірге болдым. Әр жауынгердің өмірі үшін жауапты болдым. Кейін ішкі істер органдарында басшылық қызметте жүргенде осы тәжірибемді қызметке жаңадан жастарға айтып отыратынмын. Қызметкерлердің әрқайсысы жауапты болуын үйреттім».
Қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметінде кадр жұмысына жетекшілік етті. Оның айтуынша, бұл салада ең қиыны- қызметке адамдарды қабылдау. Бұнда қателік жасауға болмайды. Полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті сақтайды, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Егер ол сенімді ақтамаса, кейін «кадр қызметкерлері» бұл қызметкерді қалайша жұмысқа қабылдады деген сұрақ туындайды.
«Қызмет барысында түрлі жағдайлар кездесті, - дейді Жайнақ Тұртаев. – Біреулердің бұрын жасаған құқық бұзушылықтары болған, бұл жайлы айтпаған. Бұндайларды тексеріс барысында анықтап отырдық. Әңгімелескен кезде адамның ішкі істер органдарына қандай мақсатпен келгелі жатқанын түсіну маңызды болды. Шын мәнінде халық пен мемлекетке қызмет атқару үшін бе әлде қолына билік алу үшін келген бе? Қызметтегі әр қадамы мен әрекетіне жауапты болады ма, жоқ па? Мұндай мәселелерді полиграф болмаған уақытта шешіп отырдық. Үміткердің айналасындағы адамдармен ақпарат алмасып, әрқайсымыздың пәкірмізді тыңдадық».
Қазір Петропавл қаласының полиция басқармасы деп аталып кеткен полиция бөлінісінде Ауған соғысының 8 ардагері қызмет атқарды. Жайнақ Тұртаев жауынгер-интернационалистермен үнемі кездесулер өткізіп, жеке құрам үшін «ерлік сабақтарын» ұйымдастырып отырған. Осылайша жас қызметкерлерді отансүйгіштікке тәрбиелеген.
Жайнақ Балтабайұлы ішкі істер органдарынан зейнет демалысына 2009 жылы шықты. Қазір жеке күзет құрылымдарының бірін басқарып отыр. Біраз уақыт өтсе де Саланг тау шатқалында иық тіресе шайқасқан бауырлас жауынгерлерін ұмытпайды. «Бір-бірімізге қоңырау шалып, жаңалықтарымызды, өмірдегі өзгерістеріміз, балаларымыз жайлы айтып отырамыз. 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күні. Бұл біз үшін маңызды күн. ТМД мемлекеттерінде тұрып жатқан бауырларымның дауыстарын естіп бір марқайып қаламын. Иықтарына погон тағып, Отанына қызмет атқарып жүрген әр адамға, ұжымға осындай мықты әрі берік достық тілеймін. Өйткені тек бірлігі мықты бөлініс қана қойылған тапсырмаларды мүлтіксіз орындай алады».
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]