Қауіпсіз интернет күні: киберқауіпсіздік саласында нағыз шебер болу үшін алты қарапайым қадам
Қауіпсіз интернет күні 7 ақпанда атап өтіледі және қазіргі заманғы киберқауіпсіздік мәселелеріне назар аударуға арналған. Осы күнге қарай «Kaspersky» мамандары сіздің цифрлық кеңістіктегі жеке деректеріңіз бен ақшаңызды қорғауға көмектесетін пайдалы кеңестердің тізімін жасады.
- Есептік жазбаларыңызды бірегей құпия сөздермен және екі факторлы аутентификациямен қорғаңыз
Аккаунттардың ұрлануы көптеген жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін ― ойын кітапханасына қолжетімділікті жоғалтудан бастап жеке деректердің ұрлануына дейін. Көбінесе құпия сөз - бұл есептік жазбада сақталған жеке деректерді алаяқтардан қорғап тұратын жалғыз нәрсе. Сондықтан құпия сөздерге ерекше назар аудару керек.
Ең алдымен, құпия сөздер бірегей болуы керек, әйтпесе бір сервистегі деректердің жария болуы сіздің барлық басқа есептік жазбаларыңызға қауіп төніп тұрғанын білдіреді. Екіншіден, құпия сөздер алаяқтар оларды болжай алмайтындай немесе таңдау арқылы ала алмайтындай етіп ұзақ және күрделі болуы тиіс. Біздің барлығымызда ондаған есептік жазбалар болғандықтан, құпия сөздерді жасау мен есте сақтаудың іш пыстырарлық жұмысын тіркелгі деректерін сақтауды мүмкіндігінше қауіпсіз және ыңғайлы етуге арналған арнайы бағдарлама - құпия сөз менеджеріне тапсырған дұрыс.
Сонымен қатар, оны қолдайтын барлық сервистер үшін екі факторлы аутентификацияны қолдануды ұмытпаңыз. Егер сайтта SMS арқылы немесе тіптен жақсы болатын аутентификация қосымшасы арқылы қосымша растау мүмкіндігі болса, оны қосу сіздің есептік жазбаңызды кез-келген алаяқтан қорғайды.
- Құпиялылық параметрлерін сізге сәйкес келетін деңгейде теңшеңіз
Біз бәріміз әлеуметтік желілерде өмірімізді егжей ― тегжейлерімен бөліскенді ұнатамыз -демалыстағы фотосуреттерден бастап, кеше түнде қандай крафт сырасын ішкенімізге дейін. Алайда, егер сіз тым көп ақпаратпен бөліссеңіз, интернеттегі алаяқтарға қосымша мүмкіндіктер ұсынатын боласыз. Көптеген адамдар үшін әлеуметтік желілерді пайдалану өмірдің ажырамас бөлігі болғандықтан, деректеріңізді қорғаудың ең жақсы жолы — оларға кімнің қол жеткізе алатынын тексеру.
Ол үшін сіз әлеуметтік желінің құпиялылық теңшелімдеріне кіріп, кімге және қандай деректеріңізге (мысалы, хабарламалар, суреттер немесе туған күн) қол жетімді болатынын көрсете аласыз. Кейде бұл теңшелімдерді түсіну оңай емес-мұндай жағдайларда сіз әртүрлі нұсқаулықтар мен құралдарды пайдалана аласыз, мысалы, тегін Kaspersky Privacy Checker, ол теңшелімдердің қандай опциялары қауіп төндіретінін және қайсысы қауіпсіз екенін түсіндіреді.
- Жеке мәліметтеріңізді бейтаныс адамдарға бермеңіз
Адамдар басқаларға, тіпті бейтаныс адамдарға да адал болуға бейім, және алаяқтар оны пайдалана алады. Бейтаныс адамдармен жеке қарым ― қатынастың жарқын мысалы - онлайн танысу сервистері. «Kaspersky» сауалнамасына сәйкес, онлайн танысу қолданбаларын пайдаланатын әрбір алтыншы респондент доксингке ұшырады, яғни олардың жеке ақпараты желіге тарап кетті. Интернетте сөйлесетін бейтаныс адамдармен абай болыңыз, өйткені сіз кіммен қарым-қатынас жасап жатқаныңызды және олардың қандай ниеті бар екенін нақты біле алмайсыз.
- Криптобиржалар туралы не айтуға болады?
Егер сіз осы жылы криптовалютаны және, атап айтқанда, криптобиржаны қолданып көргіңіз келсе, онда дұрыс және сенімді нұсқаны таңдауда мұқият болуыңыз керек. Биржаларды агрегатор сайттарының үшінші тарап рейтингтері бойынша таңдап, ең ірі және танымал рейтингтерге назар аударға жөн. Бұл қандай платформа екенін және оның қандай беделге ие екенін жақсы түсіну үшін өзіңіздің шағын зерттеуіңізді жасаңыз — бұл сіздің деректеріңіз бен ақшаңызды болашақта қорғауға көмектеседі.
- Криптоәмияндар туралы сөйлесейік
Егер сіз браузерлерде кастодиандық емес криптоәмияндарды немесе аппараттық әмияндарды қолдансаңыз, онда сіз сид-фразаны қайда және қалай сақтау керектігі туралы ойлануыңыз керек. Оны компьютердегі жазбаларға жазып қою - бірінші ойға келетін, алайда аса жақсы емес тәсіл, өйткені шабуыл болған жағдайда бұл құпия сөздің таралып кету қаупі бар. Сенімді нұсқа - қатты дискідегі шифрланған және қауіпсіз жадты пайдалану, ол құпия сөзді жоғалтпауға көмектеседі және сонымен бірге оны бұзу және деректерді ұрлау әрекеттерінен қорғайды.
- Жалпы қауіпсіздік кеңестерін зерттеңіз
Криптоәмияндары мен криптобиржаларды қауіпсіз пайдалану әдістерінен басқа, алаяқтардан аулақ болуға және ақшаны үнемдеуге көмектесетін жалпы қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Мысалы, поштаға және мессенджерлерге келіп түсетін сұраулардан ― тым еліктіретін ұсыныстардан, ақшаңыздың сақталу қаупінен және т.б. сақ болуды әдетке айналдыру пайдалы. Сондай-ақ, киберқауіпсіздік сарапшылары қазіргі заманғы қауіптерден хабардар болып, пайдаланушылар үшін де, бизнес үшін де өзекті кеңестермен бөлісетін блогтарды оқуға болады.
[xfvalue_img]