Нұр-Сұлтанда алаяқ әйел жасөспірім баланың миллион теңгеге жуық ақшасын жымқырып кеткен
Елордалық полицейлер дуаны кетіріп беремін деген желеумен кәмелетке толмаған баланың ақшасын иемденіп алған әйелді ұстады.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті «Сарыарқа» ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 40 жастағы әйелді ұстады.
Тергеу барысында күдіктінің Теміртау қаласының тұрғыны екені анықталды. Елордада жүргенде ол үйдің ауласындағы кәмелетке толмаған қызға жақындап, онымен әңгімелесе бастайды. Күдікті әйел 17 жастағы баламен қарым-қатынас жасай отырып, отбасындағы дуаны кетіріп, жақындарымен қарым-қатынасты жақсартып, болашақ өмірін бақытты ететініне уәде берген. Бірақ әйел оның ақысына ақша әкелуді өтінген. Ешнәрседен күдіктенбеген қыз үйден анасының 965 мың теңге көлеміндегі барлық жинаған ақшасын алып шыққан. Ақшаны иемденген әйел қашып кеткен.
Елордалық жедел уәкілдермен жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізу барысында алаяқ әйел Теміртау қаласында ұсталды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталған азаматтың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға, бейтаныс адамдарға сенбеуге ескертеді.
Нұр-Сұлтан қ. ПД Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]