ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және Total Eren S.A Қағидаттар туралы келісімге қол қойды
2022 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Total Eren S.A компаниясы Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр стансасын салу жобасы бойынша Қағидаттар туралы келісім жасасты. Бұған дейін 2021 жылдың 28 қазанда тараптар арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған еді. Бүгінгі келісім атаулы меморандум аясында атқарылған жұмыстың жалғасы. Келісімде энергия жинақтау жүйесін (көлемі кемінде 100МВт/200МВтс) пайдалана отырып, жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасы Жамбыл облысының Мирный кентінің маңында салынатын болып белгіленді. Сондай-ақ Тараптардың жобаны іске асырудағы іс-әрекеттері нақтыланды. Стансаның құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жоба 2024-2026 жж. аралығында толық салынып бітеді деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, тараптар жергілікті мамандарды оқытуға арналған Озық тәжірибе орталығын құруды жоспарлаған. Бұл Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің ірі нысандарын пайдалану және электр энергиясын жинақтау жүйесі саласын қамтитын жоба. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, TotalEnergies EP Kazakhstan мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Себебі, мақсат ортақ – Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету. Сонымен қатар бұл бірлестік «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 2031 жылға қарай жалпы қуаты кемінде 300 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды сәтті іске асыруға мүмкіндік береді.
[xfvalue_img]
30 пікір