Елордадағы Халықаралық мектептің оқушылары виртуалды шындық технологиясы негізінде мобильді қосымша әзірлеп шығарды
Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп оқушыларының сөзінше, дәстүрлі білім беру тәжірибеге қарағанда теорияларға көп жүгінеді. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында олар виртуалды шындық технологиясы негізінде «Accessus» (латын тілінде «қолжетімділік») мобильді қосымшасын дайындады.
Оқушылардың командалық жұмысы STEM (жаратылыстану ғылымдары және инженерия) блогының пәндерін үйренуге бағытталған. Бұл кез келген оқушыға жаратылыстану пәндерін тәжірибе жүзінде қызықты әрі көрнекті етуге мүмкіндік береді.
– Көптеген мектептерде оқушылар тек теориялық білімді алатындықтан, зерігіп, содан оқу үлгерімі төмендеуі байқалады. Жобамыздың арқасында оқушылар ғылыми пәндерді оптикалық материалдар бойынша оқуға мүмкіндік алады. Қазір біз ғылыми патент алу үстіндеміз. Көп ұзамай қосымшаны AppStore және PlayMarket-те іске қосатын боламыз, – дейді команда капитаны Әлібек Сеитов.
Балалардың айтуынша, жұмыстың көп бөлігі идеяны жетілдіруге жұмсалды: топтың бір бөлігі виртуалды көріністер немесе бөлмелер (пайдаланушы эксперименттер жүргізетін жер) жасауға көңіл бөлсе, кейбірі зерттеу материалдарды қарапайым және түсінікті тілде жазып, өзгелері мобильді қосымшаның жұмысын тексеріп, қателіктерін анықтаған. Қосымша – жоғары сынып оқушыларының топтық үлкен еңбегінің жемісі.
– Оқушылар нақты ғылымдардың қағидаттарын жеңіл игере алатын дүние жасадық. Мысалы, жасушалардың құрылымы, ауырлық принципі секілді тақырыптар. Барлық күш-жігерімізді ғылыми салалардағы шығармашылық көзқарас тұжырымдамасын жаңғыртуға және жүйелеуге бағыттадық, – деп түсіндірді 9-сынып оқушысы, қосымшаның техникалық бөлігіне жауапты маман Инсар Тунгушбаев.
Оқушылар алдымен мобильді қосымшаны өз мектептерінде пайдалануды жоспарлап отыр – олар оны 9Б сыныбының физика сабағында сынап көрді.
– Қосымшаның тиімділігін атап өткім келеді: бір роликтің ішінде біз ауырлық заңы және масса ұғымдарымен таныстық, – дейді 9-сынып оқушысы Санжар.
«Accessus» жобасы Solve for Tomorrow республикалық байқауының әділ-қазы алқасының да көңлінен шықты. Оқушылар мобильді қосымшаны жүзеге асыру мақсатында 450 000 теңге көлеміндегі сыйақы алды. 2010 жылы АҚШ-та құрылған Solve for Tomorrow бағдарламасы қазір әлемнің 23 елінде жұмыс істейді.
[xfvalue_img]