Қазақстандық педагогтар баланың мектепте және өмірде жетістікке жету жолдарын көрсетті
Amanzholov University-де "Дарынды балаларға – талантты ұстаз" республикалық педагогикалық олимпиадасы өтті. Оның барысында елдің әр түкпірінен келген 102 мұғалім балаға мектепте ғана емес, өмірде де жетістікке жетуге көмектесетін дағдыларды көрсетті, деп хабарлайды С.Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметі.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен "Облыстық мамандандырылған IT мектеп – лицейі" КММ қабырғасында өткен жыл сайынғы "Дарынды балаларға - талантты ұстаз" республикалық педагогикалық олимпиадасына қатысуға Қазақстанның барлық өңірінен еңбек өтілі бес жылдан аспайтын жас педагогтар келді.
Айта кету керек, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша С.Аманжолов атындағы ШҚУ облыстық дарындылықты дамыту және қосымша білім беру "Дарын" ғылыми-әдістемелік орталығымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Amanzholov University ректорының айтуынша, бұл қадам "Дарын" орталығына түрлі деңгейдегі олимпиадаларды ұйымдастыруда университеттің материалдық-техникалық инфрақұрылымын пайдалануға мүмкіндік береді.
Педагогикалық олимпиаданың қазылар алқасы ретінде республиканың әртүрлі қалаларынан ЖОО оқытушылары, жетекші мектеп басшылары және педагог-практиктер шақырылды.
– Бұл жас мұғалімдерді тартуға арналған маңызды шара. Бір кездері Әл-Фараби мен Ыбырай Алтынсарин бастауында тұрып, болашақ ұрпақтың игілігі үшін қызмет еткен, міне бұл бағыттағы жұмыстарды біздің жас мұғалімдеріміз жалғастыруда. Мектеп білім беру процесін жақсарту үшін өз идеяларын көрсеткен осы олимпиаданың барлық қатысушыларын құттықтаймын. Осындай іс – шаралар барынша көп болсын, - деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Сондай-ақ, "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов құттықтау сөз сөйледі.
- Педагогикалық олимпиада жас педагогтардың дарынды балаларды дамыту аясында тәжірибе, идея, жобалармен алмасу бойынша өзіндік диалог алаңы болып табылады. Елдің болашағы жас педагогтармен бірге мектепке келетін инновациялық идеялармен, құндылықтармен, перспективалармен айқындалады. Бізді қонақжай қарсы алған Шығыс Қазақстан облысына алғысымды білдіремін. Барлық қатысушылар жарады, себебі бірінші кезекте бұл жай олимпиада емес, біліммен алмасу, – деп атап өтті Тимур Нұркешов.
Қазылар алқасының айтуынша, қандай да бір жұмысты үздік деп бөліп жару қиын, себебі әр қатысушының идеясы өз тұғырында бірегей. Десе де, үздік танылған қатарында мектепке дейінгі білім беру сабақтарында домбыра мен басқа да музыкалық аспаптарды қолдану, сабақты қабылдау деңгейін жақсартады. Сондай-ақ, жастар арасында қолданылатын сленгтер мен мектеп оқушыларының қызығушылықтарын қосу. Сонымен қатар, баланы оқуға және дыбыстарды қоюға тарту үшін мультфильмдердегі кейіпкерлерді дыбыстай отырып, қазақ тілінде бейнероликтер әзірлеу және тағы басқалар.
Олимпиада соңында қатысушыларға сертификаттар, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ҚР БҒМ I, II, III дәрежелі дипломдары табыс етілді. Айта кету керек, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қонақтарға арнап Қазақстан педагогтары жұмыстарының кітап көрмесі мен әліппелердің бірегей топтамасын ұсынды.
[xfvalue_img]