Қызылордада түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғанның анасына отынын жарып көмектесті
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің қызметкерлері әлеуметтік аз қамтылған отбасыға көмек көрсетті. Олар жалғыз басты қарт ананың отынын жарып, ауласын тазалап берді және өз қаржыларына азық-түлік сатып әперді.
А. есімді азаматша 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана. Қызын тұрмысқа беріп, енді балаларымның қызығын көремін деп отырған шағында жалғыз ұлы қателікпен аса ауыр қылмыс жасап, соттың үкімімен 11 жыл мерзімге бас бостандығынынан айыру жазасына сотталған. Қазіргі таңда ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеуде. Өлместің күнін кешіп отырған ананың жағдайынан хабардар болған мекеме әкімшілігі азаматтық борышын орындап, қайырымдылық ізгі шара жасауды дұрыс деп тапқан.
«Біз түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан әрбір сотталғанның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайынан хабардармыз, әрқашан зерттеп, сотталғандардың өздерімен сұхбаттасып отырамыз. Біздің мекемемізде аталған жазасын өтеушінің жағдайын естіп, бей-жай қала алмадық. Мекеме қызметкерлерімен ақылдасып, қолымыздан келген көмегімізді көрсетуді жөн деп таптық. Ең қызығы, мекеме қызметкерлері де жұмыстарының қауырттығына қарамастан, ұйымдасып, көмектерін көрсетіп жатыр», - деді мекеме бастығының орынбасары әділет майоры Ж.Есмаханов.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті
[xfvalue_img]