ЕУРОПАДА ЖОҒАРЫ БІЛІМ ҚАЗАҚСТАННАН АРЗАН – ТАЛҒАТ НӘРІКБАЕВ
«Меніңше, студент жоғары білім үшін ақша төлемеуі тиіс. Осы уақытқа дейін Еуропада жоғары білім ақысы арзан болғанына таңғалатын едік. Мысалы испаниялық студенттер жылына бір мың евро төлейді. Қазақстандық кейбір жоо-ларда оқу ақысы одан әлдеқайда қымбат. Испаниялық ректордан оқытушыларының жалақысын сұрағанымда, айына 4-5 мың евро айлық алатынын айтты. Өйткені мемлекет оқу орындарын тікелей қаржыландырып, айлықты да өзі төлейді. Сондықтан олар қосымша шығындарын өтеу үшін ғана студенттен жылына 1 мың евро алады», - деп түсіндірді KAZGUU университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Оның айтуынша, қазақстандық жоғары оқу орындары студентке клиент ретінде қарайды. Шын мәнісінде, университеттің клиенті студент емес – жұмыс беруші. Өйткені нарықта жұмыс берушіге сапалы білім алып шыққан, бәсекеге қабілетті мамандар қажет.
«Менің ойымша, жоғары білімбизнеске айналмауы керек. Студент жоғары білім үшін ақша төлемеуі тиіс. Университет негізінен халқына, еліне қызмет етуі шарт. Университет - коммерциялық емес, әлеумет алдындағы жауапкершілігі бар ұйым. Студенттердің білімі мен тәжірибесін олардың ақшалары есебінен дамыту мүмкін емес. Себебі сапалы білім беруді ұйымдастыруда аз қаражат жұмсалмайды. Сондықтан білім сапасын арттырғымыз келсе, оқытушылардың жалақысын мемлекет тікелей қаржыландыруы керек (Испания, Германия немесе Нидерландыдағыдай), ал университет қаржыландырудың басқа көздерін қарастыруы қажет. Мысалы, КАЗГЮУ жеке ақылы курстарды, біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұсынады, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ Эндаумент қоры бар. Онда біздің түлектеріміз, меценаттар студенттерді оқытуға және университеттің материалдық-техникалық базасын жақсартуға көмектеседі» - дейді Басқарма төрағасы.
Бұл жайлы Талғат Нәрікбаев Қазақстан студенттері Альянсы мүшелері және 100-ден астам жоғары оқу орындарының белсенді жастарымен болған онлайн кездесуінде мәлімдеді.
М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]