КӨЛІКТІК БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ҚАРАМАҒЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ӘРЕКЕТІ ҮШІН ЛАУАЗЫМЫНАН ТӨМЕНДЕТІЛДІ
Елордалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсыным жолданған.
Ұсынымға сәйкес министрліктің жауапты хатшысының 1 маусымдағы бұйрығымен Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Мейрам Конерказов лауазымынан босатылып, бас маманға дейін төмендетілген.
Бұл туралы «ANTIKOR ORTALYGY» алаңында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева хабарлады.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін тікелей басшылары жауапкершілікке тартылады.
Инспекцияның бас маманы Самат Айдаркенов лауазымды тұлға бола отырып, бірнеше рет жүк тасымалдаушылардан пара алған.
Қылмыстық істі қозғауға ел аумағында жүк тасымалымен айналысатын азамат М.-ның арызы негіз болған.
Сотта Айдаркенов пара алу фактілерін толығымен мойындаған. №2 Байқоңыр аудандық сотының үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырып, 26 миллион 250 мың теңге айыппұл салынған.
Айта кету керек, Мейрам Конерказов Самат Айдаркеновті жұмысқа қабылдау кезінде оның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылу фактілерін анықтау үшін тиісті шаралар қолданбаған.
Аталған жағдайларды ескере отырып, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлық әрекеті және ұжымда алдын алу шараларын қабылдамағаны үшін елордалық инспекцияның басшысы лауазымынан төмендетілді.
[xfvalue_img]