Пара беру туралы істер жөніндегі сот-тергеу тәжірибесі туралы
2017-2019 жылдары және осы жылдың 3 айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пара беру фактісі бойынша 915 қылмысты тіркеді. Бұл туралы онлайн-брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Аппарат басшысы Қуаныш Жапақов айтты.
Қ. Жапақовтың айтуынша, соңғы 3 жылдағы динамика, пара берушілерге қатысты қылмыстарды тіркеу фактілерінің өскендігін айғақтайды (2017ж. – 255, 2018ж. – 232, 2019ж. – 342, 2020ж. 3 айы. - 86).
«Пара бергені үшін 586 адам сотталды (2017 ж. – 165, 2018 ж. – 198, 2019 ж. – 187, 3 ай. 2020 ж. - 36). Оның ішінде 147 адамды бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды, 352 адам айыппұлға сотталды, 65 адамға қатысты бас бостандығын шектеу қолданылды», - деді Қ. Жапақов.
Оның сөзінше, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым атқару құқығынан айырылған.
Талдау көрсеткендей, көп жағдайда жеке компания өкілдері пара беруші болып табылады, олар кәсіпкерлік қызметті қолайлы жүзеге асыру немесе мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою мәселелерін лауазымды тұлғаларды парамен сатып алу арқылы шешеді.
Мысалы, 2019 жылы қазан айында "Гренада" ЖШС директоры А. Громченко Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі А. Кисиковқа орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеу бойынша орындалған жұмыстардың актілерін кедергісіз қабылдау үшін 7 млн. теңге сомасында пара бергені үшін бас бостандығынан айырылды (1 жыл).
Ағымдағы жылы 30 наурызда Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотында А. Мұсабекованы босату үшін Шымкент қаласы полиция Департаменті әкімшілік полиция Басқармасының қабылдау-бөлу орнының лауазымды тұлғаларына пара беруде күдіктелген Юсуповаға қатысты үкім жарияланды.
Соттың үкімімен оған мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 400 мың теңге мөлшерінде айыппұл тағайындалды.
[xfvalue_img]