Мемлекеттік органдар адалдық алаңына айналуы тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндеттеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру арқылы қоғаммен ашық диалог орнатылып, азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Адалдық алаңы» жобасы мемлекеттік аппарат пен азаматтар арасындағы көпір деп айтқым келеді. Себебі тұрғындардың өтініш-тілегін қарастырып, «сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – азаматтық борышым» деп қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген қоғам қайраткерлері мен белсенділер тобы ортақ мүдде үшін қарқынды қызмет атқаруда. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында атқарылып жатқан дүниелердің насихатталуы қоғам тұрақтылығына, сөзсіз, игі әсер етеді. Ал дұрыс ақпаратпен қаруланған қоғам жүрер жолынан адаспайды.
Адал жолмен елге қызмет ету – баршамызға жүктелген міндет. Біреудің ала жібін аттап, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тер төкпестен тапқан дүниенің қайырлы болмасы белгілі. Яғни адамды алға жетелейтін ең бірінші – оның бойындағы ізгі қасиеттер. Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және барлық өңірдегі департаменттер жанынан ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылды.
Елордалық департамент жанындағы штабқа ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел жетекшілік етеді. Қалалық штабтың құрамында елімізге белгілі тұлғалар, мәслихат депутаттары, ғалымдар, еңбек сіңірген қайраткерлер елордамызда белсенді жұмыстар атқаруда. Штаб құрылғалы екі ай уақыттың ішінде 58-ден аса еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, 8000-нан астам адам қамтылды. Аудиториялардың барлығы штаб мүшелеріне алғыстары мен ізгі тілектерін жаудырып жатқанын атап өткен жөн. Штаб мемлекеттік, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жоғары оқу орындары, колледждер және орта білім беру мекемелерінде кездесулер өткізді.
«Antiкor ortalygy» ғимаратында штаб жетекшісі және мүшелері Facebook және Instagram әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфир жүргізіп отырады. Тікелей эфирде желі қолданушылары арасында парасаттылық, адалдық пен әділдік құндылықтарын кеңінен талқылап, ақыл-кеңестерін беріп, қойылған сұрақтарға жауап беріп отырады. Бір сөзбен айтқанда, штаб мүшелері әлеуметтік желіде де белсенді деп айтсам қателеспеймін. Бұдан бөлек, «Астана» және Қазақ радиоларына да сұхбат беріп, барлық қала тұрғындарын қамтуды қолға алды.
Департаментпен ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасауға ықпал ететін жағдайларды жою бойынша мемлекеттік органдардың жеке құрамымен кездесу тұрақты негізде жүргізіліп отырады. Біздің қызметке, жемқорлық қылмыстарын анықтау және күресуден бөлек, алдын алу міндеттері де жүктеледі. Бір мысал, қылмыстық тергелуде жүрген азамат жауапкершіліктен жалтару үшін полиция қызметкеріне бірнеше рет пара ұсынған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында полиция қызметкерінің банк картасына 100000 теңге аударған. Бұл жөнінде полиция қызметкері дереу басшылығына баяндап, шұғыл шаралар қабылданған. Пара беру кезінде қызметіне адал, өзгеге үлгі бола білген полиция қызметкерінің адалдығын, кәсібилігін атап өткім келеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыру маңызды міндет екенін атап өтті. Осы орайда еріктілерден құралған «Ізгілік елшісі» жобасы іске қосылды. Жоба жетекшісі – жеке кәсіпкер, «Нұр Отан» партиясы жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Мадина Ажкенова. Еріктілер қаңтар айынан бастап 45 іс-шара ұйымдастырды. Бүгінгі таңда елордамыздағы еріктілердің саны – 5600. Олар мұқтаж жандарға қол ұшын созып, тегін жұмыс жасап, ардагерлер мен қарттарға көмек қолын созуда. Азық-түліктерін әкелуге көмектесіп, дәрі-дәрмектерін жеткізуде. Аулаларын тазалап, басқа да әлеуметтік маңызды істерге өз үлестерін қосуда. «Еріктілер жылы» аясында «Аdal kómek» жобасы қосылды. Енді мемлекеттік мекеменің қызметкерлері, заңгерлер мен адвокаттар «Antikor ortalygy»-нда азаматтарға қолайлы уақытта әр сенбі сайын сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін ерікті түрде тегін заң көмегін көрсетуде (мекенжайы: А.Тоқпанов к., 45).
Сонымен қатар, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес аудан әкімдері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары «Antikor ortalygy»-нда азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін шешуге ықпал етуде. «Рrotecting business and investments» (Бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау) жобасы аясында қазақстандық өндіруші «Эйра Мед» ЖШС және шетелдік «Томас Спейс Скул» ЖШС, «Алем Трейдинг» өкілдерімен кездестік.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мемлекеттік қызметшілерді алдымен уақытша тергеу изоляторларына апарды. Қазір ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «ЕЦ-166/10» РММ қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесін көрсетудеміз. Қоғамға теріс қылығымен зиян келтіргендер, заң бұзғандар, тиісінше, жазаларын темір тордың ар жағында өтейді, бұл – заңдылық. «ЕЦ-166/10» мекемесінде сотталған бұрынғы мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағанын айтып, өкінетіндерін жеткізді. Келген мемлекеттік қызметшілерді заңды бұзбауға, қызметіне адал және жақындарына қорған болуға шақырды. Қазіргі уақытта бұл түзету мекемесінде 379 адам жазасын өтеп жатыр, олардың 58-і – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағандар.
Сонымен қатар агенттікте «1424 Call-орталығы» тәулік бойына жұмыс істейді. Кез келген азамат сыбайлас жемқорлықпен кездескен немесе мәжбүрлеген жағдайда Call-орталыққа хабарласып, барлық мән-жайды айтуға мүмкіндіктері бар. Құпиялыққа кепілдік береміз. Жалпы, жемқорлық фактісі бойынша Call-орталық арқылы 76 өтініш қарастырылды. Оның 5-еуі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелсе, 2 қылмыстық іс сотқа жіберілді, 2 іс бойынша сот үкімі шықты. Айта кету қажет, хабарласқан екі азамат 70 АЕК көлемінде ақшалай сыйға ие болды.
Қоғамдық пікірді назарға алу, сонымен қатар туындаған мәселелерді дер кезінде шешу мақсатында департамент басшылығы күн сайын азаматтарды жеке қабылдау өткізеді. Сонымен қатар Facebook әлеуметтік желісінде кез келген азаматтың өтініш-шағымы қарастырылатынын еске салғым келеді.
Аталған жұмыстар агенттіктің алдағы жұмыс жоспарын айқындап қана қоймай, бұқараның жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруына оң ықпалын тигізуде. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды барынша қолайлы әрі қауіпсіз ету – әрқайсысымыздың міндетіміз. «Көп жұмылса – күш» демекші, біз азаматтардың тарапынан келіп түскен барлық ұсыныс-тілектерді барынша назарға алып, шешу жолдарын қарастырамыз. Игілікке бастар жолда адалдықтың шоқтығы әрқашанда биік. Сол себепті адал қызметпен ортақ міндетке жетеміз.
Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан
қаласы бойынша департамент
басшысының бірінші орынбасары
[xfvalue_img]