«Ақынның қаламы – адалдық алаңы» атты жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Қызылорда облысының әкімі Қуаныш Ысқақов «Ақынның қаламы – адалдық алаңы» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттады.
Облыстық жастар ресурстық орталығында жастар жылы аясында аймақтағы шығармашыл жастардың шабытын шыңдау мақсатында Қызылорда облысының әкімдігі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен «Ақынның қаламы – адалдық алаңы» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды.
Жас ақын Бейбіт Нұрдәулет:
«Ешкім жоқ ақиқаттан асқан әлі,
Ақиқат адалдықтың бас қадамы.
Үміт артсаң қол созып ертеңіңе,
Ертеңгі күн бүгіннен басталады» – деп жырлағандай, шараның мақсаты жастар бойында адалдық пен сенімділікті, парасаттылықты және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, отансүйгіштікті кеңінен насихаттау, жас ақындар шығармашылығына қолдау болды.
Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде Алик Шпекбаев: «Ақыл – жастан, асыл – тастан дегендей, ақыл да, тың идея да жастардан бастау алады. Демек, жемқорлықсыз, жаңа тұрпатты қоғам құру жастардың қолында», – деді.
Шынымен де, мыңжылдығын ойлаған ел саналы ұрпақ тәрбиелейтіні анық.
Мүшәйра қорытындысымен жас ақындар шығармаларын жинақтап, баспаға ұсынып көлемді данада шағын кітапша шығарып, халық арасында парасаттылық құндылықтарын кеңінен насихаттау жоспарлануда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
[xfvalue_img]