Румынияның ірі қалаларында қазақ классикалық музыкасының әуендері қойылды
Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы Академиялық халық аспаптары оркестрі Румынияның ірі қалалары – Бухарест және Констанцада концерттік турне өткізді.
Іс-шара Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) және Румыниядағы Юнус Эмре Мәдениет орталығы тарапынан ұйымдастырылып, Түркияның Мәдениет министрлігі, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы бойынша шетелде қазақ мәдениетін әйгілендіру барысында Қазақстанның Румыниядағы Елшілігінің қолдауымен өткізілді.
Дирижер Дүйсен Үкібайдың жүргізуімен концерттерде әлемдік классикалық авторлар мен танымал қазақ композиторларының туындылары қойылды.
Әнші Талғат Ыдырысов, Гүльмира Тапай және Дәуренбек Аркенов өнер көрсетіп, түркі халықтарының музыкалық мәдениетімен таныстырды. Оркестрмен бірге Әзербайжан, Қырғызстан және Түркияның танымал әртістері сахнаға шықты.
Концерттік бағдарламаға Түркештің «Көңіл ашар», Тәттімбеттің «Сылқылдақ», Құрманғазының «Сарыарқа», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Жаяу Мұсаның «Ақ Сиса», Нұрғиса Тлендиевтің «Әлқиса», Моцарттың «Түрік маршы» және т.б. көптеген шығармалар енгізілді.
Концерттерге өнер қайраткерлері, мемлекеттік органдар, академиялық және іскерлік орта өкілдері, Қазақстан мен Румынияның азаматтары қатысты.
Іс-шара қонақтары қазақстандық музыканттардың кәсіпқойлығын, жарқыраған өзіндік қасиетін, үйлесімділігін және орындауларының тазалығын жоғары бағалады.
Өнер тарихы жолында Тәттімбет атындағы оркестр АҚШ, Ирак, Иран, Оңтүстік Корея, Ресей, Словакия, Түркия, Франция, Чехия, Швейцария және Швеция секілді елдерде концерттер өткізген.
2019 ж. 2-6 тамыз аралығында Қарағанды қ. Академиялық оркестрі Васлуй атты румын қаласының Халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысып, концерттік турнесін жалғастыратын болады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі
[xfvalue_img]