Ақмола облысында басшылардың жеке жауапкершілігі артты
Бірінші басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру – Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өзінің 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында атап өткен міндеттердің бірі болғандықтан, «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жүктелген осы міндетті Ақмола облысында жүзеге асыруды бастап кетті.
Жобаның аталмыш бастамасын қолдап, қазіргі таңда облыстың жергілікті және аймақтық мемлекеттік органдары басшылары мен барлық деңгейдегі әкімдері жекелей жауапкершілік келісімдеріне қол қоюда.
Аталмыш келісім мәтініне сәйкес енді ақмолалық басшылар тек өз қарамағындағы қызметкерлермен әдеп Кодексі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен мемлекеттік қызмет салаларындағы заңнама нормаларын сақталуына ғана емес, сонымен қатар өзінің кәсіби қызметінде ашықтық, қолжетімділік және жариялылық принциптерін ұстануға, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруға шаралар қабылдауға міндеттеледі.
Еске сала кетсек, «Ақмола – адалдық алаңы» жобасының мақсаты тұрмыстық жемқорлықты жою және ақмолалықтарға қолайлы жағдай жасау болып табылады.
Басшылардың дербес жауапкершілігін арттыру мәселесімен қатар аталған жоба шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа әкеп соқтыратын тәуекелдерді анықтап жою, бизнес процесстерді оңтайландыру, бюрократиялық кедергілерді болдырмау, мемлекеттік қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдарға жүгінушілерге қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттік қызметтерді үйлестіру барысында мемлекеттік қызметшілердің халықпен тікелей қарым-қатынастарын азайту мақсатында процедураларды автоматтандыруға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.
Аталмыш іс-шаралар білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету, сәулет, құрылыс және тұрғын-үй шаруашылығы, жер қатынастары, мемлекеттік кірістер органдары мен сот және құқық қорғау органдарын қамтитын болады, ол өз ретінде осы салаларда ашықтық пен халықтың ақпаратқа толықтай қол жетімділігін қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізеді деп күтілуде.
Бір сөзбен айтқанда, аталмыш жоба халықты мазалайтын мәселелерді шешуге бағыттылған нақты істер жобасы болмақ.
Ж.Тоқтар
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша
департаментінің баспасөз хатшысы
[xfvalue_img]
28 пікір