Мемлекеттік тілді меңгеру - борышымыз
ХХ ғасырдың басында Алаш арыстарының бірі Мағжан Жұмабаевтың: «Тіл ұлт үшін ең қымбат нәрсе. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт - тілі болуы. Ұлттың тілінің құри бастауы, ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиіс», - деген сөзінің маңызы қазір арта түспесе, кеміген жоқ. Өйткені тіл - ұлттық сана, ұлттық психологиямен тамырлас. Ертеде жазу-сызу болмаған қазақ халқы үшін тілден қасиетті ештеңе болған жоқ. Ол - тарих, ол - мәдениет, ол - әдебиет, ол - өнер. Қазақ халқы ана тілі мен анасын соншалық қадір тұтатыны да содан болса керек.
Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік тілді меңгеру әрбір қазақстан азаматының борышы» деп жазылған.Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып, бүгін де еліміздегі барлық ұлт өкілдерін біріктіруші басты фактор саналып, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі мәселесі, қазіргі кездің өзінде күн тәртібіндегі көкейкесті мәселеге айналып отыр. «Ұлттық сана - ұлттық тілмен қалыптасады. Өз баласын қазақша сөйлетпеген қазақтың «Қазақ тілі» деп сайрауының еш бір реті жоқ. Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі - тіл.Өзіміз ана тілінде сөйлемейінше, өзге ешкімде бұл тілді құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Бұл мемлекеттік тұрғыдан ұзақ жылдар бойы, ұдайы айналысатын іс. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.», «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде». Елбасымыздың бұл сөздерінің мәні зор, мағынасы терең.
Мемлекеттік тіліміздің дамуы, қолдану аясының кеңеюі тәуелсіздігіміздің негізі, егемендігіміздің алтын тұғыры екені бәрімізге аян. Сондықтан да қазақ баласының қазақ тіліндегі балабақшаға баруына, ана тілінде білім алуына толық жағдай жасалуы керек. «Қазақтың қазақтығының басты белгісі - қазақша сөйлеуі. Үйде де, түзде де. Баласымен де, немересімен де. Досымен де, туысымен де. Бажасымен де, құрдасымен де. Тек осыны жасаған адам ғана өз ана тілін өркендетуге үлес қоса алады. Әсіресе мемлекеттік қызметке қабылданған қазақ қазақша сөйлеуі керек. Болмаса басқа ұлттың өкіліне қалайша мұндай талап қоя аламыз» - деген Елбасымыздың сөзін есімізге берік ұстауға тиіспіз. Елбасымыздың: «қазақ тілі - ғажап тіл. Әсіресе, оның болашағы ғажап. Ең бастысы, біз соны насихаттауды үйренуіміз керек» деген сөзін естен шығармаған жөн. Тіл мәселесі - бүкіл қоғам болып қолға алатын, бұқаралық ақпарат құралдарын, тағы басқа да мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, пәрменді насихат жүргізетін басты бағытымыз болуға тиіс. Осыған уақыт оздырмай, ел болып, жұрт болып жұмыла кірісейік. Жұмыла көтерген жүк жеңіл.
Құжаттамалық қамтамасыз
ету басқармасының бас маманы
Э.Бектемирова
[xfvalue_img]