Көлік министрлігі Қызылорда қаласындағы жаңа әуежайдың артықшылықтарын атады
Қызылорда әуежайының жаңа жолаушылар терминалы экологиялық және технологиялық стандарттарға сәйкес келеді. Нысан жеке инвестиция есебінен салынды.
Жаңа жолаушылар терминалының ерекшеліктерін атап өтер болсақ:
Бірінші. Терминалдың ауданы 3 есеге дерлік ұлғайды (2720-дан 7500 шаршы метрге дейін). Шатыры құстың қанатына ұқсас заманауи әрі ерекше сәулеттік нақыштағы ғимарат екенін атап өткен жөн. Бірінші қабатта (5700 м2) тіркеу орындары, сауда нүктелері мен дәмханалар, ал екінші қабатта (1800 м2) әуе кемесіне тікелей кіруге болатын күту залдары орналасқан. Сондай-ақ транзиттік жолаушыларға арналған алаңдар мен заманауи CIP залы, Duty Free аймағы, дәмханалар, сауда нүктелері, намазханалар, ана мен бала бөлмелері, жүк сақтау бөлмесі, фельдшерлік пункт және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бар.
Екінші. Бұл EDGE экологиялық ғимараттарының халықаралық стандарттарына сәйкес келетін еліміздегі алғашқы аймақтық терминал. Құрылыс барысында энергияны үнемдейтін материалдар пайдаланылды. Терминал ғимараты IATA және ICAO стандарттарына сәйкес келеді және жолаушыларға жайлы Optimum деңгейін қамтамасыз етеді.
Үшінші. Терминал германиялық ThyssenKrupp компаниясының екі телескопиялық өтпе жолымен, NUCTECH тексеру құрылғысы және француздық ALSTEF компаниясының автоматтандырылған багаж беру жүйесімен жабдықталғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ финдік KONE өндірушісінің эскалаторлары мен лифтілері және BEMO неміс компаниясының конструкциялары орнатылды.
Жаңа әуежай еліміздегі ең заманауи және техникалық тұрғыда озық әуежайлардың бірі болып есептеледі.
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]