Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Атырау қаласында жоғары сынып оқушыларымен кездесті
«ҚазжолҒЗИ» ұйымдастырған жол құрылысында жаңа технологияларды енгізуге арналған семинар аясында көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Атырау қаласының жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
2024 жылдан бастап 2030 жылға дейінгі аралықта кезең-кезеңімен жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырымды құрайтын жаңа жол құрылысы жобаларын іске асыру жоспарлануда. Инфрақұрылымдық жұмыстардың кеңеюіне байланысты, автомобиль жолдары саласында білікті мамандарға деген сұраныс жыл сайын арта түсуде.
Сол себепті, биыл «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламасы ашылып, оған 1 мыңға жуық грант бөлінді. Бұл оқушыларға осы мамандыққа грант негізінде түсіп, өз ісінің кәсіби маманы атанып, елдің дамуына елеулі үлес қосуға тамаша мүмкіндік.
Кездесу барысында «ҚазжолҒЗИ» президенті Арман Алибаева Атырау мұнай және газ университетінде «Көлік құрылысы» мамандығының ашылуы жоспарлануда екенін айтып өтті.
Кадр тапшылығын шешу мақсатында «ҚазжолҒЗИ» жол саласы мамандарының Jolshy цифрлық банкін құрды. Jolshy дерекқоры студенттерден бастап сала ардагерлеріне дейін барлық деңгейдегі мамандар туралы ақпаратты қамтыйтын болады. Базада мамандардың біліктілігі, жұмыс тәжірибесі және сертификаттары туралы мәліметтер енгізіледі.
Жұмыс берушілерге мамандардың кәсіби дағдыларын ескере отырып, кадрларды таңдау мүмкіндігі беріледі.
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]