Алматыда Көліктегі қауіпсіздік пен цифрландыру жөніндегі V Еуразиялық форум өз жұмысын бастады
Бүгін Алматыда Көліктегі қауіпсіздік пен цифрландыру бойынша V Еуразиялық форум өз жұмысын бастады. Ол көлік саласының өкілдерін қозғалыс қауіпсіздігі мен цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін талқылау үшін біріктірді.
Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев форумның ашылуында онлайн форматта құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол министрліктің көлік саласын цифрландыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалары туралы айтып өтті. Атап айтқанда, ол өтініш берусіз-ақ азаматтарға жеңілдетілген жол жүру билеттерін автоматты түрде беруге мүмкіндік беретін проактивті форматқа көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Сәтжан Аблалиев жол жабынын қорғау шараларына да назар аударды. Осы тарапта ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жолдарға түсетін жүктемені бақылау мақсатында жүк автокөлігінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған станцияларды орнатуға кірісті.
«Биыл еліміздің бас қаласы - Астанаға кіреберістерде осындай жеті станция орнатылды. Алдағы жылдары олардың санын республикалық жолдарда 70-ке, облыстық және жергілікті автодораларда 150-ге дейін арттыру жоспарлануда», - деп атап өтті Вице-министр.
Форумға ҚР Көлік министрлігінің, ұлттық тасымалдаушылардың, «KAZLOGISTICS» Көлік қызметкерлері одағының, инженерлік жүйелерді өндірушілерінің, ғылыми ұйымдардың, консалтингтік компаниялардың, сондай-ақ, білім беру және коммерциялық емес мекемелердің өкілдері қатысады.
Аталған іс-шара аясында қатысушылар автомобиль және теміржол салаларындағы цифрландыру мен қауіпсіздікті, әуе және су көлігін дамытуды, сонымен қатар, көлік-логистика саласы үшін кадрлар даярлау мәселелерін талқылайды.
Форум екі күнге жалғасып, қатысушыларға тәжірибе алмасуға және көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]