Көлік министрі Алматыдағы ірі көлік инфрақұрылымы нысандарының жұмысын бағамдады
Жексенбі күні Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Марат Қарабаев «Сайран» халықаралық автовокзалына барды. Бас директор К.Мукужанова мен бас инженер А.Қуатбеков ведомство басшысына кәсіпорынның жұмысы туралы айтып берді. Қазіргі уақытта нысан 57 бағыт бойынша қызмет көрсетеді екен, оның ішінде алтауы халықаралық бағыттарда. Бүгінгі таңда ұжымда 100-ге жуық қызметкер бар. Автовокзалда күніне шамамен 200 рейс жүзеге асырылады.
Кәсіпорын қызметіндегі негізгі проблемалық мәселе – алматылық базарлардан келіп, жолаушыларды заңсыз тасымалдайтын жүргізушілер. Бұл өз кезегінде мемлекетке орасан зор материалдық зиян және автовокзалдар мен автостанциялардың, оның ішінде жаңа маршруттарды ашу жөніндегі жұмыстарға нұқсан келтіреді. Ал заңсыз әрекеттерге қатысты бақылаудың болмауы жолаушылар мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Автовокзал өкілдерінің айтуынша, заңсыз тасымалдаушылармен күрес кейбір нормалардағы кемшін тұстарға байланысты тиімді болмай отыр. Сондай-ақ автобус билеттерін қайтару ережелерін де өзгерту қажет.
«Еліміздің экономикалық өсуінің маңызды факторларының бірі –көлік инфрақұрылымын серпінді дамыту және жетілдіру болып табылады. Сәйкесінше, әлеуметтік-экономикалық тіршіліктің іркіліссіз жұмыс істеуі үшін жетілген әрі бәсекеге қабілетті жол-көлік инфрақұрылымы нысандарының болуы ауадай қажет. Сол себепті аталған мәселе үнемі назарымызда», деді көлік министрі.
Әрі қарай Марат Кәрімжанұлы Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарының жұмысын бағамдады. Сөз кезегінде М.Тұрысбеков пен Е.Бегдаиров 2019 жылдан бастап жүзеге асырылған және объектілерді жөндеу бойынша 2024 жылға дейін жоспарланған жұмыстар туралы баяндап берді.
Жобалар шеңберінде Алматы-1 вокзалында жаңа орталық кондиционер орнатылған. Сонымен бірге поездар кестесінің таблосы ауыстырылып, I, II және III жолдардың платформаларына ағымдағы жөндеу, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа лифтілерді орнату, дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау, жылыту жүйелерін тазалау жүргізіліп, өрт дабылы мен өрт сөндіру жүйесінің сорғы станциясын жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ 8 эскалаторды ауыстыру және вокзал ғимаратын, вокзал маңындағы алаңды және қызметтік автотұрақты жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.
Алматы-2 вокзалында перронға асфальт төселіп, өрт қалқандары толық жасақталған. Өрт гидранттары ауыстырылып, модульдік полиция бекеттері, жаңа есіктер мен пандустар орнатылған. Сондай-ақ санитарлық тораптарды күрделі жөндеу және жылу трассасының құбырларын ауыстыру, касса орналасқан залды жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып, жаңа ақпараттық табло орнатылған. Келесі жылы шатырды, №2 және 3 жолаушылар платформаларын жөндеу, сондай-ақ сауда залы мен күту залындағы керамикалық плиткаларды ауыстыру жоспарланып отыр.
Жұмыс сапарының соңында Марат Қарабаев Алматы қаласындағы халықаралық әуежайға барды. Акционерлік қоғамының өкілдері министрге өткен жылдың наурыз айында басталған жаңа жолаушылар терминалын салу жобасының іске асырылу барысы туралы айтып берді. Жұмыстарды келесі жылдың шілде айында аяқтау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жоба 71 пайызға дайын. TAV Airports Holding жобаға 245 миллион доллардан астам инвестиция құйып, оның шеңберінде қазіргі терминалды жетілдіру және жүргізушілер мен жолаушыларды барынша қолайлы жағдаймен қамтамасыз ету үшін паркинг аймағын қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]