Ақтауда жеке балабақша директорлары мемлекеттік қызметшіге сыйлық берген
Бұл туралы қоғамдық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин айтты.
«Ақтау қаласындағы 26 жеке балабақшаның директоры бірігіп 1000 теңгеден жинап, Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысына жалпы сомасы 40 мың теңгеге сауда үйінен сертификат пен торт сыйлаған. Бұл жағдай туралы білім бөлімінің басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өзі хабарлады. Лауазымды тұлғаға сыйлық беруге әрекеттенген 25 балабақша директоры өз іс-әрекеттерін бірден мойындады. Оларға қатысты ҚР ӘҚбК 676-бабына сәйкес әкімшілік хаттама жасақталып, әрқайсысы 345 000 теңге айыппұл төледі. Бір директор бұл әрекетін мойындамағандықтан әкімшілік іс сотта қаралып, директор кінәлі деп танылды. Ол 483 000 теңге айыппұл төледі», деді Біржан Хайруллин.
Осы орайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттiк қызметшiнiң өзiне бағынысты тұлғалардан қандай да бір себептерiне қарамастан сыйлық қабылдауға құқығы жоқ екенін ескертеді.
[xfvalue_img]