Маңғыстауда Шебір ауылының әкімі кәсіпкерлікке кедергі келтіргені үшін 345 мың теңге айыппұл төледі
Бұл туралы Қоғамдық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин айтты.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және Маңғыстау ауданы прокуратурасымен бірлесіп Шебір ауылындағы азық-түлік дүкені иесінің арызын қарады. Өтінішті қарау кезінде Шебір ауылдық округі әкімдігінің күзгі-қысқы кезеңде азық-түлік дүкенінің жұмыс уақытын 23:00-ге дейін, көктем-жаз айларында сағат 23:30-ға дейін негізсіз шектегені анықталды. Осылайша, Шебір әкімдігі кәсіпкерлік субъектісіне кедергі келтірген. Тиісті органдар араласқаннан кейін әкімдік бұрын шығарылған нұсқау хатының күшін жойды. Нәтижесінде, ауылдағы осындай мәселеге тап болған 9 дүкен иесінің проблемасы шешілді», деді Біржан Хайруллин.
Сондай-ақ, Департамент кәсіпкерлерге осы шектеулерді қолдан жасаған әкімдіктің бас маманына «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылғанын айтып өтті. Ал ауыл әкімі лауазымды тұлға бола тұра, кәсіпкерлікке заңсыз араласқаны үшін 345 000 теңге айыппұл төлеген.
Айта кетейік, бизнесті қорғау - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі бағыттарының бірі. Егер, бақылаушы органдардан рұқсат алу, сондай-ақ мемлекеттік қолдауларды алу яғни, кредит, грант, субсидия алу кезінде кездесетін нақты проблемалар мен әкімшілік кедергілерге тап болсаңыз, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлай аласыз.
[xfvalue_img]