СҚО-да қызметкерінің жемқорлығы үшін аудан әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов Мағжан Жұмабаев ауданына жұмыс сапарымен барды. Жақында аудан әкімінің орынбасары Серік Құсанов сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған болатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин әкімнің бұрынғы орынбасары өзінің лауазымдық жағдайын пайдаланып, алдау жолымен жол-құрылыс компаниясының директорын Булаев қаласының көшелерін реконструкциялау бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қаржыландыруды ұлғайту мүмкіндігі бар екендігі туралы жалған ақпарат бергенін хабарлады.
«Бұл факт алаяқтыққа әрекет ретінде танылды, өйткені бұл жұмыс түрін орындау туралы шарт аудан әкімдігімен емес, Булаев қаласының әкімдігімен жасалған, сондықтан шарт бойынша қаржыландыруды ұлғайту сотталушының құзыретіне кірмеген. Апелляциялық сатының шешімі бойынша Құсановқа қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді Дамир Хабибулин.
«Мемлекеттік қызмет туралы» заңымен бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін басшылардың дербес жауапкершілігі қарастырылған. Атап айтқанда, айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін мемлекеттік саяси қызметшілер 10 күн ішінде отставкаға берулері тиіс.
Айдос Жүнісовтың айтуынша, аудан әкімі заң талаптарын сақтаған. Бұл ретте облыс әкімі өзінің қарамағындағы қызметкердің отставкасын қабылдамай, қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданды.
Заңға сәйкес отставкаға кету туралы өтініш мемлекеттік қызметшіні лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға беріледі. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау саяси қызметкерді қызметке тағайындаған тұлғаның құзыреті болып табылады.
[xfvalue_img]