Еліміздегі жылу желілері кезең-кезеңмен жаңғыртылады
Қазақстандағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін жылу желілерін кезең-кезеңмен жаңғырту жоспарланған.
Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты. Ведомство басшысы айтқандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында келесідей шаралар әзірленді.
«Біріншіден, еліміздің өңірлеріндегі жылу желілерін кезең-кезеңмен жаңғырту көзделген. Алғашқы кезеңде, ұзындығы 1,6 мың шақырым жылу желілерін ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл тозу деңгейі 75%-дан астам желілерді құрайды (талап етілетін инвестициялар көлемі 538 млрд теңге). Екінші кезеңде, тозу деңгейі 50%-дан бастап 74%-ға дейінгі жылу желілерін ауыстыру жоспарда бар. Мұндай желілердің ұзындығы 3,7 мың шақырым», деді Қ.Өскенбаев.
Сонымен қатар министр тозу деңгейі 50%-дан төмен желілерді табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары шеңберінде ауыстыру ұсынылып отырғанын айтты.
«Қазір ең алдымен жергілікті атқарушы органдар жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, уәкілетті органның қарауына бюджеттік өтінімді енгізіп, жылу желілерінің жай-күйіне техникалық тексеру жүргізу қажет. Екіншіден, 2024 - 2028 жылдар аралығында 68 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту межеленіп отыр. 26 қалада бұл бағыттағы жобалар мемлекеттік кепілдікпен микроқаржы ұйымдарынан зайымдар тарту есебінен іске асырылады», деп атап өтті ҚР ИИДМ-нің басшысы.
Бұған қоса Қ.Өскенбаев 36 шағын қалада аталған саладағы жобаларды республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен іске асыру көзделгенін айтты. Мәселен, келесі жылы 6 шағын қалада кәріз-тазарту құрылысы жоспарланып, қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Бұдан бөлек халықты тұрғын үймен қамту бойынша да жүктелген міндеттер орындалып жатқаны айтылды. Айталық, 2023 жылы 15,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 143,5 мың тұрғын жай салу межеленіп отыр. Сондай-ақ өңірлерде үлестік қатысуы бар проблемалық объектілердегі жұмыстарды аяқтау мақсатында инвесторларды тарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Республика бойынша барлығы 44 проблемалық нысан бар, оның ішінде 2023 жылы 14 нысандағы жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр.
Ведомство басшысы заңсыз берілген кен орындарын қайтаруға да байланысты жұмыстар іске асырылып жатқанын жеткізді. Мәселен, қазір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен жасалған 87 келісімшарттың 40-ы өз күшін жойып, 47 келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерді орындауына қатысты талдау жүргізіліп жатыр. Өндіруге дайын, бірақ барлауға заңсыз берілген 143 кен орнының 10-ы (лицензиясы/келісімшарты) қайтарып алынды. 25 жер қойнауын пайдаланушыларға міндеттемелердің бұзылғаны туралы хабарламалар жіберілді.
ҚР ИИДМ-нің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
18 пікір