2022 жылғы 9 ақпанда Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаеваға куәлік пен омырауға тағатын белгіні табыс етті
2022 жылғы 9 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 46-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаеваға куәлік пен омырауға тағатын белгіні табыс етті.
Тапсыру барысында Нұрлан Әбдіров Ләззат Қалтаеваның Ортсайлауком жанынан Мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының құрамында атқарып отырған көп жылғы белсенді қызметін, сондай-ақ оның мүгедек адамдардың қоғам өміріне тең құқылы мүше ретінде қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге қосқан үлесін атады.
Сонымен қатар Ортсайлауком Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасы бойынша сайлау заңнамасында партиялық тізімдерді қалыптастыру кезінде енді мүгедек адамдарды әйелдер және жастармен қатар міндетті 30%-дық квотаға қосу жөніндегі норма көзделгенін атап өтті. Нұрлан Әбдіров «Президенттің «Жаңа Қазақстан» саясатының аясында Парламент құрамына мүгедектігі бар адамдарды саяси тұрғыдан көтермелеу еліміздің тең мүмкіндіктер қоғамына қарай ұмтылысының маңызды көрсеткіші болып табылады» - деп атап көрсетті.
Сөзінің соңында Нұрлан Әбдіров Ләззат Қалтаеваға заң шығарушы биліктің Жоғары өкілді органындағы қызметіне табыс тіледі.
[xfvalue_img]