Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотына 10 жыл
Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық соты Қазақстан Республикасының Президентінің 2008 жылғы 25 желтоқсандағы №717 «Қазақстан Республикасының аудандық және оған теңестірілген соттарды қайта құру жөніндегі» жарлығына сәйкес 2009 жылы ірге тасы қаланған болатын.
Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, елордамыздың қарқынды дамуына орай Астана қаласында 2008 жылдың 5 тамызында Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Есіл ауданы құрылды. Азаматтардың жүгінулерін оңтайландыру мақсатында әр ауданнан жергілікті соттар құрылуына сәйкес, сот ғимараты сол кезеңдегі озық технологиялармен жабдықталып, азаматтар мен сот қызметкерлеріне ыңғайлы етіп жасалды. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын толығымен қорғау мақсатында құрылған сот, бүгінгі күнде де өз қызметін оң нәтижелі атқаруда.
Аталған сотта бірінші төраға болып Қазақстан Республикасының Президентінің 2009 жылғы 21 наурыздағы №770 Жарлығымен Тасыров Ерлан Жұмайұлы тағайындалып, өз қызметін төрт жылдан аса уақыт атқарғаннан кейін, Қазақстан Республикасының Президентінің 2013 жылғы 04 қыркүйектегі №628 Жарлығымен Құрмантаев Ақболат Ахметұлы тағайындалып, төрт жылға жуық қызмет етті. Алғашында соттың құрамында не бәрі 3 судья қызмет еткен болса, қазіргі таңда 5 судьяны құрап отыр. Бұл дегеніміз сот штатының қажеттілігіне қарай кеңеюін көрсетеді. Біз әрқашанда сотта қызмет етіп кеткен төрағалар мен судьяларға және де сот мамандарына үлкен алғысымызды білдіреміз. Себебі, олардың тек қана осы сотқа емес, тұтастай сот жүйесіне қосқан үлесі мол деп білеміз.
Бүгінгі күнде, сотта сот мәжіліс залдары мен сот қызметкерлерінің жұмыс орны заманауи технологиялармен жабдықталып, 100%-ға компьютерлермен қамтылған. Барлық сот мәжіліс залдарында дыбыс-бейне жазу жүйесі іске қосылған, сондай-ақ электрондық істерді қарауға да мүмкіндігі бар. Соттың мұндай әлемдік стандарттарға сай құрылғылармен жабдықталуы – Есіл ауданының №2 аудандық соты осынау ақпараттық заманның талаптарына толығымен жауап беретіндігін көрсетеді.
Аудандық сот құрылған кезінен қазіргі таңға дейін атқарылған жүмыстар саны аз емес. Осы уақытқа дейін соттың білгір де білікті судьялары көптеген адамадардың өмірі мен денсаулығын, моральдық және материалдық құндылықтарын қозғаған істер бойынша, конституция мен заңнамалардың принциптерін басшылыққа ала отырып заңды да әділетті шешімдерін шығарды. Олардың ішінде тым күрделі және халық арасында резонанс тудырған істер де жетерлік. Айта кету керек, сот қызметінің алғашқы жылдарында жылына 200-ге жетер жетпес қылмыстық істер қаралған болса, соңғы жылдары жылына 700-ге жуық істер қаралып отыр. Осылайша жылына қаралатын істердің едәуір өсімін байқай аламыз. Жалпы алар болсақ сотта, осы күнге дейін 3000-нан астам қылмыстық істер қаралып өз заңды шешімін тапқан.
Қазақстан Республикасының сот жүйесінде ұйымдастырылған көптеген конкурстарда, сайыстарда, сонымен қоса мерекелік іс-шараларда соттың судьялары мен мамандарының үнемі алғыс хаттар мен жүлделі орындар алуы – сот қызметкерлерінің біліктілігінің айқын белгісі.
2018 жылғы 5 қазанда Президентіміз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»- атты жолдауында соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтасыз етуді тапсырған болатын. Елбасшымыз қойып отырған мұндай маңызды міндетті, сот өз қызметін бастаған кезінен бастап орындап келеді. Дәлірек айтсақ, сот ашықтық және жариялық қағидаларын басшылыққа ала отырып - ашық есік күндері, веб-сайттарда сот жайлы барлық ақпараттардың қол жетімділігі, жеке және заңды тұлғаларды ешқандай қиындықсыз күнделікті төрағаның жеке қабылдауы сияқты жұмыстарды жүзеге асыра отырып, хылықпен тығыз байланыста қызметі өрбуде. Халыққа қызмет – басты міндет екендігін әрқашанда назарда ұстайды.
Сотта ҚР Жоғары сотымен әзірленетін пилоттық жобалар кезең-кезеңмен енгізіліп, тәжірибеде қолданылып отырады. Мәселен, қазіргі таңда қолданыстағы пилоттық жобалардың бірі ретінде – «Сот актілерін түсіндіру»- жобасын айта аламыз. Сотта барлық судьялармен сот актілері 100%-ға түсіндірілуде. Бұл пилоттық жоба өзінің тиімділігін көрсетуде, себебі халыққа сот актілері түсінікті, ал апелляциялық шағымдар саны азайған. Сондай-ақ айта кету керек, сот ғимаратынан медиаторларға арнап арнайы кабинет бөлінген, бұл өз кезегінде татуласу рәсімдерінің көбеюіне оң ықпалын тигізіп отыр.
Осылайша, көзді ашып жұмғанша сотқа 10 жылда толып қалыпты. Атқарылған жұмыс саны аз емес, жеткен жетістіктерімізде қуантарлық. Алдағы мақсат - Елбасымыздың берген тапсырмаларынан, Ұлт жоспары, Цифрлы Қазақстан, Рухани жаңғыру бағдарламалары аясында жасалған «Соттың жеті түйіні»- жобасын барынша тәжірибеде қолдану және сотқа толығымен енгізу, еліміздің сот жүйесін модернизациялауға барынша ықпалдасу, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және экономикалық даму секілді негізгі Конституциялық қағидаттарды басшылыққа ала отырып қызмет ету.
[xfvalue_img]
29 пікір