Орал қаласында мамандандырылған ХҚО ашылды
Бүгін Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында автокөлік жүргізушілеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) ашылды. Енді оралдықтар автомобиль көлігін тіркеу және жүргізуші куәлігін алу/ауыстыру бойынша мемлекеттік қызметтерді осы жерден ала алады.
Бұл еліміздегі 15-ші мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы. Оның ашылу салтанатына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов және Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
«Енді азаматтар небары 90 минуттың ішінде көліктерін тіркеп, жүргізуші куәлігіне 2 сағаттың ішінде қол жеткізе алады. Құжаттардың осындай қысқа мерзімде жасалуы бизнес-процестердің автоматтандырылып, бір кешен аумағындағы қызметтердің ұсынылуының арқасында мүмкін болып отыр. Комиссия тексерісінен де осы ғимараттан шықпай-ақ өтуге болады, психиатр, нарколог сияқты мамандардың арнайы кабинеттері де қарастырылған», - деді Абылайхан Оспанов.
Мамандандырылған ХҚО Орал қаласы Жәңгір хан көшесі, 160 үй мекенжайы бойынша орналасқан. Жаңа ғимараттың ауданы 2500 шаршы метрді құрайды. Мұнда азаматтардың құжаттарын қабылдауға арналған 15 жұмыс орны бар. Сонымен қатар көлік салығын және жол жүру ережелерін бұзған автокөлік иелері айыппұлдарын «Connection point» өзіне өзі қызмет көрсету секторында онлайн төлей алады.
Теориялық емтиханды тапсыру сыныбында бір уақытта 15 адам тестілеуден өте алады. Жүргізуші куәлігін алуға арналған практикалық сынақты үміткерлер арнайы автоматтандырылған автодромда тапсырады. Бұл орайда барлық процестер автоматтандырылған. Жүргізуші қашықтықты өздігінше өтеді, ал электрондық жүйе автоматты түрде бағалайды. Бұл емтихан тапсыру кезіндегі «адамдық факторды» және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толығымен жоққа шығарады.
Айта кету керек, осы жылдың соңына дейін дәл осындай мамандандырылған ХҚО Атырау қаласында да ашылады. Осылайша, мамандандырылған ХҚО еліміздің барлық облыс орталықтарында қызмет ететін болады.
Анықтама үшін: 2018 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстанның мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 161 780 жүргізуші куәлігі берілді және 592 346 автокөлік тіркелді.
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
13 пікір