ЖИ қазірдің өзінде балалық шақтың бір бөлігіне айналды: ЮНИСЕФ цифрлық өзгерістерді қауіпсіз әрі әділ ету жолдары туралы
Алматы, 2026 жылғы 11 тамыз — Жасанды интеллект қазірдің өзінде балалық шақтың бір бөлігіне айналды, ал сапалы әрі инклюзивті білімге қол жеткізу әрбір баланың құқықтарын жүзеге асырудың негізгі шарттарының бірі болып қала береді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен кездесуде ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сөз қозғады.
«Бір қарағанда, жасанды интеллект пен инклюзивті білім беру екі түрлі тақырып сияқты көрінеді. Алайда оларды бір мәселе біріктіреді: қарқынды өзгеріп жатқан әлемде әрбір баланың құқықтарын қалай қамтамасыз етуге болады?», — деп атап өтті доктор Рашед Мұстафа Сарвар.

ЖИ: тыйым салу емес, қауіпсіз пайдалануға үйрету
Балалар қазірдің өзінде ЖИ-ді оқу, ақпарат іздеу, қарым-қатынас жасау және шығармашылықпен айналысу үшін пайдаланып келеді. 10 елдің деректеріне негізделген ЮНИСЕФ талдауына сәйкес, кемінде 20 миллион бала жасанды интеллектті пайдаланып жүр.
Қазақстанда балалардың шамамен әрбір екіншісі интернетке алғаш рет 5–8 жас аралығында қосылады, ал балалардың 92%-ы интернетке күн сайын немесе күніне бірнеше рет смартфон арқылы кіреді. Сонымен қатар балалардың 60%-ы интернетті күн сайын оқу үшін пайдаланады.
Сонымен бірге цифрлық орта кибербуллингтен, онлайн-груминг пен алаяқтықтан бастап, дипфейктер мен балаларды сексуалдық қанауға дейінгі жаңа қауіптерді туындатады. Генеративті ЖИ балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылықтың шынайы бейнелерін және кәмелетке толмағандардың келісімінсіз олардың интимдік бейнелерін жасау үшін пайдаланылуы мүмкін, бұл балаларды қорғау саласында жаңа сын-қатерлер туындатады.
«Жасанды интеллект — болашақтың мәселесі емес. Бұл — бүгінгі күннің мәселесі. Біз инновациялар мен балалардың қауіпсіздігі арасынан таңдау жасамауымыз керек. Біздің міндетіміз — осы екі бағытты да қамтамасыз ету», — деп атап өтті ЮНИСЕФ басшысы.
ЮНИСЕФ-тің пікірінше, балаларға тек шектеулер ғана емес, ең алдымен цифрлық сауаттылық, сыни ойлау және технологияларды қауіпсіз пайдалану дағдылары қажет. ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдалану білімге қолжетімділікті кеңейтуге және жекелендірілген оқытуды қолдауға, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да мүмкіндік береді.
Балалардың цифрлық қауіпсіздігіне жауапкершілік те бір ғана тарапқа жүктелмейді — бұл бағытта мемлекет, мектептер, технологиялық компаниялар, ата-аналар және қоғам бірлесіп әрекет етуі қажет.
Инклюзия: мектепке бару ғана емес, оның толыққанды мүшесі болу маңызды
Кездесудің тағы бір тақырыбы — білім берудегі тең мүмкіндіктер. Қазақстан инклюзивті білім беруді дамыту үшін маңызды негіз қалыптастырды, алайда келесі қадам — қамту көрсеткіштерінен білім сапасына және балалардың білім беру үдерісіне нақты қатысуына көшу.
Бүгінде Қазақстанда мүгедектігі бар 137 434 бала тіркелген, олардың 38%-ы орта білім беру жүйесінде оқиды. Бұл деректер балалардың білім алуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін қолдау жүйесін одан әрі дамытудың маңыздылығын көрсетеді.
«Инклюзия — бұл баланың мектепте болуы ғана емес. Бұл — оның оқу үдерісіне қатысуы, білім алуы, өзін мектеп қауымдастығының бір бөлігі ретінде сезінуі және өз әлеуетін ашу мүмкіндігі», — деді доктор Рашед Мұстафа Сарвар.
ЮНИСЕФ үшін инклюзияны бағалау кезінде баланың мектептегі орнының бар-жоғын ғана емес, оның қажетті қолдауды алып отырғанын, мектеп өміріне қатысатынын және өзін мектеп қауымдастығының бір бөлігі ретінде сезінетінін ескеру маңызды. Бұл ретте тең мүмкіндіктер әрдайым бірдей шешімдерді білдірмейді: қосымша кедергілерге тап болатын балаларға қосымша қолдау қажет болуы мүмкін.
ЮНИСЕФ сондай-ақ мұндай қолдауды мүмкіндігінше ерте бастау қажеттігіне назар аударады. MICS Kazakhstan 2024 деректеріне сәйкес, 36–59 ай аралығындағы балалардың 68,7%-ы ерте оқыту бағдарламаларына қамтылған, бұл ретте ауылдық жерлердегі көрсеткіш қалаларға қарағанда төмен — тиісінше 64,1% және 71,7%.
Инклюзияны қолдаудың практикалық қадамы
Бұл жұмыстың жалғасы ретінде 2 қазанда Ақтауда UNICEF Caspian Ball қайырымдылық іс-шарасы өтеді. Жиналған қаражат Батыс Қазақстандағы инклюзивті мектепке дейінгі білім беруді және мүгедектігі бар балалардың әлеуметтік инклюзиясын дамытуға бағытталады.
ЮНИСЕФ 2 000 мектепке дейінгі білім беру ұйымына бейімделген дене белсенділігінің заманауи әдістерін енгізіп, шамамен 164 000 баланы қамтуды, 10 пилоттық балабақшаны ассистивтік технологиялармен жабдықтауды және шамамен 10 000 тәрбиешіні оқытуды жоспарлап отыр.
«ЮНИСЕФ-тің басты міндеті — технологиялық, білім беру немесе әлеуметтік сипаттағы кез келген өзгерістің әрбір баланың мүддесі үшін жұмыс істеуін қамтамасыз ету», — деп атап өтті доктор Рашед Мұстафа Сарвар.
[xfvalue_img]
