Конституция – болашақ экономикалық реформалардың негізі
Дәурен Жәңгір — AMarkets компаниясының талдаушысы
Конституциялық өзгерістер экономикаға бірден әсер ете бермейді, алайда олар болашақ заңнаманың, мемлекеттік реттеудің және инвестициялық саясаттың негізгі шеңберін айқындайды. Бизнес үшін жаңа Конституцияның маңызы ең алдымен экономиканы реттеу саласындағы кейінгі өзгерістер арқылы көрініс табады.
Компаниялар үшін үш негізгі бағыттың маңызы ерекше: арнайы құқықтық режимдерді дамыту, цифрлық экономиканы құқықтық реттеуді жетілдіру және қаржы ағындарының ашықтығын арттыру. Инвестициялық ахуал мен Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарына реформалардың ықпалы қабылданатын заңдардың мазмұнына және олардың практикада қаншалықты тиімді іске асырылатынына тікелей байланысты.
Арнайы құқықтық режимдер – реформаның негізгі экономикалық әлеуеті
Конституциядағы негізгі жаңашылдықтардың бірі арнайы құқықтық режимдер тетігін кеңейту болуы мүмкін. Бұрын мұндай режимдер негізінен АХҚО-да және арнайы экономикалық аймақтарда (АЭА) қолданылса, енді елдің әртүрлі өңірлерінде басқарудың, құқықтық реттеудің және қаржылық әкімшілендірудің ерекше қағидалары қолданылатын аумақтарды құруға құқықтық негіз қалыптасады. Бұл инвестициялар тартуға және жаңа реттеушілік тетіктерді сынақтан өткізуге кең мүмкіндік ашады.
Дүниежүзілік еркін экономикалық аймақтар ұйымының (WFZO) деректеріне сәйкес, қазіргі таңда әлемде шамамен 7 мың арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, олардың көпшілігі өнеркәсіптік және технологиялық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналған.
Қазақстан да бұл бағытта өзіндік тәжірибе жинақтады. Бүгінде елімізде 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Оларға 11,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 36 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, 14,8 трлн теңгенің өнімі өндірілді, ал бюджетке түскен салық түсімдері 865,4 млрд теңгені құрады. Бюджеттен салынған әрбір 1 теңгеге 9,4 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта барлық арнайы экономикалық аймақтардың ел экономикасына қосқан үлесі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) шамамен 1%-ын ғана құрайды. Бұл олардың одан әрі дамуы үшін елеулі әлеуеттің бар екенін көрсетеді. Егер жаңа арнайы құқықтық режимдер нақты реттеушілік артықшылықтарға ие болса, олар өңірлік экономиканың жаңа өсу нүктелеріне және ұзақ мерзімді инвестициялар тартудың тиімді алаңдарына айналуы мүмкін.
Қай салалар көбірек пайда көреді?
Жаңа арнайы құқықтық режимдер ұзақ мерзімді әрі болжамды бизнес жүргізу жағдайлары ерекше маңызды болып саналатын салаларға барынша оң әсер етуі мүмкін. Ең алдымен бұлар – өнеркәсіп, логистика, энергетика және цифрлық экономика.
Тіпті қалыпты сценарийдің өзінде тікелей шетелдік инвестициялардың қосымша ағыны 5–10%-ға артуы мүмкін, бұл жыл сайын шамамен 1,5–3 млрд долларға тең. Ал реформалар табысты жүзеге асырылған жағдайда бұл көрсеткіш жылына 4–5 млрд долларға дейін жетуі ықтимал.
Инвестициялардың ең жоғары өсімі көлік-логистика секторында, өнеркәсіпте және энергетика саласында күтіледі. Қазіргі таңда көлік және қоймалау саласына жыл сайын 4 трлн теңгеден астам, ал өңдеу өнеркәсібіне шамамен 2,8 трлн теңге инвестиция салынады. Реформалар тиімді іске асырылған жағдайда 2030 жылға қарай осы салалардағы инвестициялар көлемі қосымша 15–20%-ға ұлғайып, жыл сайынғы өсім 1–1,5 трлн теңгені құрауы мүмкін.
Цифрлық экономика да реформалардың негізгі бенефициарларының бірі болады. Қазақстанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 90%-дан астамы қазірдің өзінде онлайн форматта ұсынылады. Сондықтан цифрлық реттеуді дамыту және дербес деректерді қорғауды күшейту ақпараттық қауіпсіздік, бұлттық инфрақұрылым және деректерді сақтау қызметтері нарығының дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы киберқауіпсіздік нарығы жыл сайын 10–15%-ға өсіп, экономиканың орташа өсу қарқынынан жоғары даму қарқынын көрсетуі мүмкін.
Шетелдік қаржыландырудың ашықтығы: бизнеске қойылатын жаңа талаптар
Реформалардың тағы бір бағыты – шетелдік қаржыландырудың ашықтығын күшейту. Ресми түрде жаңа талаптар, ең алдымен, коммерциялық емес секторға қатысты болғанымен, олар трансшекаралық қаржы ағындарын бақылауды күшейтуге және қаржыландыру көздерін ашып көрсетуге бағытталған жалпы үрдісті көрсетеді.
Бизнес үшін бұл практикалық маңызға ие, өйткені кәсіпкерлікті қолдау, ғылыми зерттеулер, білім беру және орнықты даму салаларындағы көптеген бағдарламалар халықаралық қаржы ұйымдарының, салалық қауымдастықтардың, университеттердің және даму институттарының қатысуымен жүзеге асырылады.
Қазақстанның негізгі халықаралық серіктестері қатарында 11,87 млрд долларды құрайтын 55 жобадан тұратын портфелі бар Дүниежүзілік банк, жалпы сомасы 10,9 млрд еуро болатын 354 жобаны қаржыландырған (қолданыстағы портфелі – 3,14 млрд еуро) Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), сондай-ақ 2026–2029 жылдар аралығында Қазақстанға 5,4 млрд долларға дейін қаржы бағыттауды жоспарлап отырған Азия даму банкі бар.
Ірі компаниялар үшін жаңа талаптар, ең алдымен, комплаенс-рәсімдер мен есептілік көлемінің ұлғаюын білдіруі мүмкін, сонымен қатар реттеушілік айқынсыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Бұл талаптардың әсері халықаралық гранттармен және шетелдік қаржыландырумен жұмыс істейтін ұйымдарда анағұрлым айқын байқалады, өйткені мұндай ұйымдардың әкімшілік шығындары 5–10%-ға дейін артуы ықтимал.
Жалпы алғанда, ашықтықты күшейту ақпаратты ашып көрсетуге және корпоративтік басқару сапасына қойылатын талаптарды арттыруға бағытталған жаһандық үрдіске сәйкес келеді. Бұл факторлар елдің инвестициялық тартымдылығын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі болып қала береді.
Бұл бизнес үшін нені білдіреді?
Жаңа Конституция өздігінен кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарын өзгертпейді, алайда ол алдағы экономикалық реформаларға құқықтық негіз қалыптастырады. Бизнес үшін үш негізгі бағыт ерекше маңызды болады: арнайы құқықтық режимдерді дамыту, цифрлық экономиканы құқықтық реттеуді жетілдіру және қаржы ағындарының ашықтығын күшейту.
Сонымен қатар, реформалар ықпалының ауқымы конституциялық нормалардың өзінен гөрі салалық заңнамаға енгізілетін кейінгі өзгерістерге және құқық қолдану практикасына көбірек тәуелді болады. Дәл осы факторлар жаңа арнайы құқықтық режимдердің нақты бәсекелестік артықшылықтарға ие болуын, цифрлық экономиканы реттеу тетіктерінің қаншалықты тиімді болатынын және жаңа механизмдердің Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра алатынын айқындайды.
Бизнес үшін бұл алдағы заңнамалық өзгерістерді мұқият қадағалау қажеттігін білдіреді. Себебі дәл сол өзгерістер конституциялық реформалардың инвесторлар, кәсіпкерлер және ел экономикасы үшін нақты артықшылықтарға айнала алатынын көрсететін болады.
Болжам: реформа іскерлік ортаны қалай өзгертуі мүмкін
Конституциялық реформаның түпкілікті ықпалы кейінгі заңнамалық өзгерістерге байланысты болатынына қарамастан, бүгіннің өзінде бірнеше ықтимал негізгі үрдістерді бөліп көрсетуге болады.
Біріншіден, егер жаңа арнайы құқықтық режимдер нақты әкімшілік және реттеушілік артықшылықтармен қамтамасыз етілсе, Қазақстан ең алдымен өнеркәсіп, логистика, энергетика және цифрлық инфрақұрылым салаларында жаңа инвестициялық кезеңге қадам басуы мүмкін. Мұндай жағдайда капитал үшін бәсекелестік тек ел өңірлері арасында ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азия және Таяу Шығыстағы басқа да инвестициялық юрисдикциялар арасында өрістейтін болады.
Екіншіден, жаңа арнайы құқықтық режимдердің қазіргі қолданыстағы экономикалық орталықтардың, ірі көлік дәліздерінің және инфрақұрылымдық жобалардың төңірегінде қалыптасу ықтималдығы жоғары. Өйткені дәл осы аумақтарда жеке инвестицияларды тарту және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту үшін ең жоғары әлеует шоғырланған.
Үшіншіден, егер арнайы экономикалық аймақтардың алғашқы буыны негізінен салықтық жеңілдіктер арқылы бәсекелескен болса, жаңа арнайы құқықтық режимдер, ең алдымен, құқықтық реттеудің сапасы бойынша бәсекеге түсетін болады. Атап айтқанда, шешім қабылдау жылдамдығы, мемлекеттік цифрлық сервистердің дамуы, инвесторлардың құқықтарын қорғау және әкімшілік рәсімдердің болжамдылығы негізгі артықшылықтарға айналады. Дәл осы факторлар бүгінде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін ел таңдауда барған сайын шешуші мәнге ие болып отыр.
Сондай-ақ киберқауіпсіздік, деректерді өңдеу және бұлттық инфрақұрылым салаларындағы отандық шешімдерге сұраныстың одан әрі артуы күтіледі. Ақпаратты қорғауға қойылатын талаптардың күшеюіне байланысты цифрлық реттеу экономиканың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналатын болады.
Ең ықтимал болжам бойынша, алдағы екі-үш жыл ішінде негізгі талқылау конституциялық өзгерістерден салалық заңнаманың мазмұнына ауысады. Дәл осы кезең жаңа конституциялық нормалардың бизнес пен Қазақстан экономикасы үшін нақты бәсекелестік артықшылықтарға айнала алатынын айқындайтын басты көрсеткіш болады.
[xfvalue_img]
