Ең ұзақ ота 26 сағатқа созылған – бас-ми нейрохирургі Айдос Молдабеков

Ең ұзақ ота 26 сағатқа созылған – бас-ми нейрохирургі Айдос Молдабеков

 Адамзат шипасын таппай келе жатқан дерттің бірі – қатерлі ісік. 2023 жылдың қорытынды есебіндегі дерек бойынша, елімізде 218 мың науқас онкологиялық есепте тұр. Ал, жыл сайын елімізде 40 мыңдай адамнан қатерлі ісік анықталады. Науқас саны өскен сайын, онымен күрес те дамып, жетіліп отыратыны заңдылық. Осы орайда, Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы Бас-ми нейрохирургия бөлімінің дәрігері Айдос Молдабековпен бұл саланың қазіргі ахуалы, жетістігі туралы әңгіме өрбіткен едік.

- Айдос Есімханұлы, қарапайым адам үшін нейрохирургия, соның ішінде бас-ми нейрохирургиясы деген не? Науқас қалай емделеді? Ота қалай жасалады?

- Біздің бөлім — бас-ми нейрохирургиясы бөлімі. Ми патологиялары, ісіктерге ота жасаймыз. Бұдан бөлек, осы Ұлттық нейрохирургия орталығында тамыр нейрохирургиясы бөлімшесі бар. Омыртқа және перефириялық жүйке жүйесі бөлімшесі, балалар нейрохирургиясы және кіші инвазивті бөлім бар. Дәл біздің бөлім мидың кез келген ісігін, жылауықтарды ота арқылы алып тастаумен айналысады.

- Бас-ми нейрохирургы болу үшін адамда қандай қасиет болу керек деп ойлайсыз?

- Мен белгілі бір қасиет болу керек деп ойламаймын. Табандылық, төзімділік керек, тез шешім қабылдай білу керек. Дәл осы нейрохирругия саласы өте күрделі сала ғой. Сондықтан мұнда үнемі өзін жетілдіріп отыратын, өз ісін сүйетін адамдар ғана қызмет ете алады.

- Өзіңіз осы салаға қалай келдіңіз?

- Мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы – ред.) Төле би ауданы Қаратөбе елдімекенінде 1984 жылы дүниеге келдім. Сол ауылда 2001 жылы қазақша орта мектепті бітірдім. Содан кейін арман қуып Астанадағы медициналық ЖОО-ға түстік. Медицина саласына келуіме нағашыларымның ықпалы болды, олар осы салада қызмет ететін еді. Мен ес біле бастағанда Астанадағы медицина академиясында нағашы ағам оқитын. Соңғы курстарда болды, қателеспесем. Сол кісінің ақ халатпен түскен суреттерін көріп, менің де қызығушылығым оянды. Екінші жағдай, өзімнің туған нағашы атам пульмонолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Қазір зейнетте, 85 жасқа келіп отыр. Сол кісілерге еліктеу, солардай болсам деген арман мені осы салаға әкелді.

 

Фото: кейіпкерден

Соның ішінде осы нейрохирургияға саласын таңдауыңызға не себеп болды?

- Бізде нейрохирургия саласы бұрыннан облыстық, қалалық ауруханалар деңгейінде қызмет көрсетіп келді ғой. 2008 жылы осы Ұлттық нейрохирургия орталығының іргетасы қаланды. Сол кезде енді дамып келе жатқан жаңа әрі өте күрделі сала болғандықтан таңдадым. Себебі, мен өзім әрдайым осындай күрделі, қиын жолдарды таңдап, содан нәтиже шығарғанды ұнататын едім.

- Оталар орташа есеппен қанша уақытқа созылады?

- Қалыпты жағдайда 4-5 сағатқа созылады. Мен оқуды бітіріп, ең бірінші отаға асистент болып кіргенде, 2009 жылы болу керек, ота 16 сағатқа созылды. Күрделі оталар осылай ұзаққа созылады. Біздің орталықтағы рекорд – 26 сағат. Қан тамырлары және функционалды нейрохирургияның меңгерушісі жасаған ота осынша уақытқа созылған. Бірақ, ота ұзақтығымен мақтанатын емес, сәтті өтуімен бағаланатын нәрсе.

Фото: кейіпкерден

- Дәрігер ретінде түрлі оталарды өткізе жүріп қандай адамдардың отасы жеңіл әрі сәтті өтетінін байқадыңыз?

- Бұл салада бір жазылмаған заңдылық бар. Егер науқастың өзі медицина қызметкері болса, оның отасы ауыр болады.

Қателесуім мүмкін, бірақ менің байқағанымда, мінезі ауыр, қырсықтау адамдардың қан тоқтауы да қиын, отасы да ұзаққа созылып кетіп жатады.

Одан кейін, жоғары жақтағы бір танысына қоңырау шалдырып, лауазымды тамыр-танысы арқылы өзін тапсыртып жататын адамдарда қиындықтар жиі туындайды.

Ал бізге түскенде жағдайы өте ауыр болса да, ортаға ешкімді салмай, шын көңілімен сеніп келген науқастың отасы сәтті өтіп жатады.

Қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың қанша пайызы осы бас-ми қатерлі ісігіне душар болады? Белгілі бір статистика бар ма?

- Біздің елімізде жекелей алған статистика жоқ, әлемдік статистика бар. Ол бойынша, жалпы қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың 20 пайыздайы — бас-ми қатерлі ісігіне шалдыққандар. Бас-ми ісіктерінің бірнеше түрі бар: ми қабығынан шығатын менингиома ісігі, гипофиз аденомасы, одан кейін глиальді ісіктер. Әрқайсысының кездесу жиілігі де әртүрлі.

- Бас-ми ісіктерінің ішіндегі ең қатерлісі қайсы түрі?

- Глиобластьома деп айтуға болады.

Фото: кейіпкерден

- Ол неден пайда болатын нәрсе?

- Оның бірнеше себептері бар. Ең бірінші осы иммундық жүйенің төмендеуі. Одан кейін ағзада болатын гендік мутацияларды айтуға болады. Оны қазір гендік деңгейде зерттеп жатыр. Кейде күйзеліс, радиациялық әсерлер, тамақтануға да байланысты пайда болады. Біздің өзіміз білетін эндемикалық («эндемикалық аурулар – белгілі бір жерлерде ғана кездесетін аурулар» — ред.) аумақтар бар. Мысалы Батыс Қазақстанда мұнай зауыттары бар ғой. Ондай аумақ химикаттар өте көп жер болып саналады. Содан кейін бұрын полигон болған Семей өңірінде көп кездеседі.

- Адам бойында осындай қатерлі ісіктер пайда болмас үшін дәрігер ретінде қандай кеңес берер едіңіз? Қалай тамақтанған дұрыс? Қандай пайдалы әдеттер болуы керек?

- Кейде спортшылар да осы дертке шалдығып қалып жатады. Салауатты өмір салтын ұстанған, дұрыс тамақтанған жөн, әрине. Бірақ, бұл өзі генге байланысты. Адамның генінде қатерлі ісікке бейімділік болса, тұқымдарында осындай науқастар болса, ол түбі бір шығуы мүмкін.

- Ұлттық нейрохирургия орталығында басқа қандай күрделі оталар жасалады?

- Ұлттық нейрохирургия орталығы - Орталық Азиядағы көшбасшы клиникалардың бірі. Орталықтың материалдық-техникалық базасы Орталық Азияда теңдесі жоқ және ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Орталықта 94 дәрігер және 196 мейіргер жұмыс істейді.

Бас-ми операциялары 5 категорияға бөлінеді. Осы 5-санаттағы оталар ең күрделісі саналады. Біздің орталықта көбінесе сол бесінші – өте күрделі санаттағы оталар жасалады.

Коллаж: www.topdoc.me

JCI деген халықаралық стандарт бар. Біздің орталық осы Халықаралық Біріккен комиссия (Joint Commission International) аккредитациясынан биыл 4-рет өтеді. JCI аккредитациясы Медициналық ұйымның қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін әлем бойынша обьективті түрде мойындайтын «алтын стандарт» саналады. Осы аккредитациядан ең бірінші болып елімізде Ұлттық нейрохирургия орталығы өткен. Одан кейін қазір Кардиохирургия орталығы, ПІБ ауруханасы секілді 8 клиника қорғады. Бұл стандартқа өту үшін аурухананың инфрақұрылымы ғана емес, құрылғылар, медициналық қызметкерлер біліктілігі – бәрі сәйкес келуі керек.

- Қазіргі уақытта Серік Ақшолақов «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқармасының төрағасы қызметінде. Біз ол адамды бүгінде әлем мойындаған нейрохирург ретінде танимыз. Шебердің шын бағасын шебер ғана бере алады демекші, Серік Қуандықұлының біз білмейтін, ел білмейтін тағы қандай басқа қырлары бар?

- Серік Қуандықұлы мыңнан бір туатын тұлға деп айтар едім. Ол кісінің профессор, Медицина ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, ғылым саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйының лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атақтары бар. Тек медициналық қызметкер емес, менеджерлік қабілеті өте жоғары дамыған, өте коммуникабельді адам. Бүкіл дүниежүзі бойынша әлемге әйгілі дәрігерлермен достық қатынаста. Осы орталық жаңа ашылғанда Серік Қуандықұлының осы қасиетінің арқасында екінің бірінің қолы жете бермейтін атақты нейрохирургтер Астанаға келіп, солардан сабақ алдық. Шеберлік сабақтарын өткізді, практикасымен бөлісті. Қатар жүріп, асистенция жасадық. Тәжірибесін өз көзімізбен көрдік.

Фото: Halyq Uni

Олар Ресейден, Швециядан, Франциядан, Америкадан, Чехиядан келді. Былайша айтқанда, нейрохирургия саласындағы аңыз адамдар ғой. Бүкіл оқып жүрген кітаптарымызды жазған, атында клиникалар бар мамандар. Мұның бәрі Серік ағамыздың іскерлік қабілетінің арқасы деп санаймыз.

Бұрын біздің солтүстік өңірдегі тұрғындар емделу үшін Ресей жаққа кетіп қалатын. Солар академик Н.Н. Бурденко атындағы нейрохирургия орталығына барғанда, «мұндай ота өз елдеріңде де жасалады ғой, Серік Ақшолақов басқарып отырған орталықта бұл отаны жасата аласыздар» деп қайтарып жібереді екен. Бұл көрші ел мамандарының бізді кәсіби тұрғыда мойындауды білдіреді.

- Біздің нейрохирургия саласындағы мамандардың көбі қай елде даярланады?

- Біздің орталықты алатын болсақ, мұндағы мамандардың көбі, тіпті барлығына жуығы өз елімізде оқыған. Астанадағы медицина университетінде, Қарағанды, Алматы қаласындағы медициналық ЖОО-ларды бітірген, қазір осы клиникада қызмет атқарып жатыр. Алайда біздің мамандар үнемі шетелдік озық клиникаларда тәжірибе алмасудан өтіп, білімін үздіксіз жетілдіріп отырады.

- Осы орталық ашылғанға дейін еліміздің нейрохирургиясының жағдайы қалай болған еді?

- Еліміздің нейрохирургиясы туралы айта отырып, КСРО мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, Денсаулық сақтау үздігі, «Алтын скальпель» марапатының иегері, Ұлттық нейрохирургия орталығының құрметті профессоры болған Көжеков Меймантай Көжекович туралы айтпауға болмайды. Атақты нейрохирург Ресейдегі Н.Н. Бурденко атындағы нейрохирургия институтының түлегі. Біздің орталықтағы көптеген нейрохирургтер сол кісіден тәлім алған.

Фото: general.kaznmu.edu.kz

Кезінде Мейментай Көжековтің бөліміне негізделген Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру мемлекеттік институтында бүкіл Одақтан келіп дәрігерлер тәлім алған. Сондықтан бізде нейрохирургия мектебі ерте қалыптасқан деп айтуға болады.

- Әлем бойынша нейрохирургия саласында қай елдер үздік саналады? Қай елдермен біз тәжірибе алмасамыз?

- Еуропа елдері. Француздармен, немістермен, корейлермен тәжірибе алмасып тұрамыз. Бұл салада Америка өте мықты. Жапон мамандарымен байланыстамыз. Егер, белгілі бір маман қайбір елде оқып, білімін жетілдіргісі келсе, сондағы клиникаға хат жазып, тағылымдамадан өткісі келетінін білдіреді. Содан кейін ол орталық біздің елдің азаматына шақырту жібереді. Солайша кез келген әлемдік клиникадан тәжірибе алып қайтуға болады. Басты талап – ағылшын тілін жетік білу.

Фото: кейіпкерден

Сіз өзіңіз шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтіп көрдіңіз бе?

- Германияда бір ай болдым. Одан кейін Италия, Испанияда, сосын былтыр қыркүйекте Барселонаға барып келдім.

Фото: кейіпкерден

Олардан қандай артықшылықтар байқадыңыз?

- Құрылғыларда артықшылық бар. Сосын шығын болатын материалдар жағында тапшылық жоқ. Бізде кейбір материалдар бір-екі рет пайдаланылса, оларда ол тек бір рет қана қолданылады деген секілді.

Қазіргі кезде біздің нейрохирургия саласының мамандары шетелдік науқастарды да емдеп жатыр деген мәлімет алдық. Жылына отандық нейрохирургтер қанша шетелден келген науқасқа ота жасайды?

- Біздің орталықта қазірдің өзінде 400-ден астам шетелдік пациент ем алды. АҚШ, Ямайка, Гвинея, Ұлыбритания, Канада, Франция, Италия, Германия, Мысыр, Орталық Азия елдері, Ирландия, Қытай, Ресей секілді әлемнің 27 елінен науқастар біздің клиникада ота жасатқан.

 Коллаж: кейіпкерден 

Тағы бір айта кететін нәрсе, біздің еліміздің шалғай өңірлеріндегі тұрғындар Астанада осындай үлкен орталық барынан көп жағдайда бейхабар болып жатады. Алғашқы отасын Түркияда не Ресейде жасатып, екіншісінде бізге келеді, сол кезде «неге бірден өзімізде жасатпадыңыз» деп сұраймыз ғой. Сонда, бұндай орталық барын білмегенін, естімегенін айтады. Жергілікті жерде еліміздегі медициналық клиникалардың насихаты жеткіліксіз болғандықтан осындай жағдайлар болып жатыр.

Өткенде елордадағы Назарбаев университетінде қызмет атқаратын Австрия елінің бір азаматы ота жасатты. Шетелдіктердің бізге келуінің бір себебі – біздің клиниканың Joint Commission International аккредитациясынан өткендігі болса, енді бір себебі — біздің елде мұндай ота жасату шетелдегіден арзан болуында.

Фото: кейіпкерден

Біздің елдегі нейрохирургия Орталық Азия елдерінің ішінде қай деңгейде?

- Орталық Азия бойынша алдыңғы орындамыз. Қазір технология дамыған ғой, кей қиын оталар туралы онлайн консультация ұйымдастырамыз. Консилиум өткізу жайлы біраз елдің орталықтарымен меморандум жасалған. Германиямен, Кореямен, Ресейдегі Бурденко атындағы орталықпен қиын оталарды талқылап, ортақ шешімдерге тоқталамыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Ербол Жанат


https://kaz.inform.kz/news/en-uzak-ota-26-sagatka-sozilgan-bas-mi-neyrohirurg-aydos-moldabekov-344d35/

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.