Мәжіліс мопедтердің қозғалысын реттеу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс мопедтердің қозғалысын реттеу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру туралы заң жобасы мен оған ілеспе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. «Масс-медиа туралы» және «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңдар ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылданды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгертулер енгізу жобасы да қабылданды. «Жол жүрісі туралы» заң мен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер бойынша Екатерина Смышляева баяндады. Жұмыс тобы жетекшісінің айтуынша, депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобалары – шағын электрлі және жекелеген көлік түрлерінің қозғалысын реттеу жұмысының жалғасы.  – Жолдардағы мопедтер санының көбеюі және олардың қатысуымен болатын апаттар көліктің осы түрінің қозғалысын реттеу қажеттілігін туындатып отыр. Тек 2023 жылдың өзінде 750 жазатайым оқиға орын алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есеге көп, – деді жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева. Бұл мәселені шешу үшін мопед жүргізушілеріне автокөлік жүргізушілерімен тең талаптар белгілеу ұсынылады. Қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аз мопедтерді мемлекеттік тіркеу де енгізіледі. Әкімдіктерге электр самокаттардың жұмыс тәртібін анықтау құзыретін беру жоспарланып отыр. Жол қауіпсіздігін цифрландыру стандарттары да енгізіледі. Түзетулер көлік құралдарын жүргізуге құқығы жоқ және оны алмаған адамдарға да қатысты. Заң жобасы қабылданғаннан кейін жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, оның ішінде алкоголь немесе есірткі қолданған мас күйінде жауапкершілікке тартылған тұлғалар жеті жылға дейін емтихан тапсыруға жіберілмейді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген заңнамалық түзетулер де бірінші оқылымда мақұлданды. Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, заң жобасы «қоғамдық жұмыстарға тарту» әкімшілік жазасының жаңа түрін реттеуге және оны жүзеге асыру тетігін анықтауға, сондай-ақ заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. – Заң жобасында қоғамдық жұмыстарды 9 бап бойынша қолдану ұсынылады. Мысалы, ұсақ бұзақылық (434-бап), алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу (440-бап), қоғамдық орындарда тиісу (449-бап) сияқты құқық бұзушылықтар. Қоғамдық жұмыс түрлерін және қоғамдық жұмыстар орындалуы тиіс ұйымдардың тізімін әкімдіктер айқындайды. Өз кезегінде ұйымдар тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық жұмыстардың орындалуы туралы есеп беретін болады, – деді Әділет министрі Азамат Есқараев. Сондай-ақ белгілі бір құқық бұзушылықтар, атап айтқанда, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы заңсыз мәмілелерді тіркегені және клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібін бұзғаны үшін қамауға алуды айыппұлмен алмастыру жоспарланған. Денсаулыққа зиян келтірмейтін жазатайым оқиға үшін жүргізуші куәлігінен айырмау ұсынылды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам шақыруға дәлелді себепсіз келмеген кезде күштеп әкелу тәртібі, құқық бұзушылықтың саралануын тек құқық бұзушының жағдайын жақсарту бағытында өзгерту, құқық бұзушылықтарды соттан мемлекеттік органдардың құзыретіне беру бойынша жұмысты жалғастыру сынды өзгерістер де ұсынылды. Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, БАҚ қызметкерлерінің құқықтарын қорғау үшін құқықтардың бұзылуына байланысты БАҚ материалдарына талап қоюдың ескіру бір жылдық мерзімі енгізіледі. БАҚ өтініштеріне жауап беру мерзімі бес жұмыс күніне дейін қысқартылды. Желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктер біртұтас «интернет-басылым» ұғымына біріктіріліп, интернет-басылымдар БАҚ түрінің бірі болады. 2025 жылдан бастап мемлекеттік тілдегі теле-, радиобағдарламалар мен отандық өнім олардың жалпы көлемінің кемінде 55 пайызын, 2027 жылдан бастап 60 пайызын құрауы тиіс. Бұл талап «Масс-медиа туралы» заңға енгізіледі. Шетелдік теле-, радиоарналардың бағдарламаларын қайталап көрсету отандық арналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарады. – Жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылды. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан баспасөз картасы туралы норманы жою бойынша нақты шешім қабылданды, – деді Жанарбек Әшімжанов. Сондай-ақ депутаттар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Таңсәуле Серіковтің айтуынша, ұлттық ғылыми жүйені дамыту тетіктері қарастырылып, Ұлттық ғылым академиясының құқықтық мәртебесі бекітіледі. Зерттеу университеті мәртебесін беру және оны дамыту бағдарламасын бекіту тәртібі де реттеледі. Құжатта кәсіпкерлерді ғылыми жетістіктерді өнеркәсіптік пайдалануға енгізу, оның ішінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға байланысты шығыстар бойынша салық салынатын кірісті азайту жолымен ынталандыру шаралары, сондай-ақ зерттеу университеттері жанынан ғылыми орталықтар құру кезінде салықтық преференциялар беру көзделіп отыр. Мәжіліс «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдап, Сенатқа жолдады. Жұмыс тобының жетекшісі Бақтықожа Ізмұхамбетов Мемлекет басшысы «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» Ұлттық құрылтайының үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Айбын» орденінің әртүрлі дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаев есімдерін беруді тапсырғанын атап өтті. Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ Мәжіліс жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар), заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу және осы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заң жобалары. Бұдан бөлек биологиялық материалмен алмасу туралы келісім мен Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан мен Ресейдің біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау жобаларын да жұмысқа алды. Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады, оның басым бөлігі елдегі су тасқынының зардаптарына қатысты болды. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-каналында жарияланды.    

Мәжілістің Баспасөз қызметі 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.