Интернет сапасын жақсарту, техникалық хабтар ашу және проактивті мемлекеттік қызметтерді кеңейту: Әлихан Смайылов ҚР ЦДИАӨМ алқа мәжілісінің отырысын өткізді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алқа мәжілісінде Қазақстанның одан әрі инновациялық-технологиялық дамуы жөніндегі шаралар талқыланды.
Ведомство басшысы Бағдат Мусин 2022 жылғы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, ХҚКО-ларды жаңғырту және халық пен бизнес үшін жаңа цифрлық сервистерді енгізу, телекоммуникация және аэроғарыш салаларын дамыту, мемлекеттік аппаратты цифрлық трансформациялау және елдің ақпараттық қауіпсіздігін нығайту жөніндегі жоспарлар туралы баяндады.
Атап айтқанда, жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді және коммуналдық шарттарды онлайн форматқа көшіру, тәуекелдерді басқару жүйесінің деректері негізінде бизнесті тексеруді автоматтандыру, инноваторлар мен жер қойнауын пайдаланушылардың өзара іс-қимылы үшін бірыңғай сервисті әзірлеу, e-Health, e-Otinish, e-Gov business, Smart Data Ukimet және т. б. платформаларды дамыту бойынша жұмыс жалғасады.
Сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және Astana Hub IT-стартаптар технопаркінің басшылары баяндама жасады.
Премьер-Министр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басым міндеттерінің бірі азаматтарды сапалы ұялы байланыспен және интернетпен жаппай қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, әзірленіп жатқан «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында қажетті шаралар қабылдануы тиіс.
-- «Бүгінде 5G байланысын енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, бірінші кезекте республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын қамту жоспарлануда. Сонымен қатар өңірлерде байланыс сапасын арттыра отырып, 3G және 4G стандарттарын дамытуды жалғастыру қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы дарынды жастарды IT-секторға тарту үшін технологиялық хабтардың өңірлік экожүйесін дамыту қажеттілігіне ерекше назар аударды.
-- «Өңірлердегі жастарда озық тәжірибені зерделеу және инновациялық ойлауды дамытуға тиісті мүмкіндіктер, сондай-ақ өз идеяларын іске асыру және халықаралық нарықтарға табысты шығу үшін қажетті техникалық инфрақұрылым болуы тиіс. Бұл міндетті шешу үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әкімдіктермен еліміздің барлық өңірлерінде Astana Hub моделі бойынша технологиялық хабтарды ашу және қолдау мәселесін пысықтауы керек», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Қазақстанды цифрлық өңірлік хабқа айналдыру жөніндегі жол картасын әзірлеп, 1 наурызға дейін қабылдауды тапсырды. Онда Еуропа мен Шығыс Азияны ел аумағы арқылы жалғайтын трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдарды («Каспий ТОБЖ», «Батыс-Шығыс» және т. б. жобалар) салу және ілеспе деректер орталықтарын іске қосу жөніндегі қадамдар көрсетілуі тиіс.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Smart Data Ukimet платформасында мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерін орталықтандырудың, проактивті мемлекеттік қызметтер тізбесін одан әрі кеңейтудің, ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдаудың, сондай-ақ ғарыштық технологияларды экономикаға интеграциялаудың маңызды екенін атап өтті.
-- «Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай цифрлық технологиялардың экономикадағы үлесін екі еседен астам ұлғайтуды тапсырды. Осыған байланысты салалық тұжырымдамаларда және мемлекеттік органдардың даму жоспарларында барлық қажетті іс-шаралар көрініс табуы керек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «цифрлық» вице-министрлердің қызметін үйлестіруді күшейтуі тиіс», – деп түйіндеді ол.
https://primeminister.kz/kz/news/internet-sapasyn-zhaksartu-tehnikalyk-habtar-ashu-zhane-proaktivti-memlekettik-kyzmetterdi-keneytu-alihan-smayylov-kr-cdiaom-alka-mazhilisinin-otyrysyn-otkizdi-2602346
[xfvalue_img]
6 пікір