АЛИК ШПЕКБАЕВ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ФОРМАТҚА КӨШІРУ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН БАРЫНША АЗАЙТАДЫ
Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А. Шпекбаев қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасында болып, мемлекеттік кірістер жүйесіндегі процестердің ашықтығы мен тұтынушыға бағдарлануын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстармен, сондай-ақ «Open space» нысанындағы азаматтарды қабылдау жөніндегі жаңа кабинетпен танысты.
Айта кетейік, өткен жылы Мемлекеттік кірістер басқармасы электронды түрде ұсынатын мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейі 92,4% құрады, ал 2020 жылы ол 98,6%-ға тең.
Алик Шпекбаев: «Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру салық төлеушілермен байланысты азайтып, адами факторды жояды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді», - деп атап өтті.
Сонымен қоса, ведомство басшысы белгілі құқық қорғаушы Айман Омарованың ұйымдастыруымен «Халық үні» атты ашық диалогқа қатысты.
Іс-шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғамдық-құқық қорғаушылар, сондай-ақ өздерінің өзекті мәселелерін айтуға келген тұрғындар қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, «Халық үні» әлеуметтік жобасы – Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында іске асырылып жатқан шоғырландырылған әріптестіктің, ауылдардағы қарапайым адамдардың мәселелерін шешудің бір мысалы.
Ашық диалог барысында облыста ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жасалған шарттардан бастап құқық қорғау органдарының қызметіне дейінгі көптеген тақырыптар қозғалды.
Сапар барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысына «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесі таныстырылды. Оның мақсаты «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске барлық қолдау шараларын орталықтандырылған түрде көрсету.
«AQTOBE INVEST» жаңа фронт-кеңсесі кәсіпкерлерді қолдау шараларының қолжетімділігі мен қамтылуын арттырады, сондай-ақ рәсімдердің ашықтығын ұлғайтып, нәтижесінде кәсіпкердің идеядан жобаны іске асыруға дейінгі жолын жеңілдетеді.
Бұдан кейін Агенттік төрағасы мен «Алтын қыран» КТ бас директоры И. Салжанов арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ол бірлескен жобаларды іске асыруды жандандыруға, ақпарат алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, Алик Шпекбаев «Саналы ұрпақ» және «Адал білім» жобалары алаңдарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен белсенді ынтымақтастық орнатқан Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде болды.
Университетте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету шараларының бірі – студенттік және оқытушылық құрамға барлық ыңғайлы электрондық қызметтерді ұсынатын «Smart ARSU» мобильді қосымшасы сынды цифрлық технологияларды енгізу.
Жұмыс сапарының соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының жұртшылықпен және Ақтөбе облысының Президенттік кадр резервімен ашық диалогтық кездесуі өтті.
Қоғам өкілдері ведомство басшысынан өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің азаматтық қоғаммен тиімді өзара іс-қимылы үшін ризашылықтарын білдірді.
Сапар соңында А. Шпекбаев өңірде мемлекеттік мекемелерді трансформациялау, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ашықтық пен айқындылықты енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
[xfvalue_img]