Татуластыру рәсімдерін одан әрі дамыту көзделген
Бүгінгі таңда дау-жанжалды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығына үлкен мән берілуде.
Осы мақсатта татуластыру рәсімдерін одан әрі дамыту бағытындағы өзекті өзгерістер мен толықтырулар ағымдағы жылдың 20 маусымынан қолданысқа енетін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңымен көзделген.
Атап айтқанда, сотпен талап қою арызын қабылдау сатысынан бастап татуластыру рәсімдерін қолдану жүзеге асырылатын болады.
Татуластыру рәсімдері жүргізілген жағдайда талап қою арызын қабылдау үшін 10 күндік мерзім белгіленген.
Дау реттелген жағдайда судья талап қою арызын іс жүргізуге қабылдайды және тиісті келісімді бекітеді.
Бітімгершілік институтын дамыту, дауларды реттеудің балама әдістерін көбейту мақсатында енгізілетін толықтыруларға сәйкес дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге қатысушы тұлғалардың шеңбері кеңейеді.
Бүгінгі күнге дейін партисипативтік рәсім екі тараптың адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен жүзеге асырылып келген болатын. Енді жақында қолданысқа енетін заң нормаларына сай мұндай рәсімді адвокаттармен қатар, заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын тұлғалардың қатысуымен жасауға жол беріледі.
Ақжайық ауданының №2 аудандық сотының төрағасы Т.С.Гумарова
[xfvalue_img]