Сот жүйесінің дамуының негізгі аспектілері
Қазақстан Республикасы егемендігін жариялаған кезден бастап жүзеге асырыла бастаған саяси, əлеуметтік жəне экономикалық өзгерістер ұлттық құқықтық жүйенің, соның ішінде сот құрылымы мен сот ісін жүргізудің қалыптасуына жол ашты. Сол жылдардан бастап сот саласында мемлекеттік биліктің өз алдына дербес бір тармағы - сот билігінің қалыптасуына жол салған түбегейлі өзгерістер жүзеге асты.
1995 жылғы 30 тамызда жаппай халықтың дауыс беруімен (референдумда) экономикалық дамудың жаңа қазақстандық моделін дүниеге əкелген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл Конституция халық мүддесіне арналған. «Халық» деген ұғым барлық ұлт өкілдері енетін əлеуметтік-саяси бір бүтін қағидат ретінде қабылданады.
Конституция – халықтың жалпы еркіндігін білдіретін, ең жоғары заңдық күші бар жəне
əлеуметтік-экономикалық,қоғамдық-саяси жəне рухани-адамгершіліктің маңызды принциптері
бекітілген қоғам мен мемлекеттің негізгі Заңы. Қарапайым тілмен айтқанда, Конституция – қоғамдық-экономикалық, мемлекеттік құрылымның, сайлау жүйесінің, мемлекеттік органдардың қызметі мен ұйымдастыру қағидаттары жəне оның азаматтарының құқықтық ережелерін анықтап, бекітетін мемлекеттің негізгі Заңы. Бүгінде демократиялық принциптегі құқықтық мемлекетке айналу жолында қарқынмен жоғары өрлеп келе жатқан елімізге саяси дамудың жаңа бір белесіне көтерілу мүмкіндігі туды.
Тəуелсіздік жылдарында сот жүйесінің қалыптасуына жасалған талдау, оның қалыптасу серпіні мемлекеттің құқықтық жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын бағдарламалық құжаттардың қабылдануына байланысты болғанын көрсетеді. Əдетте мұндай құжаттарға мемлекеттік бағдарламалар, құқықтық саясат тұжырымдамалары жатады.
Тұтастай алғанда, егемен Қазақстанның сот жүйесі 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы судьялардың тəуелсіздігін қамтамасыз етудің қажетті кепілдіктерінің болуын қарастырды. Төрелік соттар жүйесі таратылып, олардың функциялары жалпы юрисдикция соттарына берілді.
Ал Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мəртебесі туралы” Конституциялық заң күші бар Жарлығы соттар қызметінің негізгі қағидаларын, соның ішінде судьялардың құқықтық жəне əлеуметтік кепілдіктерін айқындап берді. Бұл Жарлық еліміздегі сот жүйесін реформалау мəселесіндегі көп жылғы пікірталастың қорытындысы іспеттес болды.
Онда: судьяны құрметтемегені үшін жауапкершілік енгізу, судьяларға ешкімнің тиіспеуі, судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұрудың жəне тоқтатудың негіздерін орнықтыру, судьяның тəртіптік жауапкершілікке тартылу жағдайларынан басқа кезде мəні бойынша қаралған немесе өндірісінде тұрған істер бойынша қандай да бір түсініктеме беруге міндетті еместігі, судьяға соттан тыс функциялар мен міндеттерді жүктеуге тыйым салу қарастырылды. Судьялардың заң жүзінде осындай мəртебеге ие болуы олардың тəуелсіздігін нығайтып, беделін бекітті. Азаматтардың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды тұлғалардың заңға қайшы шешімдері мен іс-əрекеттерін сотта даулауға бет бұруы – сотқа деген сенімнің өсуін көрсетті. Жергілікті сот судьяларын ел Президентінің тағайындауы, Жоғарғы Соттың судьяларын Парламент Сенатының сайлауы енгізілді. Тарихта алғаш рет судьялар тұрақты мерзімге тағайындалды, бұл олардың тəуелсіздігінің кепілдігін анағұрлым күшейтті. Сонымен қатар, əділетті де бұлжымас сот шешімдерін шығаратын білікті, тəуелсіз судьялар корпусын қалыптастыру тетігі жасалды.
Сот жүйесінің одан əрі дамуы 2000 жылғы 25 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мəртебесі туралы” Конституциялық заңның қабылдануына орай жаңа қарқын алды. Конституциялық заң сот-құқықтық реформасының кезекті кезеңіне жол ашты. Заңда республикадағы сот құрылымының принципті жаңа нормалары, соттардың қызметін ұйымдастыру тəртіптері белгіленді.
Атап айтқанда, Жоғарғы Соттың шаруашылық жəне азаматтық істер жөніндегі алқалары біріктіріліп, əскери алқасы таратылды, мұның өзі іс жүргізу заңнамасында қарастырылғандай, сот ісін жүргізуді белгілі бір ізге түсіруге мүмкіндік берді. Судьялардың тек сот төрелігін жүзеге асыруын, сотқа тəн емес қызметтермен соттардың айналыспауын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасы сот жүйесінің тəуелсіздігін күшейту жөніндегі шаралар туралы” 2000 жылғы 12 қазандағы Жарлығымен Жоғарғы Сот жанындағы Сот əкімшілігі жөніндегі комитет (бұдан əрі – Комитет) құрылып, соттардың қызметін жəне атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету функциялары Əділет министрлігінен алынып, осы Комитетке берілді.
Комитет пен облыстардағы соттар əкімшілері ұйымдық, қаржылық жəне материалдық- техникалық функцияларды орындай отырып, жергілікті соттардың жергілікті атқарушы билік органдарынан тəуелсіздігін қамтамасыз етті.
Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тəуелсiз жəне Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, жəне ол заң бойынша жауапкершiлiкке əкеп соғады. Соттардың Конституциямен баянды етiлген адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиiстi заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт Конституциямен баянды етiлген адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп тапса, iс жүргiзудi тоқтата тұруға жəне осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тəуелсiздiгi Конституциямен жəне заңмен қорғалады. Оның негізі конституцияда бекітілген заңдылық принципі болып келеді.
Қоғамдағы өзгерістер соттарды айналып өтпегені ақиқат.
Шынында да Конституцияға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – сот жүйесін əлемдегі озық үлгілерге лайықты жетілдіру болатын. Заман талабына сай соттарды сапалы кадрлармен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мəселеге айналды. Аталмыш өзгерістерге сəйкес Əділет біліктілік алқасы таратылып, оның міндеті Жоғарғы Сот Кеңесіне берілді.
Конституциялық өзгерістерге дейінгі жылдары аудандық жəне оған теңестірілген соттардың судьяларын тағайындау жөнінде Əділет біліктілік алқасының кепілдемесінің негізінде Əділет министрі, ал облыстық соттардың судьяларын тағайындау жөнінде ұсынысты Жоғарғы Сот Кеңесі жасап келген болса, ендігі жерде барлық деңгейдегі соттардың судьяларын тағайындауға ұсынысты Жоғарғы Сот Кеңесі жасап келеді. Бұл барлық деңгейдегі судьялардың бірдей мəртебеге ие болуына жəне сот жүйесін сапалы да білікті кадрлармен қамтамасыз етуге өз септігін тигізді.
Т ұтқындау санкциясын беру конституциялық талаптар негізінде, соттардың қарауына берілген болатын. Бұл түбегейлі өзгеріс халықаралық стандарттар мен мемлекетіміздің халықаралық шарттар бойынша өзіне алған міндеттемелеріне сəйкес келді. Расында, əлемнің барлық дамыған елдерінде тұтқындауға санкцияны тек соттар ғана береді. Тұтқындау санкциясын прокуратура органынан алып, соттарға берілуінен не ұтамыз деген сауалға келетін болсақ, біз бірінші кезекте бұл мəселенің соттарда ашық жəне жариялы түрде қаралатынын айтуымыз керек. Сонымен қатар, қылмыс жасады деп сезіктелген адамды тұтқынға алу мəселесі сотта қаралған кезде айыптаушы жақ пен қорғаушы жақ сотқа қатысып, өздерінің осы мəселеге қатысты көзқарастарын білдіруге толық мүмкіндік алады. Біздің пікірімізше, бұл өз кезегінде заңсыз тұтқынға алу фактілерін болдырмауды жəне адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын іс жүзінде қамтамасыз етеді. Əрі азаматтардың сотқа деген сенімін одан сайын арттыра түсіп, əділдіктің мейлінше салтанат құруына жол ашады. Судьяның өкiлеттiгiн талқылайтын болсақ тек заңда белгiленген негiздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кiдiртiлуi мүмкiн. Судьяны тұтқынға алуға, күштеп əкелуге, оған сот тəртiбiмен белгiленетiн əкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, Республика Жоғарғы Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiнсiз не Конституцияның 55-бабының 3-тармақшасында белгiленген жағдайда, - Сенаттың келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар жəне бiлiктiлiк емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады.
Республика соттарының судьяларына заң бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн. Судьяның қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кəсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi жəне ол сот төрелiгiн толық əрi тəуелсiз жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық жəне жалпы сот iсiн жүргiзудiң соттарда қаралатын өзге де iстер жөнiндегi жоғарғы сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мəселелерi бойынша түсiнiктемелер берiп отырады.
Судьяның тəуелсіздігі. Конституцияның 77-бабы 1-бөліміне сəйкес «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тəуелсіз жəне Конституция мен заңға ғана бағынады». Осы ереже ешбір өзгеріссіз ҚР ҚІЖК 22-бабы 1-бөлімінде ұсынылған:
Адам мен азаматтардың құқықтарын сот арқылы қорғау қағидасы бойынша ҚР ҚІЖК-де салалық құқық бойынша əр түрлі бөлімде бекітілген Конституция ережелерін бекітетін кешенді сипаттама берілген. Осылайша «Адам жəне азамат» деп аталатын ІІ бөлімде келесідей норма: «Əркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар» (Конституцияның 13-бабы 2-бөлімі) деген мəтінмен берілген.
Одан əрі «Соттар жəне сот төрелігі» деп аталатын VII бөлімінде (Конституцияның 77-бабы 3- бөлімі 3-тармақшасы) «Өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды» деп көрсетілген. Жоғарыда келтірілген екі конституциялық ереже өзгертілмеген күйде ҚР ҚІЖК 12-бабының 1 жəне 2 бөліміне сəйкес өзгеріссіз бекітілген; Меншікке қол сұқпаушылық. Конституцияның 26-бабы 3-бөлімімен көрсетілген: «Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды». Осы ереже мəтіні тұспа-тұс ҚР ҚІЖК 18- бабының 1-бөлімінде бекітілген; Сот төрелігінің заң жəне сот алдында теңдігі бастауында жүзеге асыру.
«Тегіне, əлеуметтік, лауазымдық жəне мүліктік жағдайына, жынысына, нəсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деген Конституциялық ереже өзінің мəтіндік көрінісінде ҚР ҚІЖК 21-бабының 2-бөлімімен көрініс тапқан.
Осылайша, сот билігінің кызметі əр кезде де конституциялық реттеудің аса маңызды саласы жəне құқықтық мемлекетті қалыптастыруға «белсенді» қатысушысы болып табылады. Ол мемлекеттік биліктің үш тармаққа бөліну қағидасын жүзеге асыруға негізделе отырып, өзін солардың бipi ретінде ізгілік, əділеттілік, заңдылық сияқты адам үшін ең басты болып табылатын сот төрелігі қағидаларын жүзеге асыруды əрқашан да өзіне мақсат етіп қоюы қажет.
Медира Сыздыкова
Нұр-Сұлтан қаласы Байқоныр ауданының №2
сотының бас маманы-сот отырысының
хатшысы
[xfvalue_img]
20 пікір