Оралда «Студенттік Билер Кеңесі» құрылды
Билер сотының сара жолы, беделі мен мәртебесі қазіргі уақытта да қажет болуы мүмкін.
«Татуласу сотқа дейін, сотта» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметовтың бастамасымен Қазақстан Инновациялық және Телекоммуникациялық жүйелер университетінде заң факультетінің 3,4 курс студенттерінен «Студенттік Билер Кеңесі» құрылып, өз жұмысын бастады.
Студенттік Билер Кеңесінің жұмысы студенттер арасындағы дауларды шешуге, жоғары оқу орындарындағы жанжалдарды азайтуға септігін тигізеді.
Студенттер арасында билер Кеңесін құрудағы басты мақсат - ел арасында шешендігімен танылған, нақты дауды ұлағатты сөздерімен ұтымды шешкен әділ би-шешендердің жолын жалғастыру, жас буын студент жастарды татуластыру жұмыстарына тарту мен оқыту арқылы татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту болып отыр.
Студенттік билер кеңесі бұл - студенттердің барлық сұрақтары мен негізгі мәселелерін шешуге арналған ұйым болып табылады.
Ұлттық құндылығымыз – билер институтын жаңғыртуды мақсат еткен бұл ұйымның негізгі қағидасы – тараптарды татуластыру, мәселені әділ шешу болып табылып отыр. Осы мақсатта студенттер аталған кеңес құрамына мүшелікке еніп, арнайы куәлік алып, төс белгілерін иеленді. «Дау мұраты – бітім» деген ұстанымды ұстанған студенттер қауымы әділ шешім шығаратындығы туралы анттарын қабылдады.
Нұргүл Қанатбаева
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің басшысы
[xfvalue_img]