«Сот актілерінің банкі» – сот төрелігіне қолжетімділік көзі
Сот жүйесінің ашықтығы мен айқындығының деңгейін арттыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда, олардың бірі әрі қазіргі ақпараттық технологиялар заманы талабынан туындаған – «Сот актілерінің банкі» қызметі (сервисі). Бұл – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми интернет-ресурсында http://sud.gov.kz/kaz веб-порталы арқылы шығарылған сот актілерін іздеуге арналған жалпыға қолжетімді, сот құжаттарын іздеу құралы. Атап айтқанда, бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар, сондай-ақ Жоғарғы Сот шығарған сот актілеріне жалпы халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Бұндай қызмет түрін әлемнің дамыған бірқатар мемлекеттерінен байқауға болады, мәселен Қытай, Корея Республикасы, Ресей, Австралия және басқа да елдердің соттарының іздеу сервистеріне жүргізілген функционалдық талдаудың негізінде жетілдірілген.
«Сот актілерінің банкі» қызметінің іздеу сұранысының интерфейсі «Қарапайым іздеу» және «Кеңейтілген іздеу» (сот ісін жүргізу және біріктірілген іздестіру критерийлерінің түрлері бойынша) болып екіге бөлінген. «Негізгі сөз бойынша іздеу» критерийі сот актілерінің қарарлық бөлігінде қамтылған сөздер, сондай-ақ «Төрелік» жүйесінде толтырылған процеске қатысушылардың аттары бойынша іздеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кеңейтілген іздеу сот шешімдеріне (үкімдерге) мынадай критерийлер бойынша қол жеткізуге мүмкіндік береді: шешім (үкім) шығарылған күні; іс категориясы; облыс, сот органы және қарау нәтижесі. Бұл ретте, нәтижесін нақты көрсету үшін сервисте бір, сондай-ақ бірнеше критерийлер бойынша іздеуді жүзеге асыру қарастырылған.
Қазіргі таңда республика бойынша «Сот актілерінің банкі» қызметі арқылы бір күнде орта есеппен алғанда 800 сұрау салынады. Бұл көрсеткіш – жалпы халықтың сот төрелігіне қолжетімділігінің және сот жүйесінің ашықтығының кепілі, сондай-ақ пайдаланушылардың іздеу сұраныстарын қанағаттандыруға оң әсерін тигізеді.
Сот жүйесіне қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды енгізу – сот ақпаратына барынша қол жеткізуді қамтамасыз етудің басым бағыттарының бірі болып саналады.
Осылайша, соттардың халықпен өзара іс-қимылын орнатуға және сот ісін жүргізуді жеңілдетуге бағытталған бірыңғай терезе рөлін атқарады.
Сонымен қатар, сот ісін жүргізу жүйесіне ақпараттық технологияларды енгізу сот органдары қызметінің ашықтығын, сот жүйесі мен сотқа қатысушы адамдардың уақыты мен материалдық шығынын үнемдеуді қамтамасыз етеді.
Ж. Жетібаев,
Ақмола облысы Ақкөл аудандық сотының төрағасы.
[xfvalue_img]