Қылмыстық іс жүргізудегі процесстік мерзімдер
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiне (әрі қарай- ҚПК) сәйкес соттың және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының қылмыстық іс бойынша жасалатын әрекеттеріне процесстік мерзімдер белгіленген. ҚПК-те белгiленген мерзiмдер сағаттармен, тәулiктермен, айлармен, жылдармен есептеледi. Мерзiмдердi есептеу кезiнде мерзiмнiң өтуi басталатын сағат пен тәулiк есепке алынбайды. Яғни келесі күннен бастап есептеледі. Алайда, бұл қағида ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру кезіндегі мерзiмдерді есептеуге жатпайды. Мысал келтіретін болсақ: күдіктіні ұстау хаттамасында нақты көрсетілген сағат пен тәуліктен бастап есептеледі.
Қылмыстық іс жүргізуде процесстік мерзiмдi есептеудің бір ерекшелігі демалыс күндерініңде есепке алынатындығы.
Егер заңда тәуліктермен есептелетін мерзім болған жағдайда соңғы тәуліктерінің жиырма төрт сағатымен мерзімі аяқталады. Ал айлармен есептелетін мерзім болса соңғы айдың тиісті күнінде бітеді. Жылдармен есептелетін мерзім тиісінше оның соңғы жылының тиісті айы мен күні болып табылады. Соңғы айда тиісті күні жоқ болған жағдайда сол айдың соңғы күнінде бітеді. Мысалы: Заңда бір айлық мерзім көрсетілсе және бұл мерзімді есептеу 30-шы қаңтар айынан басталса, бұл мерзім ақпан айының 28 күніне бітеді. Яғни ақпан айының соңғы күніне түсіп отырғандығын көруімізге болады.
Ұстап алу, күзетпен, ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу кезіндегі мерзімдерді есептеу жағдайларын қоспағанда, мерзімнің соңғы күні демалыс күндеріне немесе мейрам күндеріне тура келсе, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.
Қортындылай келеле сот және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары ҚПК-те көзделген процесстік мерзімдердің шегінде әрекет етеді. ҚПК-пен процесстік мерзімдердің белгіленуі өкілетті органдардың заңның шеңберінде ғана әрекет етуіне және қылмыстық іс бойынша әуре-сарсаңға салушылықты болдырмауға бағытталған.
Осы заңмен белгіленген мерзімдерді білу арқылы адам өзінің құқықтарының бұзылуының алдын ала алады немесе бұзылған құқықғын қалпына келтіре алады. Сондықтан халыққа тек қылмыстық іс жүргізу бойынша мерзімдерді ғана емес басқа да құқықтық салалар жағынан мерзімдерді есептеуді ағартушылық мақсатта насиғаттау жөн деп санаймын.
Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Н.С.Бөлекбаев
[xfvalue_img]
1 пікір