Тағдыр жетелеген қылмыстар
«Өмір бар жерде, өлім де бар» демекші, жақсылық болса жамандықтың да болатыны бұл өмірдің жазылмаған заңдылығы. Сол сияқты қоғам бар жерде қылмыстың болуы сан ғасырлардан бері әдетке айналған құбылыс. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың туындауының басты себебі адам тағдырына тікелей байланысты.
Ал қоғам үшін қауіпті адам, ол - қылмыскер. Қылмысқа жақын кісі өзінің жеке басының мақсатын іске асыруды көздеп жүреді. Ол сол жолда тіпті ештеңеден тайынбайды. Біреуді жәбірлейді, әлдебіреудің қанын төгеді, тонайды, ұрлық жасайды, бопсалаумен айналысады. Сондықтан «қылмыс жасауға не себеп болады?» деген сауал көпті мазалайтыны рас.
Қылмыс жасаудың да түрлі себептері бар. Біреулер қылмысты абайсызда жасаса, енді біреулері заңды білмеуден, енді бірі қасақана, тағы басқалары арақ, есірткі заттардың буынан қылмысқа барады. Жоқшылықтан қылмысқа баратын, керісінше баршылықтың, байлықтың арқасында не істерін білмей қылмысқа ұрынатындары да кездеседі. «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік аздырар адам баласын» деген қанатты сөзді ұлы Абай осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтса да, бұл сөздер өзінің құндылығын осы уақытқа дейін жоғалтқан емес.
Әйтсе де, кез-келген қылмыстың азаюы да, көбеюі де елдегі әлеуметтік жағдайға, халықтың әл-аухатына, заңнаманың негізділігіне байланысты. Қылмыскерлер көбіне өзіне ақша табу үшін қылмысқа барады. Көбіне тұрмыс жағдайының төмендігі және тәрбиенің жоқтығы қылмыс жасауға себепші болады. Тұрмыс жағдайы төмен адамдар, яғни, кедейлер көбінесе жан-жағындағы адамдарға қызыға да қызғана қарайды. Сол адамдардан қалмай, байлыққа жету үшін ұрлыққа барады. Тәрбиесі әлсіз адамдар білместікпен басқа адамдарға қастандық жасап қояды. Ондай қылмыстарды айта берсек көп. Тәрбие басы отбасыдан басталады, яғни тәрбиелі адам ешқашан қылмысқа жол бермейді.
Қылмысқа себепші болатын тағы бір фактор, ол - жұмыссыздық. Тарихқа үңілсек, өткен кеңестік кезеңнің тәжірибесінде жұмыссыз жүрген азаматты қамаққа алатын еді, одан қалды ауылға апарып, қой-шопанның көмекшісі етіп жұмысқа немесе бригадаларға бөліп жұмысқа орналастыратын еді. Ал қазір ше? Қазір тепсе темір үзетін жастардың көбі жұмыссыз. Бұл мемлекеттің азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етпеуінде емес, керісінше, кез-келген жұмысты жасауға қарапайым азаматтардың еңбек етуге құлқы жоқтығында деуге болады. Сол сияқты тағдыры темір тордың ар жағына тоғытылып, жазасын өтеп шыққандарға жұмыс табу мүлдем қиынға соғады.
Еліміздің 2020 жылға дейінгі жасақталған құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, өзекті мәселелердің бірі түрме халқының санын азайту болып табылады. Сондықтан, жыл өткен сайын түзеу мекемелерінен босап шыққандардың саны да күрт өсуде. Қазіргі таңда құзыретті органдар жүргізген зерттеулер нәтижесінен, жазасын өтеп шыққандардың қайтадан қылмысқа бару қауіпі жоғары екенін көруге болады. Бұған себепкер, олардың қоғамға бейімделе алмағандығы және материалдық қажеттіліктің жеткіліксіздігі деп есептеймін.
Түзеу мекемелерінен босап шыққандарды жұмысқа орналастыру Елбасының 5 институциональдық реформасында да көрсетілген. Осы орайда, түзеу мекемелерінің алдына қойылып отырған негізгі міндет - жазасын өтеп жатырғандарды және жазасын өтеп шыққан азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету. Жыл сайын еліміздің түзеу мекемелерінен ұзын саны 11 мыңға дейін адам босап шығады екен. Кейін олар өздерін жұмыспен қамтамасыз ету үшін жұмыспен қамту орталықтарына баруы тиіс. Бұл орталықтарда оларға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының аясында міндетті түрде жұмыс орындары тауып беріледі. Алайда көп жағдайларда түзеу мекемесінен шыққан сотталғандар бұл орталықтарға жүгінбейді.
Сөйтіп, жұмыссыздыққа шалдыққан тағдырлардың адам тонау мен ұрлық жасаудан басқа амалы қалмайды. Бұл өзекті мәселе, оны зерттеп, шешімін табу баршамыздың еншімізде.
Тағдыр тауқыметінің кесірінен қылмысқа баратындардың келесі тобы -жетімдер. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ екенімізді кейде мақтанышпен айтатынымыз бар. Ал қазіргі кезде сол ата-ана мейіріміне зәру болып өскен қыз-жігіттердің жағдайын кім біліп, түсінеді? Тоғыз ай көтеріп, жанын шүберекке түйіп дүниеге әкеліп, кейін өз шақалағын жетімдер үйіне тастай салып, қиындықтан шығудың оңай жолын таңдайтын аналардың саны да күннен-күнге өсіп барады. Әке-шешесінің махаббатын сезінбек түгілі, түр-тұрпатын да білмейтін балалар қаншама? Осындай тағдыр тауқыметін көріп өскен балалардың келешекте қылмысқа бармайтынына ешкім де кепіл бола алмайды.
Астана қалалық
сотының судьясы
Э.Оңғарсынова
[xfvalue_img]