Қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында лайықты биігіне көтеріліп келеді

Қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында лайықты биігіне көтеріліп келеді

Тіл - елдіктің киелі де қастерлі нышаны. Заманында билік, басқару төрінен ығыстырылып, бірауық тәуелсіздігінен ажыраған ұлттың шектеулі, күнделікті қарым-қатынас құралының шегіне дейін құлдыраған ана тіліміз егемендіктің арқасында мемлекеттік мәртебесіне ие болып, биік тұғырына көтерілді.

Тарихқа көз салсақ, тіл мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып, мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде оған соттар да тең дәрежеде қатысып отырған. Соттардағы мемлекеттік тілдің қолданысы замана белестерінде мемлекеттік саясат ауанына қарай талай құбылды. Құлдырап барып, қайта өркендеу жолдары да сайрап жатыр. 1925 жылдарға дейін сот үкімдері мен шешімдері ішінара орысша, басым бөлігі араб шрифтісіне негізделген қазақ алфавитімен жазылып беріліп тұрғандығы байқалады. Кейін жыл өткен сайын сот ісінде орысша мәтіндер көбейе түскен. Әсіресе, жоғары жақтан нұсқаулар тек орысша келе бастайды.

Бүгінде қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында да лайықты биігіне көтеріліп келеді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының талдауы көрсетіп отырғандай, республика соттарының жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдегі іс қағаздарының үлесі 2011 жыл қорытындысы бойынша 62,6 пайызға жетіп, алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 4,2 пайызға артқан. 

Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкесті орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшірілді. Сондықтан мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымдары (нормативтік актілерден басқа) 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік тілде жүріп жатыр. Құжаттың орысша нұсқасы қажет болған жағдайда ғана (заңды және жеке тұлғалардан жазбаша өтініш білдірілген жағдайда) қоса жолдануы мүмкін. Онда да гербтік (фирмалық) бланкіге мәтіннің мемлекеттік нұсқасы басылуы міндет. Сот кеңселері қазіргі кезде осы талаптар аясында жұмыс жасап отыр. Аталған талаптар орындалмаса, мемлекеттік органдардан ресми тілде ғана келген құжаттарды қабылдамауға немесе кері қайтарып жіберуге заң нормалары кедергі келтірмейді.

Мемлекеттік органдар арасындағы хат алмасу, жиналыстарды өткізу, жиналыс хаттамаларын жүргізу тілі Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 1-тармағы мен «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңның 4-бабына сәйкес мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. Ал істерді қарағанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің 30-бабы мен Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 14-бабына, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауда «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңның 11-бабының талаптарына сай қай тілде түссе, сол тілде қарала береді.

Осы заң қағидаларын бұлжытпай қолдану арқылы соттарда іс-қағаздарын жүргізу мен сот төрелігін атқару ел азаматтарының заңды мүдделеріне сай атқарылып отыр. Бұдан жиырма жыл бұрын Одақтың, өктем жүйенің қанатының астынан шыққан егемендіктің бастауында Ата заңымызға орыс тілін ресми тіл ретінде енгізу қажеттілік болғаны белгілі. Өйткені қазақ даласындағы елдіктің іргетасы орыс тілінің өркениеті тұсында қаланды.

Дербес мемлекеттік құрылысы жоқ, елдігі алып КСРО-дай державаның толық емес автономиясы дәрежесінде болған аумақта өмір сүріп жатқан халықты өз елінде өгейсіп қалған қазақ тілінің ғана діңгегіне байлап, ғасырлар тегеурінінен қалжырап шыққан ұлттық құндылық төңірегіне бірден топтастыра қою қиын еді. Осындайда Елбасы Н.Назарбаев бастаған қазақ зиялылары қиыннан қиыстырған ақыл тапты.

Ұлы Тұран жұртын мекендеген сан ұлт пен ұлысты қазақ тілі мен орыс тілінің маңына ұйыстыратын конституциялық қисын ойластырып, қалың елдің таразысына салды. Бұл саяси шешімнің дұрыстығына елдегі ұлтаралық татулық пен қоғамдық дамудың мұнан былайғы деңгейі мен қалыпты өркендеуі кепіл бола алады. Елдігіміз нығайып, ұлттық келбетіміз ажарланған сайын мемлекеттік мәртебесі жоқ қосалқы ресми тіл біртіндеп тұрмыстық қарым-қатынас аясына, сыртқы саясат, халықаралық қатынастар көкжиегіне қарай ысырылып, ығысып бара жатқанын көзіміз көріп отыр.

Сөйтіп, тіл сияқты аса нәзік те, шамшыл мәселеде сабырлылық танытып, Конституция мен қолданыстағы заңнамаларды өзгертуге асығыстық жасамастан, мемлекеттік тілге мемлекеттік талап пен нақты бағдарламалар арқылы қамқорлық аясын кеңейте түскеніміз сенімді ақтап келеді. Қазақ тілінің қолданыс аясыны өркендетіп, желегін жайқала түсті. Ғасырлар бойы, тіпті бодандық, өктемдік, өтпелі кезеңдер тұсында да қазақ қауымын әлем өркениетімен ұштастырып, қызмет етіп келе жатқан ежелден тамырлас көрші ел тілінің қазақ қоғамындағы ерекше орынын сақтай отырып, ұлттық өңімізді шырайландырып келеміз. Оны Елбасы биылғы Жолдауында орынды меңзеді. «Қазақ тілінің жоспарлы түрде дамуы орыс тіліне нұқсан келмейтіндей жағдайда жүзеге асады. Бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы не үшін керек? Ол үшін мемлекеттің ең негізгі саясаты - көршілермен тату болуымыз керек. Онысыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады. Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады» - деп атап көрсетті. Тәуелсіздік жылдарында саяси және құқықтық деңгейі жетіле түскен Қазақстан халқының мемлекет құраушы ұлттың тілі мен діліне, мәдениеті мен салт-дәстүріне анағұрлым ден қойғандығынан да байқауға болады.

 Елімізде қазақ ұлтының айқын басымдылыққа ие болып, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың, арнаулы және жоғары оқу орындарының қаулай өсіп, қажеттілікке айналуы, қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік қызметке кіруге, бұрыннан орны барлары тұрақтанып қалуға талпынып, мемлекеттік тілді жаппай меңгеріп жатқандығы - осының айғағы. «Тіл - ананың сүтімен дарыған, қоғамның ықпалымен дамыған, өз арнасымен көшіп, кеңістігімен келбеттене беретін киелі құбылыс.

Бір данышпанның «Адам қай тілде ойласа, ол сол халықтың өкіліне жатады» деген сөзі бар. Қазақ елінің бір ғана ұлттың тілінде ойлап, сан ұлыстың үнінде сайрайтын дәуренге тезірек жетейік!

 

Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының

бас маман сот отырысының хатшысы   

Б.Р. Рымгалиева

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.