Көпшілік алдында сөйлеу дағдысы
«...Өткірдің жүзі. Кестенің бізі. Өрнегін сендей сала алмас. Білгенге маржан, Білмеске арзан...», — деп сөз құдыретінің ғаламат құбылыс екеніне ұлы Абайдан артық ешкім баға бере алмас, сірә. Өз заманында қара қылды қақ жарған Қазыбек, әділ төрелік айтқан Әйтеке, тура айтып туғанына жақпаған Төле бидің өзі даудың бетін де, жаудың бетін де сөз шеберлігімен қайтарды емес пе? Ал бүгінде қалай? Біз бабаларымыздан жеткен сөз құдыретін бағалап жүрміз бе, шешен сөйлей білеміз бе?
Иә, қазіргі әлемдік жаһандану заманында дұрыс сөйлей білудің маңызы артпаса кеміген жоқ. Алпауытты компанияларға жаңа жобалар мен идеяларды ұсынып, сата алатын, оппоненттер мен борышкер адамдарды сендіре алатын, тұсаукесерлер өткізетін (дөңгелек үстелдерге қатысу, маңызды кездесулерде, саяси және PR іс-шаралары мен т.б.) басқа да көпшілік алдындағы әрекеттерді бәсекелестерге қарағанда тиімдірек жүзеге асыратын адамдар қашанда қажет. Тиімді, орынды, қызықты сөйлей білу бизнес саласында ғана емес, білім, бұқаралық ақпарат құралдары саласында да керек. Өкінішке қарай өз пәнін жетік меңгерген әрбір ұстаз немесе тележүргізуші шешендік өнерді игермегендіктен өз шәкірттерін немесе көрермендерін бір сарынды, күмілжіген үнімен жалықтырып алады. Мәдениет, саясат, ақпарат салаларының көбі өткір тілді, шешен сөйлейтін, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленумен бірге, ел сенімін нығайтып, жарқын болашаққа жол сілтейтін, үлкен өзгерістерге шақыра білетін мамандарға аса мұқтаж.
Тұлғааралық қарым-қатынас саласы, яғни отбасы, қызметтегі әріптестер, достар, кездейсоқ әңгімелесетін адамдармен әңгімелесе білу де маңызды. Айналамыздағы адамдардың бізді түсінетініне сенімдіміз бе, мазасыздықпен күресуге дәрменіміз жете ме, сөзімізді тыңдатып, әңгімелескен адамның көкейінде нық сенім ұялатып,өзгерістер жасап, өз сөзімізбен болашақты қалыптастыра аламыз ба? Егер кейбір қыр-сырлары мен құпияларын меңгерсек, майын тамызын сөйлеу әркімнің қолынан келеді. Сөзге шешен болу үшін бүгінде шебер сөйлейтін саясаткерлер мен бизнесмендердің сөздерін қадағалап, жұртты баурап алған сүбелі сөздерін түртіп алу қажет. Бұл тәжірибені үздіксіз жетілдіруге болады, сөйлеу шеберлерінің қызықты тәсілдерін жинақтай отырып сіз өзіңіздің сөздік қорыңызды қалыптастырасыз.Кітаптарды, мақалаларды оқып, жаңалықтарды тамашалап, сіз өзіңіздің көпшілік алдында сөйлейтін сөзіңізге қолданатын ауызша көрнекіліктерді, көптеген афоризмдерді, қызықты статистикалық мәліметтерді жинай аласыз. Біз сөйлеуді үйренген кезде және сөйлеген кезде міндетті түрде дамимыз, күшейе түсеміз. Сондықтан көпшілік алдында әр сөйлеген сәтті тұлға ретінде өсіп, өзін-өзі дамытуға қосқан үлесім деп білген жөн.
«Адамдармен сөйлесе білу – бұл тауар. Мұндай өнер үшін мен бәрінен де көп ақы төлер едім» деген екен Дж.Рокфеллер. Сөйлеуде табысқа жету табысты сөйлеу коммуникациясының негіздерін білуден басталады. Табыс және табысты қызмет дегеніміз не? Қызмет дегеніміздің өзі не? Қызмет – бұл белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған әрекеттер жиынтығы болса, табысты қызмет - межеленген мақсатқа жеткізетін қызмет. Егер мақсат жоқ болса, қызмет те жоқ. Ал сөйлеу арқылы табысқа жету қызметі – бұл бізді алға қойған мақсатқа жеткізетін өнер. Сөйлеу қызметін үш негізгі мақсатқа бөлуге болады: ақылға әсер ету, сезімге әсер ету және тәртіпке әсер ету. Егер табысты сөз сөйлегіңіз келсе нақты аудиторияға қатысты мақсатыңызды анықтап алыңыз.
Бизнестегі сөз шешендеріне келетін болсақ, сіздің сөзіңізден кейін әлдекім сіздің компанияңыздың өнімін, болмаса қызметін сатып алуы тиіс, сіздің қызметіңіз жоғарылайды, сіздің компанияңызбен ұзақмерзімді жұмыс істеу туралы келісім-шарт жасалуы тиіс, сізге қызықты жобаны жүзеге асыруға көмектесуі керек, сіздің жобаңызға инвестиция салғысы келеді және т.б.
Сіз жақсы сөйлеуді үйренгіңіз келе ме? Үлкен аудиторияның алдында өзіңізді еркін ұстап, өзіңіздің сөйлеу әлеуетіңіздің мықтылығы мен күштілігін сезіну үшін сөз сөйлеуден, қарым-қатынас жасаудан ләззат алуды үйренесіз. Сіз сөйлеп тұрсыз, сізде бәрі жақсы. Өз сөзіңізден ләззат алыңыз. Қалай дейсіз ғой. Түріңіздің қандай болып тұрғанын ойлауды доғарыңыз. Сіз әдемі көрінесіз. Егер мұның маңызды екеніне әлі де күмәндансаңыз, онда Гандапастың «Ораторға арналған камасутра» атты кітабын оқыңыз. Сіз сөз сөйлеп тұрған кезде «Түрім қандай болып тұр?» деп ойламау мүмкін емес дерсіз. Егер ол жағын сіз алдын ала ойласаңыз, ал сөйлеп тұрған кезде ойыңызды мақсатқа тоғыстырсаңыз және сол процестен ләззат алсаңыз басқасын ойламауға әбден болады. Өз ойын білдірудің өзі сөйлеуді білдіреді. Бұның түрлері көп. Сондай-ақ сөйлеу тұлғаның ажырамас бөлігі, оның тікелей көрінісі. Сондықтан біз сөйлеуді үйренеміз, сөйлейміз, жетілеміз, өзгереміз, күшейе түсеміз. Яғни, өзім өзгере отырып менің сөзім өзгереді, сөзімді өзгерткен соң өзім де өзгеремін.
Мен сөзге шешен болудың жеті баспалдағын атап өтер едім.
- Мен сөйлеймін: не айтсам да әйтеуір үнсіз қалмаймын, қобалжу болса да, ойымды шашыратып алсам да, сөйлеймін.
- Мен ұзақ сөйлеймін: мен 15 минут, 30 минут сөйлеймін. Бұл кезеңде адамды өзінің ұзақ сөйлегені таңдандырады.
- Мен не айтып тұрғанымды түсінемін: менің нақты не айтқым келетінін және не айтып тұрғанымды түсіну қабілеті тәжірибемен келеді.
- Мен сөзімді қалай айтып тұрғанымды сезінемін: Біртіндеп сөз шебері өзінің сөз сөйлеу сапасы туралы ойлана бастайды. Бұған дейін ол бәрі ойдағыдай деп ойлайды, ал енді оқи бастаған соң өзінің қателіктерін байқап, түзетуді үйренеді.
- Тыңдаушылар мені тыңдап отыр: бұл кезеңде сөз шебері тыңдаушылардың бар екенін байқап, олардың көңілін аулауға, бірлесе әрекет жасауға тырысады, аудиториямен байланыстың бар-жоғын бағамдайды.
- Тыңдаушылар мені түсінеді: бұл кезеңде сөз шебері сөйлеген кезде тыңдармандардың ой-түйсігінде не болып жатқаны жайлы ойлана бастайды, оны дұрыс түсінгендеріне баға береді.
- Тыңдаушылардың өмірі өзгереді: сөз шеберінің жетілу шыңы.Оның сөздері адамдарға көмектесе ме және ол қалай көмектесетінін байқайды.
Ал нашар дайындық, бірсарындылық, асығыстық, дәйексіздік болса сөйлеуде жіберілетін қателіктер дер едім. Әсілі, сөйлеуге дайындық материал жинау, талдау, жинақтаудан тұрады. Сіздің сөйлеудегі мақсатыңыз айқын,тақырып нақты болса, сөз сөйлеуді жобалауға кірісетін уақыт келді. Сөздік қатынасты толтыру барысында: бізді кім тыңдайды, біздің тыңдаушылар не істеуі мүмкін, тыңдаушылардың бет алысын өзгерту үшін қандай дәлелдемелар сенім ұялатады деген негізгі үш сұраққа жауап беру қажет. Алдымен аудиторияның ерекшеліктері, біздің сөздік қатынасымыздың мәні төңірегінде көбірек материал жинаймыз. Бірінші қадам ретінде осы тақырып төңірегінде өзіңіздің білетіндеріңізді еске түсіріп, ойыңызды қалыптастыру жеткілікті. Егер мүлдем ештеңе білмейтін болсаңыз, онда сізге екінші ақпарат көздерін зерттеу көмектеседі, яғни осы тақырып төңірегіндегі сарапшылардың сұхбаттары,әңгімелері. Біршама ақпараттық қор жиналған кезде оны талдауға болады. Талдау - бұл ақпаратты мағынасына қарай топтастыру. Талдағыштық – бұл мықты сөз шешенінінің ойлануына, ғылыми тұрғыдан ойлануына қойылатын негізгі талаптардың бірі. Біздің айналамыз маңызды принциптерді анықтап, сауалдарымызға жауап беретін қызықты деректерге толы. Тек талдау жасай білетін адам ғана, оны байқап, ол туралы айта алады. Біз бәріміз адамдармен қарым-қатынас жасаймыз, алайда кейбір адамдар ғана қарым-қатынастың тиімділігі туралы кітап жазуға қабілетті. Мұндай кітап біз бәріміз араласатын, бірақ әрбіріміз байқай бермейтін, ең маңызды дүниені атап көрсете алмайтын талдау нәтижесі. Сонымен ақпаратты, оқиғаны, өзіңіздің тәжірибеңізді, өз біліміңізді талдаңыз. Бар ақпаратты орын орнына қойғаннан кейін сөз сөйлеудегі мақсатыңызға жетуде қайсысы сізге лайықты екенін таңдаңыз, жинақты пайдаланып, өзіңіздің шешендік өнеріңізді қалыптастырыңыз. Шешен сөйлеудегі ең маңызды тақырып тыңдаушылармен табысты қарым-қатынас жасаудың құпияларына тоқталсақ, жақсы сөйлеу үшін сіздің аудитория алдындағы сөзіңіз анық, қызықты, сенімді болуы керек, ең жақсы қарым-қатынасты қамтитын ептілігіңіз қажет. Сонымен бірге сіздің сөзіңіз айтарлықтай қысқа болуы, 20 минуттан аспауы тиіс. Бұл туралы осыдан жарты ғасыр бұрын Ф.М.Достоевский: «Өз халқыңды жиырма минуттан артық жазықсыз ұстауға болмайды» деген. Ал Рон Хофф болса кез келген тұсаукесерді 6 минутқа дейін қысқарту керектігін айтқан және 360 секунд ішінде жеткізуге болатын тамаша сөздерді мысалға келтірген. Аудиториямен жақсы қарым-қатынас орнату үшін түсінікті сөйлеу қажет, егер адамдар сізді түсінбесе қарым-қатынастың болуы мүмкін емес. Қызықты әңгімеші болыңыз, бұл тыңдаушыны өзіңізге тартады. Сендірерліктей болыңыз. Өзінің айтып тұрған сөзіне сенімсіз адам сенімділік пен құрметке ие бола алмайды. Көрнекілік – табысты қарым-қатынас орнату үшін сөйлеп қана қоймай, бірнәрсені көрсетіңіз, қабылдаудың түрлі жолдарын пайдаланыңыз. Епті болуға тырысыңыз. Теорияландырылған мылжың сөз кім-кімді де зеріктіреді және алыстатады. Байланыс – сөйлеу кезінде аудиториямен байланыста болыңыз, алшақтамаңыз, жиһаздардың немесе ақылға қонбайтын сөздердің артына жасырынбаңыз. Егер регламент сөйлеушінің ұзақ сөйлегенін талап ететін болса, онда тыңдаушылардың қызметінің өзгеруіне ықпал етуге 20 минут бөлу керек, 10 минут- сұрақ-жауапқа, содан соң видеосюжет немесе кофе-үзіліс, содан кейін сөз сөйлеуді жалғастыруға және т.б. болады. Егер сөйлеу жалғасатын болса, онда бөліп сөйлеу қажет, яғни, қысқа үзілістер керек. Ал егер сөйлеу ұзаққа созылатын болса, оның кейбір үзінділерін қайталағанның айыбы жоқ, бұл тыңдаушылардың сөзді терең ұғына түсуіне ықпал етеді.
«Аудиторияны қаперге алмай тұсаукесерді әзірлеу – белгісіз біреуге ғашықтық хатын жазғанмен тең» деген екен Кэн Хэмер. Аудиториямен жұмыс істеу үшін оларды білу қажет. Дайындық кезінде кейбір сұрақтарды білуге уақыт бөліңіз. Тыңдармандардың білім деңгейі қандай, әлеуметтік беделі мен кірісі, ортақ қызығылушылықтарыңыз бар ма, тіл ерекшелігі қандай, олар нені қабылдап, нені қабылдамауы мүмкін, сіздің сөзіңізді тыңдап, қабылдау әзірліктеріне қандай жағдайлар әсер етеді, аудиторияның қандай корпоративтік нақты ерекшеліктері бар? Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Ақпарат көп болған сайын, сізге де жақсы.
«Шөліркеу заңдылығы». «Сіздің не айтып тұрғаныңыз емес, олардың нені естіп тұрғаны маңызды»,- дейді Рэд Ауэрбах BostonCeltiks. Маңызды бір нәрсе айтпас бұрын адамдар сізден қайта сұрауға мәжбүр болатындай дүниені айтыңыз. Былайынша айтқанда, алдымен адамдарға тұз ұсыныңыз, содан соң су беріңіз. Сіз айтып тұрған дүние болмаса қиын екенін көрсетіңіз. Білген кезде жақсы болатынын көрсетіңіз. Ол туралы білетін адамдарда бәрі жақсы екенін айтуыңызға болады. Мысалы «Сізде барлық қажеттіліктерге ақша жете ме? Сіз күйзеліссіз өмір сүресіз бе? Сіз не істеуге болатынын білесіз бе? Бір әмбебап тәсіл бар...» «Осы тақырыпты меңгергеннен кейін сіз адамдарды түсіне бастайсыз, ортақ тіл табысасыз, көпшілік алдында сөйлеу арқылы мақсатыңызға жетесіз...» «Кәсіби жүргізушілер бір құпияны біледі. Ол...»
Ал түсінікті сөйлеу үшін жоспарды дайындауға кіріспес бұрын негізгі ойды анықтап алу керек. Негізгі ой – сіздің мақсатыңызды көрсететін, оны түсіндіріп, түрлендіріп, дәлелдейтін күрделі сөйлем ретінде білдірілген сөйлеудің негізгі идеясы. Сондай-ақ тыңдаушылармен қарым-қатынаста жақсы сөйлеп, жетістікке жету құпияларын меңгеруде сөз сөйлеу сызбасы, сөйлеу пункттері, сөйлеудің кеңейтілген сызбасы, байланыстар, түсіндіру, сөзіңізді қалай түсінікті етуге болады, көрнекілік, жүзеге асыру, ынталандыру, назар аударту, сөз сөйлеу кезінде тыңдаушыны қызықтыра білу, оқиғаларды қалай жеткізу керек, сұрақты қоя білу және оған жауап бере білу, сөзіңді неден бастау керек, сөзді немен аяқтаған дұрыс, суырып салу өнері, өзіңді тексеруге арналған тапсырмалар сияқты тақырыптарды білудің маңызы зор. Олардың әрқайсысы бір тақырып.
Аудиторияға ықпал етуде сендіру принциптері мен дәлелдеме ережелері, дәлелдеменің логикалық әдістері, психологиялық дәлелдемелер, эмоциялық ықпал, түсініспеушілік кезіндегі сөз шешенінің өзін ұстауы, өзін тексеруге арналған тапсырмалар тәсілдерін білудің орны ерекше. Ал көшбасшының сөйлеу мәнері, дауысы, сөйлеу құралын қалай жаттықтыру керек, сөйлеу қатынасы кезіндегі белсенділігі, бет қимылы мен ымдау тілі, «стиль» түсінігі нені қамтиды, өзіне сенімділік, эмоциялық бейімделу техникасы бұлардың бәрі сөз шешенінің жеке қасиеттері мен техникасын қамтиды. Бір сөзбен айтқанда, біз ұсынған, мысалға келтірген тәсілдер мен құпиялар сіздің сөз шешені болуыңызға және осы жолда басқалар жіберген қателіктерді қайталамауыңызға көмектеседі. Көпшілік алдында сөйлеген кезде аудиторияның «өз адамына» айналуға тырысыңыз, ешқашан сөйлейтін сөзіңізді сөзбе сөз жазып алмаңыз, бұл сөйлеу бостандығының дамуына тек қана кедергісін тигізеді. Әр сөйлеген сайын шешендік өнеріңізді дамытыңыз, қарамағыңыздағы қызметкерлерге болашаққа арналған жоспарлар жайлы айтсаңыз да, жеке клиентке арналған өнімнің немесе қызмет көрсетудің тұсаукесері болсын, әлде инвесторға немесе бас директорға арналған баяндама ма, ол маңызды емес. Ең бастысы өз ойыңызды жеткізу. Еңбегіңіз жемісті болсын!
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы К.М.Мекемтас – Мәскеу Бизнес Академиясының аспиранты.
[xfvalue_img]
11 пікір