Сотқа қатысушы тараптар және олардың процессуалдық құқықтары
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V ҚРЗ 47-б. сәйкес талап қоюшы мен жауапкер азаматтық процесте тараптар болып табылады.
Өздерінің бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғап талап қою берген немесе осы Кодексте көзделген тәртіппен өзге де тұлғалар оларды қорғап талап қою берген азаматтар мен заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылады.
Өздеріне талап қою берілген азаматтар мен заңды тұлғалар жауапкерлер болып табылады.
Заңда көзделген жағдайларда, заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар да тараптар болуы мүмкін.
Басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін заң бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар тұлғалардың арызы бойынша өз мүддесінде іс басталған тұлғаға сот туындаған процесс туралы хабарлайды және ол оған талап қоюшы ретінде қатысады.
Азаматтық процесте мемлекет тарап болуы мүмкін.
Тараптар процестік құқықтарын тең иеленеді және олардың бірдей процестік міндеттері болады.
Тараптар; үшінші тұлғалар; прокурор; мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар немесе осы Кодекстің 55 және 56-баптарында көзделген негіздер бойынша процеске кіретін азаматтар; осы Кодекстің 302-бабында санамаланған сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер бойынша мәлімдеушілер мен өзге де мүдделі адамдар іске қатысатын адамдар деп танылады.
Іске қатысатын адамдардың құрамы тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар талаптарының, қарсылықтарының нысанасы мен негіздерінің және қолданылуға тиіс заңдардың мазмұнымен айқындалады.
Азаматтық процестік құқықтар мен міндеттерге ие болу қабілеттілігі (азаматтық процестік құқық қабілеттілігі) барлық азаматтар және материалдық құқық субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар үшін бірдей шамада танылады.
Сотта өздерінің әрекеттерімен өз бетінше өз құқықтарын жүзеге асыру және міндеттерін орындау қабілеттілігі (азаматтық процестік әрекет қабілеттілігі) он сегіз жасқа толған азаматтарға, заңды тұлғаларға толық көлемде тиесілі болады.
Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қорғайды. Сот осындай істерге қатысуға кәмелетке толмағандардың өздерін немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтарды тартуға міндетті. Кәмелетке толмағандардың немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың заңды өкілдерінің өтінішхаты бойынша сот іске қатысуға прокурорды тарта алады.
Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері, прокурор қорғайды.
Заңда көзделген жағдайларда, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың азаматтық, отбасылық, еңбек, кооперативтік және өзге де құқықтық қатынастардан және алған жалақысына немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстарына иелік етуге байланысты мәмілелерден туындайтын істер бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін сотта жеке өзі қорғауға құқығы бар.
Заңда көзделген негіздер бойынша эмансипацияланған кәмелетке толмағандар эмансипация кезінен бастап толық процестік қабілеттілікке ие болады.
Сот осы баптың төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін оларға көмек көрсету үшін өз қалауы бойынша іске қатыстыруға құқылы.
Іске қатысатын адамдардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшірмелер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; қарсылықтарын мәлімдеуге; дәлелдемелерді табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысатын басқа да тұлғаларға, куәларға, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға; өтінішхаттар, оның ішінде талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдану туралы, дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша, қосымша дәлелдемелерді талап ету туралы, татуластыру рәсімдерін қолдану туралы өтінішхаттар беруге; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысатын басқа да адамдардың өтінішхаттары мен дәлелдеріне қарсы болуға; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімдеріне, ұйғарымдары мен қаулыларына шағым жасауға; Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасында берілген басқа да процестік құқықтарды пайдалануға құқығы бар. Олар басқа адамдардың құқықтарын теріс пайдаланбай, олардың мүдделерін бұзбай, өздеріне тиесілі барлық процестік құқықтарды адал пайдалануға тиіс және істерді қарау мен шешу мерзімдерін қасақана созып жіберуге жол бермеуге тиіс.
Іске қатысатын адамдар істің нақтылы мән-жайлары туралы сотқа толық әрі шынайы түрде мәлімдеуге, сөз сөйлеуге немесе сотқа екінші тарап растаған фактілерді теріске шығаратын жазбаша құжаттар ұсынуға міндетті. Іске қатысатын адамдардың процестік міндеттерін орындамауы осы Кодексте көзделген процестік салдардың туындауына әкеп соғады.
Корпоративтік дауға қатысатын тараптар әрбір нақты құжатты көрсетпестен, бір-бірінен және куәлардан іс үшін маңызы бар құжаттарды сұратуға құқылы.
Тараптар мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын құжаттарды бір-бірінен және куәлардан сұрата алмайды.
Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген әрекеттер жазбаша нысандағы не электрондық құжат нысанындағы арыздар мен өтінішхаттарды, құжаттарды беру арқылы жасалуы мүмкін.
Астана қаласы
Сарыарқа аудадық сотының
бас маманы
Сәрсембаева Жібек Қайратқызы
[xfvalue_img]
14 пікір