Жамбылдық полицейлер жастарды есірткі сатушыларға қарсы бірлесіп күресуге шақырды
Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласындағы «Тараз-Ғасыр» колледжінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, «Есірткісіз жарқын болашақ» тақырыбында семинар өткізді.
Іс-шараға Тараз қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, студенттер қатысты.
Семинар қатысушыларына есірткі қылмысына қарсы профилактикалық бейнероликтер көрсетілді. Полиция қызметкерлері есірткі заттарының, оның ішінде синтетикалық есірткінің зияны және оларды пайдалану салдарынан туындайтын зиянды құмарлықтар, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстық заңнаманың негізгі талаптары туралы айтып берді.
- Семинардың мақсаты: жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлыққа қарсы күресті күшейту. Біз жастарды есірткі сатушылардың қылмыстық ықпалына түспей, бірлесіп қарсы әрекет етуге шақырамыз, - деп атап көрсетті Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.
[xfvalue_img]