Әкімшілік әділет – ең ірі реформаның бірі

Әкімшілік әділет – ең ірі реформаның бірі

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев алғашқы жолдауында «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет», – деген еді.

Президент байқап, бағдар берген бұл мәселе бұған дейін де талай талқы тақырыбына айналған болатын. Ал әкімшілік әділеттің маңызына жолдауда мән берілуі жаңа институттың тәжірибеге енгізілу уақытын жеделдетті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты құралдарының бірі болып саналатын жаңа кодекс мем­лекеттік, әкімшілік органдар­мен қарым-қатынастарда азамат­тардың жаңа құқықтық кепіл­діктерін және олардың құқық­тары мен заңды мүдде­лерін,
о­ның ішінде сот ісін жүргі­зу­дің жа­ңа нысаны арқылы қорғау­дың неғұрлым жоғары деңгейін белгіледі.

Еліміздің құқықтық тарихында тұңғыш рет әкімшілік әділет құрылымы енгізіліп, сот төрелігіне тың серпін беретін жаңа заң 2020 жылдың 29 маусымында қабылданып, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді.

Жаңадан қабылданған Әкімшілік рәсімдік процестік кодексі азаматтардың құқығын сапалы қорғап, заң үстемдігін сақтаудың кепілі болмақ.

Мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтар арасында даулы жағдайлар жиі туындайды. Іс сотқа жеткен кезде шешім көбіне мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлғаның пайдасына шешіліп жатады. Себебі, мемлекеттік органдардың қолында барлық ресурс бар. Ал қарапайым адамда ондай әлеует жоқ. Осы себептен мұндай дауларда қолында билігі бар мемлекеттік мекеме жеңіске жетеді. Ал Әкімшілік рәсімдік процестік кодексі осы теңсіздікті жою мақсатын көздейді.

         Аталған кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.

         Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің қабылдануымен мемлекеттік органдарда ішкі әкімшілік рәсімдердің өзгеруіне байланысты азаматтардың өз мүдделерін тиімдірек қорғауға ықпал етіп,  азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдарда жолданымдарын қарау тәртібін нақты айқындауға мүмкіндік берді, ал әкімшілік орган мен лауазымды адамдардың заң шеңберіндегі әрекеттері халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруына алып келеді.

ӘРПК-нің 6 – бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер келесі қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:

- заңдылық қағидаты - әкімшілік органмен, лауазымды тұлғамен әкімшілік рәсімді атқару барысында заңдылықты қарастырады;

- әділдік қағидатымен әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз ету бекітілген;

- құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау қағидатына сай, әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы;

- мөлшерлестік қағидаты бойынша әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

Заңнаманың жаңашылдығы келесі қағидаттар:

- әкімшілік қалаудың шектері, яғни әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті;

- құқықтар басымдығының қағидаты, барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі;

- сенім құқығын қорғау қағидаты, әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның қызметіне, әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше сенімін қорғайды. Бірақ, сенім құқығы заңсыз әрекеттер (әрекетсіздіктер) жасауға ақтау бола алмайтындығын есте сақтауымыз қажет; 

- формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған заңнамада белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынады;

- анықтық презумпциясы, әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар, объектілер, құжаттар мен мәліметтер әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше, анық деп есептеледі.

Жоғарыда аталған қағидаттарды сақтау өте маңызды, себебі олардың бұзылуы, сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға алып келеді ( ӘРПК-ң 6 - бабы).

         Әкімшілік сот ісін жүргізудің бір ерекшелігі ол соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады.

         Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерін, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.

         Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

         Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.

         Әкімшілік рәсімде құқықтар мен міндеттерге ие болу қабілеттілігі барлық әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін тең дәрежеде танылады.

         Әкімшілік сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады.

         Талап қоюдың түрлері келесідей:

  • дау айту туралы талап қою;
  • мәжбүрлеу туралы талап қою;
  • әрекет жасау туралы талап қою;
  • тану туралы талап қою.

         Ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қоюға құқылы.

         Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған қолайлы әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін.

         Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған мұндай әрекеттерден қапыс қалуды талап етуі мүмкін.

         Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап етуі мүмкін.

Сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізудің тағы бір ерекшеліктердің бірі ол – ақшалай өндіріп алу. Сот процесіне қатысушылар тәртіпті бұзып, сот талабын орындамаса, судья оларға бірнеше шара қолданады. Олар алдымен ескерту; бұдан бөлек сот залынан шығару және ақшалай айыппұл салу түрінде қолданылады.

Әкімшілік әділет – ең ірі реформаның бірі. Әр шешім, жасаған әр қадам жұртқа түсінікті болуы тиіс. Әкімшілік әділетті енгізген елдерде барлық салада оң өзгерістер болған. Бизнес-климат жақсарып, инвесторлар келе бастаған. Адамдардың әл-ауқаты артқан.

Әкімшілік әділет институты бойынша дауларды қарау кезінде азаматтар мүддесінің басым болуына мән беріледі. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қолданысқа енгізу – азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың ерекше тетігіне айналуда.

Жаңа заң бойынша түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы   

Қымбат Алпысбаева

 

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив