Еліміздегі құндылықтарды дұрыс атайық!

Еліміздегі құндылықтарды дұрыс атайық!

       «Дат.Общестенная позиция» газетінің 2023 жылғы 23 қараша күнгі шыққан 41-ші номіріндегі еңбек ардагері, қоғам белсендісі Қосжан Жәниұлының «Егемен бе, әлде тәуелсіз Қазақстан ба?!» деген атаумен жарық көрген мақаласындағы ой-ұсыныстарды саяси көзі қырағы, адами дұрыстық пен шыншылдыққа деген көкрегі ояу, жадында патриоттық сезім қалыптасқан халқымыздың басым көпшілігі қолдайды деген үміттемін. Мақалада ертеден ойымызды қозғап, пайымымызды мазалап, намысымызға тиіп жүрген көп мәселелер қозғалғаны анық. Шынында Еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстан» заманымыздың ағысына байланысты «Егеменді Қазақстан» (кейінде «Егемен Қазақстан») деген атаулармен өзгергенде, таңырқағанымыз рас. Қазақи саяси-қоғамдық ортада бұрындары қолданылмаған, құлағымыз шалмаған «егемен» сөзі жат болып көрініп, қабылдауымызға қиындық туып,  мән-мағынасын жіті түсінбегеніміз рас. Әлі де солай. Автордың «Егемен Қазақстан» деген атаудың өзі-қазақтың рухын көтермелеуге, оның қанын тасытуға әлжуаз сөз тіркесі екендігін байқау қиынға соқпайды ...еліміздің бас газетін «Тәуелсіз Қазақстан» деп өзгертсек ...бүкіл елімізде халықтың көңіл-күйі көтеріліп, бойларын мақтаныш сезімі билеп, жүректерінде сүйсініс тудырар еді ғой!» деген жүрекжарды ұсынысын еш күмәнсіз қолдаймыз. Өйткені, ұлтжанды патриот отандастарымыз үшін Тәуелсіздік ең қымбат құндықық, мейілінше ардақты ұғым, биік мағыналы түсінік болуы абзал. Әр қазақ осы түсінікті жадында сақтап, Тәуелсіздіктің көк туын мейілінше биік көтеруге тырысу асыл парыз. Тәуелсіздігімізді нығайту үшін шынайы патриот болып, Елімізді, жерімізді, тілімізді, ділімізді және басқа да ұлттық құндылықтарымызды қорғауға бар қажыр-күшімізді аямауымыз керек. Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев: «Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі.  Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз» - деген ой-пайымы терең, ауқымы кең тамаша сөздерді қоғамға жария еткен болатын.

         Аталмыш мақала авторы Қосжан Жәниұлы Қызылорда облысынан болғандықтан, қызылордалықтарды мына мәселеге назар аударуын өтінемін. Қасиетті Сыр бойындағы көне шаһарлардың бірі, қазіргі Қызылорда қаласының атауы бірнеше рет өзгерген болатын. Ол 1818 жылы Ақмешіт болып аталған. Содан 1853 жылы Ресей империясының билеп-төстеу заманында Перовск болып ауыстырылды. Қайтадан бұл қала 1922 жылы  Ақмешіт атанған. Кеңес өкіметі бекіп, қызылдар партиясы билік құрған шақты, яғни 1925 жылдың 15 сәуірінде еліміздің жаңа астанасы болып танылған Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз  автономиялы социалистік кеңес республикасы (Қырғыз АССР) кеңестерінің V съезі ашылған болатын. Бұл съездің негізгі күн тәртібінің бірі болып, «қырғыз» аталып келген халықтың тарихи дұрыс атын қайтарып, онда «Бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ» деп аталсын» деген тарихи әділ қаулы қабылданды. Сонымен қоса, съезд Киргиз Республикасын «Қазақ Республикасы» деп атауға, ал астанасы Ақмешітті Қызылорда деп алмастыруға шешім қабылдады. Өкінішке қарай, осы қаланың атауы мен жаңа мән-мазмұны қызыл коммунистердің бас ғимаратында қызыл туы желбіреген қызылдардың ордасы болып шыға келді. Осы сөзді құрап тұрған «қызыл» және «орда» сөздері көне тарихы бай қасиетті туған жерімізге жат сөздер. «Қызыл» сөзі коммунист-қызылдар саясаты желеу етілгені анық болса, «орда» сөзі де қазақ топырағына жат сөз. Ол елімізде ХІІІ ғасырдан бастап моңғол шапқыншылығынан бастап тараған моңғол сөзі (Орда – искаженное монгольское слова «ordu», что значит «ставка», «походный дворец». Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. Алматы. Ғылым, 1993. 195-бет).                                                 

             Қызылорда атауының бүгінге дейін сақталғанына таңырқауға әбден болады. Қазақстан егемендік алған кезеңнен бастап қоғамдық формация өзгеріп, Кеңес Одағы келмеске кеткеннен бері коммунистік құндылықтар қатаң сынға ұшырап, Сталин бастаған большевиктер кезеңіндегі қатыгез солақай саясаттан қазақ халқы орасан зардап шеккені белгілі: 4 миллиондай қазақ аштықтан өлді, 2 миллионға жуығы ыстық ұясын қимаса да, елден қашуға мәжбүр болды және т.т. Ал моңғол шапқыншылығынан да қазақты құрайтын тайпалар қырылып, гүлденіп тұрған жүздеген қалалар мен  мыңдаған ауыл жермен-жексен болып, тып-типыл болып құрыды (История Казахстана, том 1, Алматы, 1996, с.444; Албани Б., Тарихи таным. Моңғол шапқыншылығы, Алматы, 1994, 209-214 беттер; С.Г.Кляшторный, Т.И.Султанов. Казахстан. Летопись трех тысячилетий; Вторжение татаро-монгольских орд. Алма-Ата, «Рауан», 1992, стр.171-182). Осыған қарамастан, тәуелсіздігімізді орнатқалы, көк туымызды желбіреткелі 30 жылға жуық уақыт өтсе де, қала «қызылдар ордасы» атауынан арылмай келеді. Тәуелсіз Қазақстандағы Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск және тағы басқа қалалардың атауын өзгерту қиындыққа душар болып келе жатқанын білеміз. Сондықтан, игілікті де әділетті істі әуелі өзімізден бастап, Қызылорда қаласының қазіргі атауын оның ежелгі тарихи атауы – Ақмешіт немесе қазаққа ықылым заманнан қасиетті Сырдария түсінігіне сай «Сырқала» атауына өзгерткен дұрыс. Осы ұсынысты Қызылорда облысының намысы зор қалың жұрты мен биліктегі азаматтар қолдайды деген ойдамын.

Нақыпбек Садуақастегі, заңгер-құқықтанушы, публицист

 

        

        

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив