Азаматтық іс жүргізудегі тың өзгерістер.

Азаматтық іс жүргізудегі тың өзгерістер.

 

2020 жылдың 10 маусымы күні еліміздің Президенті соттарда азаматтық іс жүргізуді реттейтін заңнамалық актілерге жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Жаңа заң сот жүйесіне жаңа серпіліс алып келетіні хақ.

Жаңашылдықтар Алмания, Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, Канада сынды елдердің алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелерін ескере отырып, енгізілді десек болады.

         Заңға енгізілген өзгерістерді негізгі үш бағытқа бөлуге болады.

Олар: а) судьялар мен процеске қатысушылар жұмысының жаңа форматы; б) азаматтық процесті оңтайландыру; в) сот іс жүргізуін цифрландыру.

         Бірінші бағыт процестегі судья рөлін түбегейлі өзгерту. Қазіргі жағдайда азаматтық процестік заңнама талаптарына сәйкес судья дәлелдемелер жинақтау міндетінен босатылған, бұл жүк толыққанды тараптарға жүктелген. Тек ол жөнінде тараптар өтініш білдірген кезде ғана судья оларға дәлелдемелер жинақтауға көмектесуіне мүмкіндігі бар. Осылайша, судья істің барлық мән-жайларын анықтауға араласа алмайды.

         Ал жаңа заң судьялардың құзыреттілік шеңберін кеңейтіп, объективті ақиқатты анықтауға мүмкіндік береді. Себебі, көп жағдайларда іс бойынша бір тарап ретінде заңгерлік білімі жоқ қарапайым азаматтар өз құқықтарын қорғай алмай жатады, кейбір заңнамалық ерекшеліктерді олар біле бермейді. Екінші тарап ретінде кәсіби заңгер немесе мемлекеттік органның маманы болса, тараптардың жағдайы тең деп айтуға келмейді. Мұндай жағдайларда судьяның қолы байлаулы десе де болады, ол тараптар өтініш білдірмесе қосымша дәлелдемелерді талап ету жөнінде сот тапсырмасын да, іс бойынша тарап болып табылатын қарапайым азаматқа ондай өтініш жасау туралы кеңес те бере алмайды. Қабылданған заң осындай олқылықтардың орнын толтыруды көздеп отыр.

         Әрине, азаматтық процестегі тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы принципін ешкім жоққа шығармайды, бірақ оны абсолюттандырудың да қажеттілігі жоқ: принциптер барлық құқық субъектілерінің мүдделері үшін, соның ішінде талап қоюшы да жауапкер тараптардың да мүдделері үшін жұмыс жасауы керек.

         Тағы бір жаңашылдық – қабылданған шешімнің құқықтық негіздері мен салдарын түсіндіруді заңнамалық тұрғыдан бекітілуі. Осы кезге дейін мұндай міндет Кодексте болған жоқ. Сот шешімін қабылдауға негіз болған мән-жайларды, сот шешімінің өзін, оның құқықтық салдарын азаматтарға қарапайым түсінікті тілде түсіндіру сотқа деген сенімнің артуына септігін тигізері сөзсіз. Себебі, сот шешіміне наразылық көп жағдайларда оны толық түсінбегендіктен де болып жатады.

         Келесі енгізілген өзгеріс маңызды бағыт – азаматтық процесті оңтайландыру. Адамдар уақыттың қадірін біледі және өздерінің істерінің тиімді шешілуін күтеді. Осы тұрғыдан алған кейбір шешілуінде даулы түйіткіл мәселелер жоқ талаптар бойынша оңайлатылған іс жүргізу талаптарымен қаралатын талаптар құнының ең төменгі шегін жеке тұлғалар үшін 200 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал заңды тұлғалар үшін 700 АЕК-тан 2 000 АЕК-қа дейін көбейтілді. Бұл өз кезегінде дау жоқ келісім-шарттық міндеттемелер, банкттік заемдар, мемлекеттік сатып алу келісім-шарттары, шарттық міндеттемелер бойынша сомаларды өндіріп алу істерін оңайлатылған тәртіппен қарап, соттардың жүктемесін жеңілдетіп, тараптардың да уақытын үнемдеуге жол береді.

         Оңайлатылған тәртіпте қаралған істер бойынша сот шешімі тек кіріспе және қарар бөліктерінен тұратын болады. Ал қажет болған жағдайда, талап қоюшы немесе жауапкердің арыздары арқылы сот шешімнің толық нұсқасын әзірлеп береді.

         Келесі өзгерістер судьяның кеңесу бөлмесіне кетуін алып тастауды көздеп отыр. Қазіргі уақытта сот шешімін шығару үшін судья міндетті түрде сот залынан кеңесу бөлмесіне кетуі тиіс. Тәжірибеде бұндай жағдайға қатысты «судья кіммен кеңеседі?» деген сияқты кейбір сұрақтар туындайды. Бұндайда сенімсіздік пайда болуы ықтимал. Әрине, құпиялылық сақталуы керек. Дегенмен, қазіргі жағдайда ол үшін бөлек бөлмеге кету қажеттілігі жоқ деп есептейміз.

         Өзгерістердің соңғы бағыты – сот ісін цифрландыру. Елімізде бұл салады көптеген шаралар атқарылуда және өз жемісін де беруде. Қазіргі кезде арыз-шағымдардың 90 пайызынан астамы электрондық түрде түсуде. Бұл үрдісті бәсеңдетпеуіміз қажет. Сондықтан, тараптарды шақыртусыз қаралатын бұйрықтық және оңайлатылған іс жүргізуді электронды форматқа көшірілді. Ал егер қандайда болмасын бір тарап дәстүрлі қағаз форматына көшуді қаласа, іс жүргізу жалпы тәртіпке көшірілуі мүмкін.

Талап қою іс жүргізуі бойынша бұндай форматты сот тараптардың пікірін ескере отырып белгілейді.

Заң жобасы көптеген басқа да жаңашылдықтарды көздеп отыр: мысалы электрондық хаттаманың енгізілуі, процеске қашықтықтан қатысу, процеске қатысушылардың электрондық гаджеттерін және басқа да техникалық құрылғыларын қолдануы, және т.б. Сонымен қатар, екі тарап келіскен жағдайда медиация рәсімін жасау үшін талап арызды өндіріске қабылдау мерзімін 10 жұмыс күніне дейін ұзарту көзделіп отыр. Себебі, осы кезге дейін бұл сатыдағы қысқа мерзім ішінде (5 күн) тараптар медиация рәсімін өткізуге үлгірмей қалып, іс өндіріске қабылданып, дайындық сатысына ауысып кетіп жүрді. Сондықтан, жаңа өзгерістер тараптардың талап арыз сот өндірісіне қабылданбай тұрып медиация рәсімін өткізулеріне толық мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сала мамандары азаматтық процестік заңнаманы жаңа форматқа өзгерту барысында ауқымды шаралар атқарылғанын және олар еліміздің әрбір азаматының құқықтарын сотпен қорғалуын қамтамасыз етуде нақты нәтижелер беретінін айтуда. Біз де бұл пікірмен толық келісеміз.

 

Есжанов С.Р.

Жаңақала аудандық сотының төрағасы Батыс Қазақстан облысы

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив