Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар өзекті мәселелердің бірі

Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар өзекті мәселелердің бірі

 

«Отбасы — шағын мемлекет» деп халқымыз бекер айтпаған болар. Өйткені, махаббат пен бақытқа толы, береке мен бірлігі жарасқан отбасының ұрпақ тәрбиесіне, халық санының көбейуіне, қоғам байлығының артуына, мемлекетіміздің одан әрі нығайуына тигізер ықпалы зор.

Сондықтан отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында жасалатын құқық бұзушылықтар елімізде өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Өкінішке қарай соңғы кездері отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар азаймай тұр. Оның басты себептерінің біріне құқықбұзушының үнемі алкогольдік ішімдігін тұтынудан маскүнемдікке салынуы, жұмыссыздығы, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты жағдайлар жатады 

Ағымдағы заңнамаға сәйкес отбасы-тұрмыстық қатынастарға, ерлі-зайыптылар, бұрынғы ерлі-зайыптылар, бірге тұратын немесе бірге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы бар адамдар арасындағы қатынастар жатады.  

Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 292-VІ ҚРЗ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне (әрі қарай, ӘҚБтК) бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енген болатын.

Енгізілген өзгерістер бойынша құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер үшін ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен көзделген әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы мерзімі 5 тәулiкке дейiн өсті, бұрын 3 тәулікке дейін болған. Бұл баппен баламалы жаза ретінде ескерту жасау түріндегі жаза бұрыннан да қарастырылған.

Егерде осындай әрекеттер әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған жағдайда 10 тәулiкке дейiнгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.   

Көп жағдайларда отбасы ішіндегі дау құқық бұзушымен алкогольдік масаң күйде жасалуы салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірумен аяқталған кездері де аз емес.             

Енгізілген өзгерістерге сай, ӘҚБтК-нің 73-1-бабы 1-1-бөлікпен толықтырылып, яғни денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамға қатысты жасалған әрекеттер үшін ескерту жасауға немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы көзделген.

Егер осындай әрекеттер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған болса – 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.

Бұдан басқа, аталған Заңмен ӘҚБтК-нің 73-2-бабы да 1-1-бөлікпен толықтырылып, яғни тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдануды отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамға қатысты жасалған әрекеттер үшін –  ескерту жасауға немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу қарастырылған. Мұндай әрекеттер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.

Жоғарыда көрсетілген отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы әкімшілік құқықбұзушылықтарды осы Кодекстің 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдарға, яғни жүктi әйелдерге және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмаған адамдарға, 1 және 2-топтағы мүгедектерге, сондай-ақ елу сегiз жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастан асқан еркектерге және он төрт жасқа толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге айыппұл түріндегі әкiмшiлiк жаза көзделген.

Ал, қамаққа алу қолданылмайтын адамдарға жатпайтын тұлғаларға отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін айыппұл салу түріндегі жазаның көзделмеуі, жазаның отбасының материалдық жағдайына әсер етпеуі үшін жасалған.

Әдетте отбасы-тұрмыстық құқықбұзушылықтардан әйелдер және балалар, бірге туған бауырлары, кей кездері құқықбұзушының ата-анасы да жәбірленуші болып жатады.

Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде сотпен ӘҚБтК-нің 54-бабының талаптарына сай, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар жасаған адамның мiнез-құлқына 3 айдан бір жылға дейінгі мерзім ерекше талаптар белгіненуі мүмкін, Атап айтқанда, жәбiрленушiнiң отбасының кәмелетке толмаған және әрекетке қабiлетсiз мүшелерiн қоса алғанда, жәбірленушінің еркiне қарамастан, оны iздестiруге, оның iзiне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсiлдермен байланыс жасауға; атыс қаруын және қарудың басқа да түрлерiн сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға; кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның рұқсатынсыз кәмелетке толмағандарға белгілі бір жерлерге баруына, басқа да жерлерге шығуына; алкогольдік ішімдік ішуге, есірткі, психотроптық заттарды қолдануға толық көлемде немесе жеке-жеке тыйым салуды көздейтiн ерекше талаптар белгiлеуi мүмкiн. Ерекше талаптар мерзімі аралығында құқық бұзушының жүріс-тұрысына профилактикалық әңгіме жүргізу үшін, ішкі істер органына айына 1-ден 4-ке дейін келіп тұру міндеті де жүктелуі мүмкін.        

Құқықбұзушының мiнез-құлқына ерекше талаптар белгілеу отбасы-тұрмыстық жанжалдан туындайтын ққылмыстық құқықбұзушылықтардың да алдын алуға да көмектеседі.  

ӘҚБтК-нің 64-бабының 1-1-бөлігіне сай, осы Кодекстің 73, 73-1 немесе 73-2-баптарда көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды алғаш рет жасаған адамдар жәбірленушілермен, арыз иелерімен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірген зиянын жуып-шайса, сот оларды әкімшілік жауаптылықтан босатуы мүмкін деп көрсетілген. Сондықтан, осы негіздермен әкімшілік жауаптылықтан босатуы алғаш рет жасаған адамдар ғана қолданылуы, олардың қайталап осындай құқықбұзушылықтар жасауын алдын-алуға оң әсерін тигізеді.

Әдетте қарапайым отбасы-тұрмыстық жанжал болған жағдайда көбіне әйел, бала, кәрі адам әртүрлі себептерге байланысты көмекке жүгіне алмайды. Сондықтан осындай құқық бұзушылықты жасауға жол бермеу мақсатында, уақытылы профилактикалық шараларды жүзеге асыру үшін, үнемі халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет.

Бүгінгі таңда Қаратөбе аудандық сотының бастамасымен ауданымызда «Зорлық зомбылыққа жол жоқ» атты жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс тобының мүшелігіне аудандық сот, прокуратура, полиция бөлімі, әкімдік, ішкі саясат бөлімі, білім беру бөлімі, психолог, медиатор, билер кеңесі, аналар және әйелдер кеңесі қоғамдық бірлестігінің өкілдері кірді. Бұл жұмыс тобымен отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарын және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында тиісті іс шаралар атқарылуда.

Осыған орай, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында құқық бұзушылықтардын профилактикасын күшейту, оларды жою үшін, басқа да уәкілетті органдармен бірігіп, сонымен қатар барлық қоғамның да күш біріктіруі арқылы тиісті іс шаралар атқару әр отбасынан құралатын еліміздің болашағы үшін өте маңызды.      

 

М.Ө.Шүкіров

Қаратөбе аудандық сотының төрағасы

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив