Азаматтық процестегі судьяның құзыреті кеңейді

Азаматтық процестегі судьяның құзыреті кеңейді

 

Барлық жұмысы айнадағыдай анық көрініп тұратындықтан сот саласына, судьялар жұмысына қатысты әртүрлі пікірдің айтылатыны шындық. Өкініштісі, қазылар қызметіне ризашылығын білдіріп, алғысын айтқандардың лебізі тасада қалады да, кемшілікті көрсеткен, сыни пікірін білдіргендердің жазбасын жұрт лезде таратып, бөлісіп жатады. Бірақ сот неге мұндай шешім қабылдады, заң талабы қандай, тараптар нені назардан тыс қалдырды деген сауалдарға үңіліп, жауап іздейтіндер сирек.

Судья ар мен заңды басшылыққа ала отырып шешім шығарады. Оның өз тарапынан тараптардың аузына сөз салуға, ескермеген құжаттарын сұратуға құзыреті шектеулі. Мұны судьялар осы уақытқа дейін бірнеше рет мәселе етіп көтерді де. Соған орай Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асанов та: «Неге судья мәселенің мәнісіне жетпейді? Неге істі жан-жақты қарамайды? Халықтың көбісі осылай айтады. Бірақ қазіргі Азаматтық процессуалдық кодекс судьяға қолбайлау болып отыр. Осыны ашық айту қажет. Кодекс бойынша судьяның өз бетімен істің мән-жайын анықтауға құқысы жоқ. Ол тек тараптардың ұсынған материалы аясында ғана жұмыс істеуі керек. Осы шектеуден шығуға рұқсат жоқ. Бір нәрсе жетіспей жатса, судья оны талап ете алмайды», - деген болатын Нұр-Сұлтанда өткен халықаралық семинарда. Міне сол кезден бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің шешімін табар уақыты жақындады. Жоғарғы Соттың бастамасымен дайындалған «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, депутаттар аталған заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Дәл осы құжатта судьялардың азаматтық істегі құзыретін кеңейту мәселесі заңдық тұрғыда оң шешімін тапқан. Соған орай енді судьяның өз бастамасы бойынша істің мән-жайын тараптармен талқылауға мүмкіндігі бар. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, қазіргі қолданыстағы Кодекс тәртібіне сай судья істің мән-жайын анықтауда өз бастамасымен дәлел жинаудан толық босатылған. Ал жаңа құжатқа сәйкес судьяның өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын анықтауға, талқылауға құқығы бар. Сонымен қатар қазының іс бойынша дәлелдемелер сұратып, жинатуға, оларды бірге зерделеуге, дәлелдердің негізділігін, дұрыстығын тексеру бойынша шаралар қабылдауға құзыреті бар. Мұндай өзгеріс судьяны іске, тараптарға жақындата түсетінін мойындауымыз керек.

         Жалпы алғанда Азаматтық процестік кодексіне қатысты өзгерістер мен толықтыруларды енгізудегі басты мақсат – істің толық және уақытылы қаралуын қамтамасыз ету. Бұған қоса заманауи форматтарды ендіру жолымен цифрландыру үрдісін ары қарай жандандыру да межеленіп отыр. Жаңа өзгерістер артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқартуға, процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға да ықпалы тиер деген үміт бар.

          Жаңа құжат медиацияның да қолданылу аясын кеңейтіп отыр. Қазіргі қолданыстағы кодекс татуласу келісімінің бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін  кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалатынын бекіткен еді. Ал қазіргі түзетулер судьяның медиациядағы қадамын одан әрі нақтылай түскен. Сөйтіп 177-баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацы жаңа редакцияда «сот тараптардың татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхатын сот отырысында қарауы мүмкін. Іске қатысатын адамдарға сот отырысының  уақыты мен орны туралы хабарланады», - деген сөздермен толықтырылған. Сондай-ақ бұл құжатта істі қараған судьяның медиациялық келісімді де бекітетіні дәйектелген.

Осыдан көріп отырғанымыздай аталған заң жобасы үш бағытты қамтиды. Біріншіден, соттар жұмысы заманауи форматқа бейімдеу. Екіншіден, азаматтық процестегі тиімділікті арттыру, үшіншіден, сот ісін жүргізудегі цифрландыру жалғастыру. Сотпен қоян-қолтық жұмыс істейтін прокурор, адвокат, заңгерлер заманауи технологияның арқасында сот қызметінің жаңаша сипат алғанын өз көзімен көріп отыр. Ал заңды жаңғырту бұл бағыттағы жұмыстарды бұрынғыдан да нәтижелі, тиімді ете түсері даусыз.

 

Айнұр Кенжебекова

Орал қаласының №2 сотының судьясы

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив