Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру проблемалары

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру проблемалары

Конституцияның 15-бабының 2-тармағында адамның өз бетінше өмірін қиюға тыйым салынады. Бұл конституциялық норманың қолданылуы баршаға қаратылған. Біреудің біле тұра немесе білместікпен өмірін қию оның мазмұнындағы заңға сыйымды іс-әрекетті заңға терісінен бөліп алуға мүмкіндік беретін негізгі белгі болып табылады. Өзге біреудің өмірін қиған адамның іс-әрекетін қылмыстық немесе заң шеңберінде жасалған деп саралау осы деректің шынайылығын анықтауға байланысты болады.

Заңмен көзделген ерекше жағдайларда адамның өмірін қиюға жол беріледі, тиісінше, ол қылмыстық әрекет ретінде қаралмайды. Ондай жағдайларға соғыс уақытында Отанды қорғауды, құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қажетті қорғанысты, заңды түрде ұстауды жүзеге асыруды немесе заңды негізде қамауда отырған адамның қашып кетуін болдырмауды, егер оларды іске асыру шарттары сақталған болса, терроризмге қарсы операция өткізу кезін және басқа да кездерді жатқызуға болады.

Негізгі Заңның аталған тармағында адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтініш ету құқығы беріле отырып, ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленетін өлім жазасы түріндегі қылмыстық жазаны қолданудың негізгі бастаулары беріледі.

Бұл конституциялық ережелер: а) өлім жазасы түріндегі жазаның ерекше сипатын; б) өлім жазасы көзделуі мүмкін қылмыстардың санаттарын; в) өлім жазасына кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету құқығын баянды етеді.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 4-тармағын, 71-бабының 5-тармағын, 79-бабының 2-тармағын, 83-бабының 3-тармағын және 15-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» 2003 жылғы 30 қаңтардағы № 10 қаулыда Конституциялық Кеңес «ең ауыр жаза жөніндегі норманы шектемелі деп санаған жөн, өйткені ол ауырлығы басқа дәрежедегі қылмысқа емес, тек ерекше ауыр қылмысқа ғана қолданылады. Өлім жазасы тағайындалуы мүмкін ерекше ауыр қылмыстың нақты құрамын қылмыстық заңнама айқындайды. Бұл ретте ерекше ауыр қылмыс үшін заңда өлім жазасынан басқа да жаза белгіленуі мүмкін», - деп түсіндірді.

Бұл түсіндірме Негізгі Заңның 15-бабы 2-тармағының ескі редакциясына қатысты берілуіне қарамастан, Конституциялық Кеңес білдірген құқықтық көзқарас, жаңа жағдайларда да өзекті болып табылады.

Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген сәттен бастап өлім жазасын бірте-бірте жою бағытын үнемі ұстанып келе жатқанын атап өткен жөн, бұл бағыт өткен ғасырдың 90-жылдарының бірінші жартысынан бастап дәйектілікпен іске асырылып келеді.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы бірінші Конституциясының 8-бабында «өмір сүру құқығы - әрбір адамның табиғи және ешкім айыра алмайтын құқығы. Ешкімнің өз бетінше өмірін қиюға болмайды. Өлім жазасы ерекше жағдайларда ғана соттың үкімімен тағайындалуы мүмкін. Өлім жазасына кесілген әрбір адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақысы бар, деп баянды етілген болатын.

Одан кейінгі жылдары мемлекеттің бүкіл құқықтық саясаты Конституцияның және Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 12 ақпандағы № 1569 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы Құқықтық саясаттың мемлекеттік бағдарламасының ережелеріне негізделді. Бұл құжаттарда қылмыстық саясат жазалау жүйесін өзгертуге бағытталды, атап айтқанда, «өлім жазасы көзделген қылмыстардың санын шектеу» айқындалды.

Осыған орай, заңнамалық шаралар қабылдау нәтижесінде, бірқатар қылмыс жасағаны, соның ішінде «Қарақшылық» (63-бап), «Жазаны ауырлататын жағдайда зорлау» (101-баптың 4-бөлігі), «Жазаны ерекше ауырлататын жағдайда пара алу» (146-баптың 3-бөлігі) үшін тағайындалатын ең ауыр жаза жойылды.

Қазақ КСР-інің 1959 жылғы Қылмыстық кодексінің қолданылу мерзімі аяқталар кезге қарай санкцияларында ең ауыр жаза көзделген 24 бап болатын. Осы кодекстің «Ең ауыр жаза - өлім жазасы» деп аталатын 22-бабында «Мемлекеттік қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» КСРО Заңымен көзделген жағдайлардағы мемлекеттік қылмыс үшін, КСР Одағының және Қазақ КСР-інің қылмыстық заңдарының баптарында көрсетілген, қасақана кісі өлтіргені үшін, ал жекелеген, КСР Одағының заңдарымен арнайы көзделген жағдайларда, - сондай-ақ басқа да кейбір аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін жауаптылық белгілейтін, жазаны ауырлататын жағдайларда қасақана кісі өлтіргені үшін ең ауыр жаза түрінде, келешекте толық жойылғанға дейін, өлім жазасы – ату жазасын – қолдануға жол беріледі», - деп белгіленген болатын. Өлім жазасы қолданылмайтын азаматтар санаттары тек қылмыс жасағанға дейін жасы он сегізге толмаған адамдармен, сондай-ақ қылмыс жасау уақытында, үкімді шығару немесе орындау сәтінде жүкті болған әйелдермен ғана шектелетін.

ҚР Республикасының қолданыстағы Конституциясының 15-бабы 2-тармағының бастапқы редакциясы ең ауыр жазаның қолданылу аясын тек аса ауыр қылмыстармен шектейтін.

1997 жылы ҚР алғашқы Қылмыстық кодексі қабылданар кезде жазаның осы түрін белгілейтін ҚК баптарының саны 17-ге дейін қысқартылып, олардың қатарына адамның өміріне қол сұғатын аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ соғыс уақытында немесе әскери әрекеттер жағдайында жасалған қылмыстар үшін, мемлекетке опасыздық жасағаны үшін, адамзат бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы жасалған қылмыстар және аса ауыр әскери қылмыстар енді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі  № 949 Жарлығымен мақұлданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық саясат тұжырымдамасында өлім жазасын қолдану аясын бірте-бірте тарылту бағыты сақталып қалды. Сонымен бірге өлім жазасын қолдануға мораторий жариялау мүмкіншілігі туралы мәселе де белгіленді. Соңыра, Мемлекет басшысының 2003 жылғы 17 желтоқсандағы № 1251 Жарлығымен Қазақстан Республикасында өлім жазасын толық жою туралы мәселе шешілгенге дейін оны орындауға ұзақ мерзімді мораторий жарияланды.

Елімізде 2007 жылғы мамырда жүргізілген конституциялық реформа ең ауыр жазаның қолданылу аясын тарылтуға бет түзеген бағытымызды жүзеге асыру процесінің жалғасы болып табылады. Егер осыған дейін, әлгіде айтылғандай, Конституция аса ауыр қылмыстардың бәріне, ал Қылмыстық кодексте олар 50-ден астам болатын, заңда өлім жазасын белгілеуге мүмкіндік беретін болса, енді өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтініш ету құқығы беріле отырып белгіленеді.

Бүгінде, халықаралық терроризм актілерінің жаппай таралуы жағдайында, халықаралық қауымдастық бұл аса қауіпті құбылыспен күресудің пәрменді тәсілдерін әлі ойлап таппағаны мәлім болды. Халықтың көпшілік бөлігі де тиісінше өлім жазасын сақтап қалуды терроризмге қарсы тұру құралы ретінде қарастырады. Нақ сондықтан, ХХІ-ғасырдың қауіп-қатерлеріне барабар шара ретінде Қазақстан адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстарды соғыс уақытында жасалған ерекше ауыр қылмыстарға іс жүзінде теңестірді.

Қолданыстағы заңнаманы Конституцияның 15-бабының жаңартылған нормаларына сәйкестендіру мақсатында Парламент 2009 жылы 10 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 175-IV  ҚР Заңын қабылдады. Жазаның бұл түрі 1997 жылғы ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше баптарының санкцияларынан (96-баптың 2-бөлігі «Адам өлтіру», 160-баптың 1-бөлігі «Геноцид», 165-баптың 1-бөлігі «Мемлекеттік опасыздық» және кейбір әскери қылмыстар) алынып тасталды және өмір бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.

Осының нәтижесінде Қазақстанда өлім жазасының қолданылу аясы едәуір тарылды. Осы бағыт 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде де сақталды. Ең ауыр жазаны орындауға Мемлекет басшысы жарияланған мораторий жалғасып жатқанын ескерсек, бұл жаза іс жүзінде қолданылмайды деп айтуға болады.

 

Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық соты Баяндина Б.С.

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 2

1 пікір

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив